Әлем • 29 Мамыр, 2022

Жапония туристерді қабылдай бастайды

705 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жапония екі жылға созылған пандемиядан кейін шетелдік туристерді қайта қабылдамақ. Келесі айда үкімет 98 мемлекет пен аймақтан келген туристерге елге кіруге рұқсат береді. Саяхаттаушыларға қандай талаптар қойылады?

Жапония туристерді қабылдай бастайды

Күншығыс елінің билігі 10 маусым­нан бастап Ұлыбритания, АҚШ, Фран­ция, Испания, Канада жә­не Малайзия елдерімен қоса алғанда 98 ел мен ай­мақ­тан туристерді қабыл­дайтынын мәлім­деді. Бірақ саяхаттаушылар туристік топтардың құрамында болуы керек, себе­бі туристік мақсатта жалғыз келген адамға елге кіруге рұқсат етілмейді. Со­ны­мен қатар Жапония Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ұлы­британия секілді елдерден келген туристер үш тәуекел санатына бөлінеді: қызыл, сары және көк. Бұл санаттар келушілердің карантиндік шараларды қай деңгейде сақтайтындарын анықтайды. Жапонияға барар алдында барлық келушілер COVID-19-ға қарсы теріс сынақтан өтуі керек және олар­дың көпшілігі келгеннен кейін ПТР тестті қайта тапсырулары қажет. Деген­мен кейбір елдерден келген толық вак­ци­наланған адамдар қосымша сынақтан, сондай-ақ басқалар үшін талап етілетін үш күндік карантиннен босатылуы мүмкін. «Туристік операторларға келушілердің әмбебап маска киюі және КОВИД тәуекелдерін салыстырмалы түрде төмендетуге арналған өзге де шараларды сақтауын қамтамасыз ету жауапкершілігі жүктеледі», деп хабарлады ел билігі.

Жапония сондай-ақ халықаралық рейстерді қабылдайтын әуежайлардың санын жетіге дейін арттырады, олардың қатарында Окинава префектурасының оңтүстігіндегі Наха мен Хоккайдоның солтүстігіндегі Саппоро маңында орна­лас­қан Жаңа Титосэ әуежайлары бар.

Жапония – COVID-19 індетіне қарсы әлемде ең қатаң шараларды енгізіп, осы уақытқа дейін жіті ұстанған елдердің бірі. Кейінге шегерілген Токио-2020 Олимпиадасынан бастап шетелдік келушілерге елге кіруге тыйым салды. Кейін елде тұратын шетелдіктер мен іскерлік сапармен келгендер үшін шектеулер сәл жеңілдетілді. Ал жақында ел үкіметі осы жылдың 1 маусымынан бастап шетелден күнделікті келушілердің санын 20 мыңға дейін арттырғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Премьер-министр Фумио Кишида шекарадағы қатаң бақылауды босаңсытып, емін-еркін қатынас орнатқысы келетінін айтты, алайда қазір елде пандемия кезінде енгізілген темірдей тәртіп сақтаулы.

2019 жылы Жапония 31,9 млн ше­телдік туристі қабылдады, бұл өзге жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш болып саналады. Ел үкіметі мұнымен тоқтамай келесі жылы, яғни 2020 жылға 40 млн адамға жоспар құрды. Алайда әлемге лезде тараған індет салдарынан бұл жоспар орындалмай қалды. Есесіне шекарасын бекітіп, осы уақытқа дейін жабық болды. Ал мұндай шектеулер туристік индустрияға қатты әсер етті. Ел экономикасының негізгі бөлігін құрайтын туристер ағыны 2020 жылы 90% қысқарды, туристік қыз­мет мекемелері де біраз шығынға ұшырады.

Үкіметтің 100-ге жуық елден турис­тер қабылдаймыз деген жаңалығын туристік агенттіктер қуана қабылдады. «Жапонияның шекарасы туристер үшін екі жыл жабық болғанына қарамастан, елге келушілер тарапынан үлкен қызығушылықты байқаймыз. Шекара толық ашылғаннан кейін тапсырыстар қыза түсетініне сенімдімін», дейді Intrepid Travel компаниясының басқарушы директоры Зина Бенчейх. Ал Japan Journeys туристік агенттігінің басқарушы директоры Джеймс Гринфилд «Жапон үкіметі өте сақ», дейді. «Олар бірінші туристердің экскурсияға келгенін қалап отыр, әрине, біз мұны орындауға дайынбыз. Тұтынушыларымызды қуанту үшін жұмыс істейміз. Оның үстіне екі жылдан астам уақыт табыссыз отырдық, соның орнын толтыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», дейді ол.

P.S. Ел экономикасына туризм индустриясынан келер табыс айтарлықтай азайса да, осы уақытқа дейін туристерді кіргізбей шекарасын бекем ұстап келген ел Жапония ғана. Өзге елдер пандемия өршіп тұрған кезде де туристерді қабылдауын тоқтатпады. Вакциналауды жауапкершілікпен қабылдап, халықтың барлығын тегін екпемен дер кезінде қамтамасыз еткен елдердің қатарында да Жапония алдыңғы орында тұр. Өзгеден келер кірісті емес, алдымен халқының саулығын ойлаған мемлекеттің бұл шешімі өзгелерге үлгі болатыны сөзсіз.