Өскеменде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру – “Нұр Отан” ХДП жұмысының басты бағыты” деген тақырыпта халықаралық конференция болып өтті. Оның жұмысына Парламент Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП жанындағы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов, Сенат, облыстық мәслихат депутаттары, қала, аудан әкімдері мен орынбасарлары, құқық қорғау органдарының басшылары, еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Конференцияны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірде жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқтала кетті. “Бүгінгі күні облыстың атқарушы билігі құқық қорғау органдарымен, “Нұр Отан” ХДП бөлімшелерімен бірге, жемқорлыққа қарсы күрес жолында бірқатар шаралар атқаруда. Негізгі бағыттар – ақпараттық-насихаттық жұмыс, құқықтық сананы қалыптастыру, іс-қызметтің мөлдірлігін қамтамасыз ету және халықпен жұмысты кеңейу, кадрлық саясатты жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаппай қозғалысқа азаматтық қоғам институттарын жұмылдыру өз нәтижесін беруде. Қазір облыста құқықтық білім беретін 752 мектеп жұмыс істеп тұр. Олардың 176-сы барлық деңгейдегі әкімдіктерде, 576-сы мемлекеттік органдарда қызмет етіп, оларда 26 мың адам құқықтық білім алады. Ал құқықтық білімді жетілдіру сыбайлас жемқорлыққа қарсы таптырмайтын күш”, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Кенді Алтайда жемқорлықпен күрес жөніндегі 20 қоғамдық кеңес бар. Олардың құрамында партия мүшелері, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың, саяси партиялардың, БАҚ-тардың басшылары бар. Облыс әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан істер жөнінде мынадай бір орынды пікір айтты. Мәселен, өңір басшысының өзі қасына құқық қорғау органдарының басшыларын ертіп алып аудандарда жұртшылықпен кездесулер өткізген кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары жайлы айтып, пайдалы кеңестер береді екен. Өздерін толғандырған мәселелерге тұрғындар келелі кеңес алып қана қоймай, бұл бағытта атқарылып жатқан шаралармен кеңінен танысатын көрінеді. Мысалы, жақында Жарма ауданының бірнеше елді мекендерінде осындай мазмұнды кездесулер өткен. Енді бұл үдеріс Ұлан ауданында жалғаспақ.
Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Самат Әшімбаев, Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу департаменті бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Жолдасов жемқорлықпен күрестің маңызды екеніне тоқталып, өздері атқарып жатқан істері жайлы кеңінен мағлұмат берді. Б.Әшімбаевтың айтуынша, өткен жылы 1486 сыбайлас жемқорлық оқиғасы орын алса, биылғы жылдың бірінші тоқсанда 468 оқиға тіркелген.
Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктурасы орталығының вице-президенті, белгілі саясаттанушы, “Айтпарк” пікірталас клубының жетекшісі Н.Ерімбетовтің әңгімесін жұртшылық ынта қоя тыңдады. Ол қазақы менталитеттің көп ретте қылмысқа итермелейтінін тілге тиек етіп, адамдардың байқаусызда пара алып қоюы жөнінен қызықты деректер келтірді. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректоры Ғ.Мүтәнов, “Жас Отан” ЖҚ кеңесінің мүшесі А.Горобец, облыс прокуроры Қ.Төлегенов, тағы басқалардың баяндамасын да көпшілік ынта қоя тыңдады.
Оралбай Әбдікәрімовтің баяндамасы мазмұнды болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі үнемі сыбайлас жемқорлыққа қарсы аяусыз күрес жүргізу қажеттігін айтып отырады. Жемқорлық – біздің негізгі жауымыз, оны бәріміз бірігіп күрескенде ғана жеңе аламыз деген сөзді ұмытпау керек. “Нұр Отан” ХДП-ның белсенділері бұл бағытта үлкен істер атқарып жатыр. Осы жолы облыста болғанда тұрғындарды қабылдадық, арыз-мұңдарын жазып алдық, оның орындалуын қадағалаймыз. Сәрсенбі күні Семей қаласында да үлкен жиын өткізу ойда бар. Кенді Алтайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанына көз жеткіздік. Осы оң бағыттан айрылып қалмаңыздар, деді О.Әбдікәрімов. Бұдан кейін өңір басшысы Б.Сапарбаев қорытынды сөз алып, жиынды түйіндеді.
Оңдасын ЕЛУБАЙ, ӨСКЕМЕН.