Теннис • 29 Мамыр, 2022

Қазақстандықтар үшін «Ролан Гаррос» аяқталды

142 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Франция астанасы – Парижде өтіп жатқан тен­нистен «Үлкен дулыға» санатына жататын «Ролан Гар­рос» турнирі қазақстандық теннисшілер үшін өз мәре­сіне жетті. Франция ашық біріншілігінің негізгі кезе­­ңін­де өнер көрсетуге мүм­кін­дік алған Қазақстан­ның ­бес өкілі жарыстың ал­ғаш­қы аптасында-ақ жекелей сында да, жұптық бәсе­кеде де жеңіліп, Париж корт­тарындағы жорықтарын аяқтады.

Қазақстандықтар үшін «Ролан Гаррос» аяқталды

Жерлестерімізден соң­ғы болып кортқа Елена Рыба­кина (жекелей) мен Алек­сандр Бублик (жұптық) шық­ты. Былтырғы «Ролан Гар­ростың» ширек финалына дейін жеткен Қазақстанның әйелдер арасындағы бірінші, әлемнің 16-ракеткасы Елена Рыбакина биыл үшінші айналымнан әріге аса алмады. Әлемдік рейтингтегі орны­на сай Франция ашық чемпио­натының 16-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы бәсе­кеде дүниежүзілік рейтинг­те 78-орында тұрған нидер­ландтық Аранча Руспен кездесіп, үш сетте – 6:1, 7:5, 6:2 есебімен басым түскен-ді. Осыған дейін екі теннисші өзара бір рет ойнап, онда тәжірибелі Рус жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы Елена Рыбакина есе қайтара білді.

Екінші айналымда жер­лесіміз рейтингте 135-орында тұрған 20 жастағы америкалық Кэти Волынецпен шеберлік байқасты. Бұл олардың өз­ара бірінші кездесуі еді. Бірін­ші партия соңына таман Е.Ры­бакина брейк жасап, таразы басын өзіне аударды – 6:4. Екінші сетте қарқынын тіпті үдетіп, қарсыласына бірде-бір гейм берген жоқ – 6:0. Бір сағаттан астам уақытқа со­зылған бәсеке барысында қа­зақстандық спортшы еш қиын­дықсыз үшінші айналымға жолдама алды.

Алайда үшінші айналымда рейтингте өзінен кейін (22-орын) орналасқан америка­лық Мэдисон Кизге шамасы жетпеді. Е.Рыбакина бірінші партияда брейк жасап, 6:3 есебімен жеңіске жеткені­мен, екінші сетте қарсыласы басымдықты өз қолына алып, 6:1 нәтижесімен есе қайтарды. Үшінші, шешуші партияда есеп 4:3 болған мезетте қа­зақстандық спортшының брейк жасайтындай мүмкіндігі болды. Бірақ тай-брейкте жеңіс америкалықтың еншісінде кетті – 7:6 (10:3).

Ал жекелей сынға қара­ғанда, жұптық бәсекеде тәуір өнер көрсеткен Александр Бублик те ширек финалға шыға алмады. Аустралиялық Тана­си Коккинакиспен бірге жұп құ­раған Бублик алғашқы айналымда америкалық Натаниэль Ламмонс пен польшалық Камиль Майхшакпен кездесті. Қазақстандық-аустралиялық жұп бірінші партияда 7:5 есебімен басымдық танытса, екінші сетте тай-брейкте жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:5). Екінші айналымда ма­жарстандық Мартон Фучо­вич пен америкалық Фрэн­сис Тиафо жұбымен ойнап, қарсыластарынан екі сетте – 6:4, 6:3 есебімен еш қиын­дықсыз басым түсіп, үшінші айналымға шықты.

Өкінішке қарай, Александр Бублик пен Танаси Коккинаки French Open турнирінің ширек финалына жолдама беру­ші матчта ұтылып қалды. Қа­зақстандық-аустралиялық жұп бұл кезеңде Иван Додиг (Хорватия) пен Остин Край­чекке (АҚШ) екі сетте – 3:6, 2:6 есебімен жол берді. 

Ерлер арасындағы Қазақ­станның бірінші ракеткасы А.Бублик жекелей сынның алғашқы айналымында дүние­жүзілік рейтингте 68-орында тұрған франциялық Артур Риндеркнехпен шеберлік бай­қасып, 6:2, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Бұған дейін қарсыластар өзара екі рет кездесіп, екеуінде де фран­циялық спортшының мерейі үстем болған еді. Бублик осы­лайша жеке кездесудің есебін қысқартты. Дегенмен қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 31-ракеткасы сербиялық Миомир Кечмановичтен айласын асыра алмады. Аса тартысты өткен кездесуде сербиялық теннисші бірінші сетте Бубликке есе жібергенімен (6:4), қалған үш сетте басым болды – 5:7, 2:6, 1:6.

Сондай-ақ жекелей бәсе­кеде өнер көрсеткен үшінші теннисшіміз Юлия Путинцева да екінші айналымнан кері қайтты. Әлемнің 37-ракет­касы бірінші айналымда дүние­жүзілік рейтингте 112-орында тұрған, негізгі жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған румыниялық Ирина Барамен кездесіп, қарсыласын екі сетте – 6:3, 6:1 есебімен тізе бүктіргенімен, екінші айна­лымда әлемнің 30-ракеткасы италиялық Камила Джорджиден жеңілді – 3:6, 5:7.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Дани­лина да қазақстандық жанкүйер­лердің сенімін ақтай алмады. Бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен жұп құраған ол алғашқы айналымда жапо­ниялық Эри Ходзуми мен Макото Ниномияны 4:6, 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктіргенімен, Данилина мен Майя екінші айналымда тайбэйлік Латиша Чань мен аустралиялық Саманта Стосурдың сынынан өте алмады – 3:3, 2:6.

Сонымен қатар Қазақ­станның жұптық сындағы бірінші (ерлер), әлемнің 21-ракеткасы Андрей Голу­бев екінші айналымнан аса алмады. Ол франциялық Фаб­рис Мартенмен бірге дода­ның 16-ракеткалары үндістан­дық Рохан Бопанна – нидер­ландтық Матве Мидделкопқа жол берді – 3:6, 4:6.