Экология • 30 Мамыр, 2022

Еліміздің батысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады

520 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2022 жылдың шілдесінен бастап БҚО-да «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Ащыөзек» мемлекеттік табиғи аумағы құрылады. Бұл туралы экология вице-министрі Әлия Шалабекова аталған өңірге жұмыс сапары кезінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еліміздің батысында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылады

Экология министрлігінің өкілдері БҚО-ға іс-сапармен барды. Онда Жәнібек ауданының жергілікті шаруаларымен кездесті. Жиында соңғы жылдары көбейген киік мәселесі көтерілді. Өйткені Орал популяциясындағы киіктердің саны 800 мыңнан асқан. Тұрғындар төрт түліктің жайылымында көгал қалмайтынын айтады. 

«Киіктердің көптігінен біз шаруалар жапа шегіп жатырмыз. Жайылымға миллионға жуық киік келсе, ол жерде ешқандай шөп қалмайды. Бұлардың саны айтарлықтай көп. Қалай да азайту керек», деді  БҚО Жәнібек ауданы Күйген көл ауылының тұрғыны Боранбай Айтқалиев. 

Экология министрінің орынбасары Әлия Шалабекова киіктерді аулау үшін биологиялық негіздеме керектігін айтады. Дегенмен, осы мәселеге қатысты министрлік тиісті жұмыстарды жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, жиында вице-министр шілде айынан бастап осы өңірде ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылатынын айтады.  Осы арқылы Орал популяциясындағы киіктің 250 мыңға дейін басын аталған аумақта ұстап тұру көзделмек. 

«Бүгінгі таңда республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру туралы қаулы шықты. Табиғи аумақтың ауданы 314504,1 гектарды, резерватының ауданы 343040,1 гектарды құрайды. Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Жәнібек, Казталов, Жаңақала аудандарының аумағында орналасатын болады. Мұнда киіктің 250 мың басына дейін сақталады», деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова. 

Айта кетсек, Қазақстан аумағында Бетпақдала, Орал және Үстірт сияқты киіктердің әлемдік популяциясының 95%-дан астамы мекендейді.

Еске салсақ, 2016 жылы елімізде жалпы киіктің саны 100 мыңнан сәл асқан. Табиғат сақшыларының жүйелі жұмысының нәтижесінде қазір олардың саны бір миллион бес жүз мыңға жуықтаған.