Референдум • 30 Мамыр, 2022

Әлеуметтік зерттеудің әлеуеті зор

184 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандықтардың 75,9%-ы Конституцияға енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды қолдауға дайын. Бұл туралы Amanat партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты «Әлеумет» жобасы аясында жүргізген Referendum: Halyq üni зерттеуінің қорытындысында белгілі болды.

Әлеуметтік зерттеудің әлеуеті зор

– Бүгінгі әлемде ашық деректер идеологиясы деген бағыт қалыптасқан. Бұл ашық деректер деген не? Мәселен, БҰҰ-ның, Еуроодақтың, не болмаса, ЕҚЫҰ-ның, Дүниежүзілік банктің, өзге де ірі халықаралық ұйымдардың әлеуметтік зерттеу­ле­рі ашық ақпарат ретінде ұсы­нылады. Сонымен қатар АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Малай­зия, Франция, Аустрия сынды жаһанның 23 мемлекетінде ашық деректерді жариялау арқылы азаматтардың көңіл-күйін, саяси ой-тұжырымын көпшілікке білдіріп отырады. Ал «Әлеумет» жобасының негізгі мақсаты жүйе­лі қоғамдық социологияны қа­лып­тастыру болып саналады. Осы арқылы азаматтардың жеке ойын ғана емес, жалпы қо­ғам­ның көңіл-күйін біліп оты­ру­ға жағдай жасалады. Біз ай сайын, тоқсан сайын әлеуметтік зерт­теу­лерімізді жариялап отырамыз. Осы арқылы халыққа ашықтық пен жақындық идеологиясын ұстануға өз үлесімізді қосамыз. Мұндай зерттеулер арқылы партия өз жұмысында қоғамдық пікірді ескере отырып, оның тиімділігін бағалап, скринингтер жүргізеді. Бұл жұмыстың барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді, – деді партия хатшысы Дәулет Кәрібек.

Әлеуметтік зерттеу кезінде деректерді жинау әдісі сауалдама арқылы қолға алынды. Бұл жұмыс биылғы 19-22 мамыр аралығында өтті. Соның нәтижесінде халықтың басым бөлігі (87,3%-ы) алдағы рефе­рендумнан хабардар. Отан­дас­та­рымыз бұл ауқымды науқан туралы әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден (58,9%), телеарналардан (45,1%) естіп-білген екен. Бұған қоса, өзара байланыс, әңгіме арасында ақпарат алмасып жатқандар да бар (40%).

Жалпы отандастарымыздың 67,9%-ы конституциялық реформа ел дамуына оң әсер етеді деп есептейді. Сонымен әлеуметтік деректерге сәйкес, азаматтардың көпшілігі қолданыстағы Конс­ти­туцияны өзгерту бойын­ша референдум өткізуге оң көз­қа­рас танытып отыр. Атап айт­қанда, қазақстандықтар аза­мат­­­тардың құқықтарын қорғау те­тік­терін күшейтуді (80,1%), ха­лықтың елді басқару ісіне ара­ласуын кеңейтуді (76,7%), суперпрезиденттік модельден президенттік республикаға түп­кілікті көшуді (73,5%), билік тармақтары арасындағы өкілет­тік­терді қайта бөлуді (72,3%), Парламенттің рөлін күшейтуді және мәртебесін арттыруды (64,4%) қолдауға әзір. 5 маусымда сайлау учаскелеріне аза­мат­тардың үштен екісі келуді көз­деп отыр.

Айта кету қажет, жүйелі әлеу­меттануды қалыптастыру мақ­са­тында «Әлеумет» жобасы ая­сында тұрақты негізде зерттеулер жүргізіледі. Ал олардың нәтижелері институттың @SocioExpert telegram арнасында жария­ланады.

Ал Қоғамдық саясат инс­титут­ының директоры Мәдина Нұрғалиеваның айтуынша, ха­лықтың өзгерістерге деген сұра­ны­сы тұрақты түрде туындап отыр.

– Соңғы әлеуметтік зерт­теу­лердің нәтижесі қазіргі қо­ғам­дық-саяси үдерістердің оң бағаланатынын көрсетеді. Аза­мат­тардың 87,5%-ы белгілі бір дәрежеде ел өміріндегі өзге­ріс­терді қалайды. Сұрал­ған­дар­дың 55,4%-ы белсенді аза­мат­тық ұстанымға ие. Зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 1 700-ден астам респондент қатысты, – деді М.Нұрғалиева.

Өз кезегінде Amanat пар­тия­сының атынан сайланған депутат Саясат Нұрбек партия­ның үгіт науқаны туралы айтты. Бүгінде депутаттар аймақ тұр­ғын­дарымен мыңға жуық кездесу өткізді. Ал іс-шараларға барлығы 220 мыңнан астам адам қатысқан. Сонымен қатар үгіт науқаны аясында партиялықтар қазақстандықтардың ұсы­ныс­та­рын жинауға бағытталған рес­­пуб­ликалық акцияны бастады. Үгіт науқаны басталғаннан бері 4,5 мыңнан астам талап-тілек келіп түсті. Олардың ара­сын­да әлеуметтік және сая­си сипаттағы ұсыныстар мен өті­ніштер басым. Басқосу барысында Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова референдум өткі­зудің халықаралық тә­жі­ри­бе­сімен бөлісті.