Медицина • 27 Мамыр, 2022

Балалардың сауықтыру іс-шараларына 26,1 млрд теңгеге шарт жасалды

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылы мектеп медицинасы қаржыландырудың жеке бағытына шығарылды. Ол кезде оған 18,5 млрд теңге, ал 2021 жылы 22,2 млрд теңге бөлінді. Биылғы жылы мектеп оқушылары үшін кәсіптік қарау мен сауықтыру іс-шараларына 26,1 млрд теңгеге шарт жасалды, деп хабарлайды Egemen.kz Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпаратына сілтеме жасап. 
 

Балалардың сауықтыру іс-шараларына 26,1 млрд теңгеге шарт жасалды

Балалардың денсаулығы – ел дамуының маңызды басымдықтарының бірі. Балалар жеңілдікті санатқа кіреді және мемлекет есебінен МӘМС-те сақтандырылған. Тегін медициналық қызметтерді балалар медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан медициналық ұйымдардан ала алады.

«Осы жылы қор білім беру ұйымдарында медициналық қызмет көрсетуге 436 емханамен 26,1 млрд теңгеге жуық сомаға шарт жасады. Салыстыру үшін: 2020 жылы мектеп медицинасының қызметін 417 медициналық ұйым, 2021 жылы – 430 медициналық ұйым көрсетті, шарттардың құны 22,2 млрд теңгені құрады. Алдын ала қорытынды бойынша, 2022 жылдың 1 тоқсанында мектеп медицинасы қызметі шамамен 6,4 млрд теңгеге көрсетілді», делінген қор таратқан мәліметте. Қорда атап өткендей, мектеп медицинасының мәні – білім беру ұйымдарындағы балаларды қажетті медициналық қызметтермен қамтамасыз ету. Бұл жұмыс мектеп немесе балабақша орналасқан аумаққа қарасты емхана жауапкершілігінде болады. Ол үшін мектепте медицина қызметкерінің жабдықталған кабинеттері бар арнайы қызмет құрылады.

Профилактикалық тексеру немесе вакцинация жүргізу үшін мектепке (немесе балабақшаға) тиісті профильдегі дәрігерлер келеді. Мұндай іс-шаралар алдын-ала жоспарланады, және ата-аналар олар туралы хабардар етіледі.

Мектеп медицинасының тарифіне вакцинация, жыл сайынғы профилактикалық тексеру, тіс дәрігерінің тікелей оқу орнында өткізілетін тексеруі кіреді. Сондай-ақ оқу орнындағы дәрігерлер балалардың салауатты өмір салтын ұстануы бойынша іс-шаралар өткізеді. Егер кәсіби тексеруде патология анықталған болса, онда бала тіркелген жері бойынша емханаға тереңдетілген медициналық тексеруге жіберіледі.

Балалардың вакцинациялауы ата-аналарының келісімімен Ұлттық егу күнтізбесі бойынша жүргізіледі. Шұғыл жағдайларда медициналық пунктте жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін балаларға алғашқы көмек көрсетіледі.

Осылайша, мектеп медицинасы мектеп оқушыларының денсаулық жағдайын үздіксіз бақылауды қамтамасыз етуге және қажет болған жағдайда уақытылы алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.