АҚШ-тың Юджин қаласында ұйымдастырылған әйгілі жарыстың үшінші кезеңінде отандасымыз биіктікке секіру сынында өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көрінді. 24 жастағы жерлесіміз бәсеке барысында 1,93 метр биіктікті бағындырып, «Гауһар лигасының» қола жүлдегері атанды. Үшінші кезеңнің бас жүлдесін Токио Олимпиадасының қола, 2019 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері украиналық Ярослава Магучих (2 метр) жеңіп алса, америкалық Вашти Каннингем екінші орыннан көрінді. Оның нәтижесі – 1,93 метр.
Қазақстандық жеңіл атлет Надежда Дубовицкая былтыр маусым айында Алматыда өткен ел чемпионатында 2 метр биіктікті еңсеріп, Азия рекордын жаңартқан болатын. Бұл – Дубовицкаяның карьерасындағы ең үздік нәтижесі. Ал оған дейінгі Сары құрлықтың үздік көрсеткіші тағы бір отандасымыз Марина Аитоваға (1,99 м, 2009 ж) тиесілі-тұғын.
Айта кетейік, Дубовицкая «Гауһар лигасы» жарысына биыл алғаш рет қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп отыр. Бұған дейін бұл жарысқа Ольга Рыпакова бірнеше рет қатысып, ел қоржынына жүлде салып жүрген еді.