Кеше Астанада «Мемлекеттік қызмет секторында адами ресурстарды басқарудың автоматтандырылған жүйелері» тақырыбында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Еуроодақтың «Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызмет реформасы және модернизациясы» жобасының қолдауымен семинар өтті.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов семинарды ашарда сөйлеген сөзінде: «Еңбек тиімділігін арттырып, кез келген жұмысты жеңілдетіп, оңтайлы пайдалану – қашаннан бергі адамзат баласының әрі қарайғы дамуындағы заңдылықтарының бірі. Соңғы жылдары ақпараттық технологиялар өмірдің барлық саласында кеңінен пайдаланылуда. Олардың бағыты – адами ресурстарды басқарудың сапасын арттыру. Сол себептен де, елімізде осы тұрғыда біраз қадамдар жасалды. Қазақстан заманауи технологияларды қолданудың нәтижесінде мемлекеттік аппараттың тиімділігіне қол жеткізіп, мемлекет көрсететін қызметтің сапасын арттыруда біраз жұмыс атқарды. Біздің мемлекетіміз БҰҰ-ның Электронды үкіметті дамытудың жаһандық беделбағасы (рейтингі) бойынша 2012 жылы – 38-ші, ал электронды қатысу индексі бойынша 2-ші орынды иеленді», деді.
Осылай деген төраға еліміздің мемлекеттік қызметте заманауи технологияларды пайдалануда әлемдегі озық тәжірибелерді зерделеуде екендігін, бұл ретте Нидерланд үкіметінің ең алдыңғы орында екенін қаперге салды. Сол себептен де, біздің мамандарымыз Нидерландқа барып, P-Direkt мемлекеттік компаниясының жұмысын зерттеді. Міне, бүгін барлық министрліктердің персоналды басқару қызметтерінің өкілдері қатысып отырсыздар, семинарда мемлекеттік органдарда осы «е-қызмет» жүйесі қалай дамуы керек, ол не береді, қандай артықшылықтары бар деген бағытта әңгіме өрбітетін боламыз, деді.
ЕО Жобасының шешуші сарапшысы Ж.Максимилиан Фёдингер өз кезегінде мемлекеттік қызметте адам ресурстарын басқару жүйесін автоматтандырудағы халықаралық тәжірибелерге тоқталып: «Менің бұл бағытта айтқан әңгімелерімнен гөрі, сіздер үшін осы тәжірибені нақты түрде тиімді жүзеге асырып жүрген жанның ортаға шыққаны дұрысырақ болар», деп мінберге келесі көтерілетін шешенді таныстырып өткен. Ол – Нидерланд мемлекеттік секторында кадрлық үдерістерді автоматтандыру бойынша мол тәжірибесі бар нидерландтық P-Direkt мемлекеттік компаниясының президенті Сильвия Броманс екен.
Нидерланд мемлекетіндегі 10 министрліктің кадрлық үдерістерін орталықтандырумен және стандарттаумен айналысатын компания өздері атқарған жұмыстарында мол тәжірибе жинақтапты. Д-р Сильвия Броманстың ортаға салған ойларынан мәлім болғанындай, Нидерланд үкіметі 2003 жылы ресурстарды үнемдеу әрі тиімділігін арттыру мақсатында HR қызметін қайта құруды жоспарлапты. Сөйтіп, 2004 жылы жұмысын бастаған компанияның алғашқы тәжірибесі дәл күткендей болып шықпапты.
«Бірақ біз қандай қателіктер жібергенімізді, келешекте нені есепке алуымызды түсіндік. Мұнан соң 2007 жылы жобаны 2 кезеңде атқару керек деген ұйғарыммен жұмысымызды әрі қарай жалғастырдық. Қолға алған ісіміз нәтижелі болды. Қазіргі күні 10 министрліктің жұмысы орталықтандырылған 1 портал арқылы жүзеге асып, тіпті, еңбекақы төлеудің өзі бір жүйемен атқарылуда. Мөлдір де ашық жүргізілетін осы жұмыс еңбек тиімділігін арттырып, енді мемлекеттік қызметшілер қағазбастылықтан арылып, әкімшілік жұмыстарынан гөрі стратегиялық мақсаттарға мойын бұруға көп уақыттарын жұмсайтын болды. Қазір біз бұл жүйенің ұялы телефондар, смартфондар мен планшеттер арқылы жүргізілетін мобильді нұсқасын да ендірдік. Қысқасы, біз өзімізге тапсырыс беруші мемлекеттік органдардың адымын кеңейттік. Әр тоқсан сайын жүйемізді жетілдіріп отыру да біздің басты мақсаттарымыздың бірі», деді Сильвия Броманс.
Мемлекеттік қызметте адам ресурстарын үнемдеп, оларды мазмұнды жұмысқа бағыттауға мүмкіндік беретін «е-қызмет» жобасын енгізудің дайындық жұмыстары елімізде осыдан 3 жыл бұрын қолға алынған болатын. Қазіргі кезеңде негізгі дайындықтың соңғы кезеңі өтуде, ал 2015 жылдан бастап, қанатқақты режімде осы қызмет ене бастайды.
Семинарда еліміздегі мемлекеттік қызметтегі персоналды басқаруды автоматтандыру үрдістерінің негізгі мәселелерін Қазақстан IT-компаниялар қауымдастығының президенті Нұрлан Исин, Персоналды басқарудың «е-қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін құру жобасы бойынша Оңғарбай Дәнебеков, Қазақстандағы HR менеджмент жайында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Гүлмира Раисова баяндамалар жасап, семинарға қатысушылар еліміздегі кадрлық саясат пен адами ресурстар жүйесін автоматтандыруды ұлттық компаниялардың мысалында талдады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».