Аймақтар • 28 Мамыр, 2022

Таразда заманауи оқушылар сарайы ашылды

1255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы жариялаған Балалар жылына арналған іс-шаралар жоспары аясында және 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Таразда «Бақытты болашақ» оқушылар сарайының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Таразда заманауи оқушылар сарайы ашылды

Шараға еліміздің барлық өңірінен және Ресей Федерациясынан келген педагогтер қатысты.

Жиналғандар алдымен, робототехника, 3D-модельдеу, авиамодельдеу, кеме модельдеу, қазақ және қазіргі заманғы сәндік-қолданбалы өнер, ландшафтық дизайн кабинеттері мен сәулет және дизайн мектебін, коворкинг-орталықты, обсерваторияны және планетарийді аралап көрді. Барлығы 81 үйірме жұмыс істейтін болады.

Фойеде оқушылардың ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылды.

Оқушылар сарайының ашылуына орай мектептен тыс ұйымдардың бейіні бойынша педагогтер мен мамандарға арналған «Қосымша білім берудегі инновациялар: идеядан бастап іске асыруға дейін» тақырыбында республикалық құрылымдық диалогы өтті.

ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, балаларға қосымша білім берудің республикалық оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер балалардың толыққанды дамуы үшін қолайлы жағдай жасаудың қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

«Жаңа оқушылар сарайы балалар үшін де, педагогтер үшін де инновациялық алаңға айналатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта елімізде барлығы 1523 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Оқушылардың кәсіби даярлыққа дейінгі тыңғылықты дайындығын ұйымдастыру үшін күш-жігерімізді біріктіру – аса маңызды. Жастар болашақ мамандығын сенімді түрде таңдап, креативті, белсенді азаматтық ұстаным иесі болуы тиіс. Білімді жастар – елдің зияткерлік әлеуеті екенін ұмытпауымыз керек», деді ол.

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов өз сөзінде облыста көркемөнер, музыкалық, ғылыми-техникалық, әскери-патриоттық бағыттағы қосымша білім беретін 75-тен астам мектептен тыс ұйым ашылғанын атап өтті. Мұндай нысандар жыл санап артып келе жатыр.

«Мемлекет басшысы 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Өскелең ұрпақтың балалық шағының қамсыз, бақытты өтуін қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Бүгінгі таңда Жамбыл облысының балабақшаларында 57 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. 244 мың бала мектептерде, 23 мың студент колледждерде білім алуда», - деді аймақ басшысы.