Алматыда AlmaU университетінде «Bolashaq Business Forum VI:Startup Nation» форумы өтіп, бизнес өкілдері – Forbes тізіміндегі табысты бизнесмендер, «Болашақ» бағдарламасының түлектері Қазақстан жағдайында стартаптарды дамыту мәселесін қозғады.
Bolashaq қауымдастығының кеңес төрағасы Алмас Құдайберген өңірлерде жүзеге асып жатқан жобалар туралы айтып өтті. А.Құдайбергеннің айуынша, бүгінде 4 мыңнан астам болашақтықтардың 10 пайызы бизнес саласында табысты еңбек етуде. Қалыптасқан үрдісті жалғастыру мақсатында қауымдастық мектеп оқушылары үшін мамандық таңдауға кеңес беріп, республиканың 7 мыңнан астам мектебінде, колледждер мен жоғары оқу орындарында Bolashaq қауымдастығының клубтарын жүргізіп, Qoldau mentoring, Startap Bolashaq бизнес идеялар байқауын тұрақты өткізіп келеді. Бұл жобалар әсіресе, аймақтағы оқу орындары үшін қажетті алаң болып саналады. Сонымен бірге түлектерге мамандық таңдауға көмектесуде әр мамандықтың ерекшелігі, оқу орнын таңдау басымдықтарын түсіндіру де маңызды.
«Біз неге Израиль сияқты болмаймыз?» панельдік сессияның модераторы Zertteu Group негізін қалаған Арман Идирисов ел экономикасын дамытудағы бірқатар тетіктерге тоқталды. Шағын бизнестегі менеджмент тәжірибесімен бөлісе отырып, жаңа ғылыми жобалар, кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру мен тұрақты даму стратегиясына қатысты пікірімен бөлісті. Сонымен бірге мемлекет, ғылым мен білім саласындағы коммуникация, даму институттары, инкубаторлар, салық жүйесі, қоғамдағы өзара байланыс, сенім білдіру факторларының маңызын атап өтті.
Centras Group акционері Елдар Әбідразақов жаңа мүмкіндіктерді жасау үшін біріншіден, макрофактордан бұрын микрофакторларды анықтау қажет екенін атап өтті. Қоғамда тұтынушы сұранысы бірінші орында. Ал олардың сұранысы күн сайын өзгеріп отырады. Сондықтан ел ішіндегі шағын компаниялар тұтынушы сұранысын қамтамасыз етуге жұмыс істеуі қажет. «Тұтынушы – тапсырыс беруші. Біріншіден, ішкі нарықтағы тұтынушыны қанағаттандырмай, сыртқы нарықтың талаптарына жауап беру мүмкін емес. Яғни отандық компаниялар өміршеңдігін дәлелдеуі тиіс. «Біз трансформацияны қажет ететін елміз. Бұл ретте орта немесе шағын бизнес, тіпті ірі бизнес те жетекші рөл атқарады. Бұл үдерісте шешуші рөлді қандай басымдықтарды белгілеу қажеттігі мемлекет еншісінде. Мемлекет өзінің стратегиялық басымдықтарын нақты анықтауы қажет. Яғни мемлекеттің және жеке кәсіпкерлердің ресурстарын анықтау. Бұл ара қатынасты табу – кез келген мемлекеттің маңызды міндеті. Бүгінде мемлекет бәрін бірден жүзеге асырғысы келеді. Құзыреттілік, ресурстар, таланттар мүддесіне, жеке бизнестің жылдам дамып, барынша тиімділікке қол жеткізуіне басты назар аудару керек. Осы орайда тек үстірт себеп-салдармен күресіп келеміз», дейді спикер. Бұл ретте стартап бастамалар үшін тәуекел керек», деп атап өткен спикер ішкі нарықта өзгеріс болса, стартапшылар да өзгеріске дайын болуы керегін, болашаққа рационалды қарап, таяу жылдардағы табыс мүмкіндіктерін саралауы маңызды екенін жеткізді.
Форум барысында «Болашақ» бағдарламасы бойынша Kings College London, University of London, IE Business School түлегі Ұлттық экономика министрлігінің вице-министрі Абзал Әбдікәрімов коммерциялық ұйымдардан басталған еңбек жолы туралы айтып өтіп, мамандық таңдау үшін бизнес өкілдерімен кездесуге қолайлы жағдай жасап отырған университет басшылығына ризашылығын білдірді. Осы орайда мемлекет тарапынан шағын бизнесті қолдауға байланысты мүмкіндіктерді тілге тиек етті. Бүгінде еліміздегі бизнестің 90 пайыздан астамын шағын бизнес құрайды. Орта бизнесті дамыту жағдайына қатысты мәселелерді қозғап, экономиканы, қоғамды дамытуда мемлекетке қарап отырмай, жекелеген азаматтық бастамаларды жетілдірудің маңызды екенін атап өтті.
