Фестивальға бас шаһардағы этномәдени бірлестіктерінің көркемдік ұжымдарының жас мүшелері, жалпы білім беретін орта мектеп пен ансамбльдердің оқушылары, қысқасы, 6 жастан 16 жасқа дейінгі барлық тілек білдіруші қатысты. Ережеге сәйкес үміткерлер жас санаттарымен іріктелді. Негізі патриоттық әндер байқауы екі турдан тұрды. Содан суырылып шыққан дарынды өрендер финалда өнер көрсетті. Балалар байқауда Отан, туған жер, балалық шақ, достық тақырыбындағы әсем әндерді орындап, көрермен ықыласына бөленді.
Сонымен қазылар алқасының шешімімен 6-10 жас аралығында өнер көрсеткен балалар арасында VokalArt студия мектебінің мүшесі Ақнұр Жұматай топ жарды. Екінші орынды –№66 мектеп-лицейіндегі композитор Алтын Маханбетованың «Балапан саз» авторлық ән класының әншісі Аружан Кемелбай иеленсе, үшінші орын елордадағы «Корей» этномәдени қоғамдық бірлестігінің өрені Ли Регинаға бұйырды. Ал 11-13 жас аралығында өнер көрсеткен жеткіншектер арасынан № 2 балалар музыка мектебінің оқушысы Аружан Құсайынованың бағы жанды. Екінші орынды «Қырғыз» этномәдени бірлестігінің жас мүшесі Адия Ысқақ жеңіп алса, үшінші орынды «Оберег» украин қоғамы бірлестігінің өнерпазы Аделина Мусина иеленді. Сондай-ақ 14-16 жас аралығындағы байқаудың жүлдесін Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің оқушысы Бақнұр Мейрамбекқызы қанжығасына байласа, екінші орын – «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің өкілі Асылжан Кыдырниязовқа бұйырды. Үшінші орынды «Оберег» украин қоғамының өнерпазы Анастасия Овчинникова алды.
Әуезді ән шырқалған фестиваль соңында ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен барлық қатысушыға бағалы сыйлық пен диплом табыс етті.