Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Ол бүгін оңтүстікте «Ұлт рухы – ұрпақ мұраты» атты Қазақстанның І мәдениет форумы өткенін атап өткен. Еліміздің барлық өңірінен келген сала өкілдерінің, зиялы қауымның басын қосқан іс-шара мәдениет пен өнер төңірегіндегі көптеген түйткілді мәселені ортаға салды.
«Өзекті тақырыптарды батыл көтеріп, болашақ рухани бағыт-бағдарымызды ашық талқылаған спикерлерге ерекше алғыс айтамын. Форум аясында Президентіміздің Жарлығымен бекітілген 50-ге жуық әріптесімізге «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын салтанатты түрде табыстадық. Аталған марапат салаға бар саналы ғұмырларын арнаған нағыз мәдениет майталмандарына берілді», деп жазды ведомство басшысы Дәурен Әскербекұлы.
Форум ары қарай министрліктің Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған ашық аспан астындағы тұңғыш кітап жәрмеңкесімен жалғасты.