Халықаралық құрылыс, логистика саласындағы табысты бизнесімен бөліскен Kusto Group компаниясының бірлескен иесі Қанат Көпбаев қазіргі кездегі әлемдегі ахуалды ескергенде, Қазақстанның логистикалық мүмкіндіктері зор екенін айтады. Халықаралық бизнесте 20 жылдан астам тәжірибесі бар Қ.Көпбаев Израиль елінде стартаптарға мемлекеттен тиісті дәрежеде көңіл бөлініп отырғанын жеткізді. Спикердің айтуынша, Израиль әлемге қақтығыстардың ортасында дамып отырған ел ретінде белгілі. Бұл елде алғашқы стартаптар қорғаныс саласы, әскери жобалардан басталған. Кейіннен азаматтық сектордағы инновацияларға көңіл бөлініп, үлкен серпіліске жол ашылды. Осы орайда Хайфа қаласы мэриясының стартап жобаларға қолдау барысына тоқталып, тегін алаңдар, технологиялық мүмкіндіктердің бар екенін айтып өтті. Мэрия жобалардың 10 пайыз акциясына ие. Израиль елінде күнкөріс айналасында ұйымдасқан осындай жобалар тиімділігін көрсетуде. Халқының өте ерекше екенін атап өткен ол Жаңа Қазақстанды құрғысы келетін біздің халықтың да мүмкіндігі зор екенін жеткізді. Даму жағынан біршама артта қалған Қазақстан көптеген жыл бойы экономистер мен заңгерлерді дайындауға мән беріп келді. Ендігі кезекте мемлекеттік құрылымдар мен бизнес арасындағы синергияға мән беру қажет. Кәсіби мамандар мәселесі шешілуі тиіс. Ал стартаптарды несие және ауқымды капитал салып дамыту мүмкін емес. Бұл – тәуекелді сала. Қ.Көпбаевтың айтуынша, елімізде қай салада болсын жақсы істерге үндеген ұрандар жеткілікті. Бірақ сол ұрандарды тәжірибеге асыру жағы жеткіліксіз.
Еуразиялық бизнес және кәсіпкерлік мектебінің директоры, ЕҚДБ кәсіпкер әйелдерге арналған менторинг бағдарламасының жетекшісі Эльнура Қасымова әйелдер кәсіпкерлігі негізінде жүзеге асқан жобаларға тоқталып, инновация мәдениетін дамытуда Грузия тәжірибесінің ерекшеліктерін негізге алды. Бұл елдегі кітапханалар жүйесі, технопарктер инфрақұрылымы, маркетингтік акциялар үшін кафелерде тегін алаңдар ұсыну әдістері стартап жобаларға тиімді. Ал Кремний алқабындағы жемісті жобалар адами құндылықтарға көңіл бөлудің нәтижесі.
Форум барысында спикерлер іскерлік, адамгершілік, турашылдық, еңбекқорлық, тағы да өзге құндылықтардың қоғам үшін аса қажет екенін назарға алды. AlmaU ректоры Гүлнара Күреңкеева адамзат үшін құнды болып табылатын бұл қағидаларды күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегі ретінде студенттерінің бойына сіңіру, стартап жобаларды әзірлеп, олардың өндіріске енуіне мүмкіндік жасау университеттің басым бағыты екенін атап өтті. Осы орайда Еркін Тәтішев гранты аясында стартап жобалардың жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Alawwal Partners басқарушы серіктесі Қаныш Тілеушин қоғамның инклюзивтілігіне назар аудару керектігін алға тартты. Осы орайда бизнес коммуникацияға назар аудару қажет екенін атап өткен спикер Қазақстанның қазіргі жағдайында табысқа жетіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген бизнес өкілдерінің елде қалуына қолайлы жағдайларды қарастыру қажет деген ұсынысымен бөлісті. Жасына қарамай, жаңа бизнес өкілдерінің дамуына ықпал ету керек. Болашағы бар стартаптарға қаржы салуға дайын екенін айтқан спикер «Іс жүзінде идеялар көп, бірақ оны қолдану маңызды. Ол әлеуетті тұтынушыны тартып тұруы тиіс. Өнім жақсы пысықталса, активтер неғұрлым көп болса, жақсы серіктес табу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Командада жұмыс істеуді үйрену – барлық жерде құпталатын негізгі дағды», деді спикер.
Бизнес өкілдері форумда Қазақстанға тән экожүйені қалыптастырудың негізі бар деген тоқтамға келді. Оның маркетингтік, технологиялық, ресурстық кемшіліктерін алға тартып, жергілікті нарықтық өлшеммен қарағанда бизнесті жеңілдету, қаржы, медицина, көлік және логистика саласында стартаптардың мүмкіндігінің зор екеніне тоқталды. Елімізде талантты, талапты жастар өте көп. Көптеген ІТ саласының өкілдері жұмыс таба алмай, шетелге кетіп жатқаны белгілі. Жоғары технологиялар саласында көшбасшы болуға мүмкіндігі бар Қазақстанда осы жағдайларды ескере отырып, стартап экожүйесін қалыптастыру уақыт күттірмейді.
АЛМАТЫ