Сталиндік репрессия кесірінен қазақтың 60 мыңнан астам көзі ашық, көкірегі ояу саналы азаматы адам қолынан ажал құшты. Қалғаны суық Сібірге жер аударылып, баласы жетім, әйелі жесір, сатқынның сыңары атанды. Сондағы олардың айыбы оқығаны, Отанын сүйгені еді. Кеңес дәуірінде жүргізілген солақай саясаттың ең сорақысы – осы, отар ұлтты бұғауда ұстау еді. Көзін байлап, құлақкесті құл етіп, бас көтерер азаматтарын қуғынға түсіру арқылы халықты тұсауда ұстағысы келді. Әрине, кейін тарих қанша әділетті болғанымен, сол алыптардың өкінішін қайтара алмады. Репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, ұлттың жан жарасы жазыла қойған жоқ. Қараңызшы, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынұлы сынды даңқты бабаларымыз құрбан болды. Бұлар елдің ақыл-санасы болатын. Сол кесапатты кезеңнің қайғысын көтерген, мұңын шерткен Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей бар. Біз сол музейге барып қайтқан едік. Жоғарыдағы ой содан туып отыр. Халықтың көз жасына шомылған мұралар жаныңды езеді. Ендігі әңгіме солар жайында.
Жаңалық ауылы күллі қазаққа қасіретті тарихымен танымал. Өйткені бұл жерде саяси қуғын-сүргінге ұшыраған төрт мыңнан астам шейіттің сүйектері көмілген. Біраз жыл бұрын мұнда мемориалды ескерткіш тақта орнатылған еді. Енді міне, осы аумақтан зұлмат жылдарды еске түсіретін жәдігерлерге толы музей ашылды. Алдағы уақытта бұл аумақ үлкен мемориалды кешенге айналмақ. Өйткені «Өлі разы болмай, тірі байымайды». Азаттық үшін арпалысып өткен бабалар рухы тәуелсіз ел ұрпақтары жадында мәңгілікке сақталады.
Тарих беттерін қайта парақтайтын болсақ, халқымыздың басынан өткен небір зар заман еске түседі. Әсіресе кеңестік кезеңдегі нәубет жылдар ұлт болашағына балта шапты. Қолдан жасалған ашаршылық салдарынан миллиондаған адамның өмірі қиылды. «Халық жауы» деген желеумен жүрегі ұлтым деп соққан Алаш қайраткерлері атылды. Қара көзден жас ағызған азалы күндердің ақиқаты азаттықтың нәтижесінде ғана ұрпақтар жадында жаңғыруда. Бұл музейдің басты мақсаты да сол – қасіретті салмақтап, жастардың санасына сіңіру.
Аталған нысанды жәдігерлер жинақталған орын ғана емес, келешекте үлкен ғылыми-зерттеу орталығына айналдыру керек секілді. Осы орайда «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы саяси қуғын-сүргін құрбандарына қатысты бірқатар жұмыс атқарған екен. 1989 жылдан бері сталинизмнің халыққа жасаған қылмысын әшкерелеп, жазылмай қалған ақтаңдақтарды тарих сахнасына қайта шығаруда сіңірген еңбектері зор. Мәселен, Жаңалық ауылында атылған адамдарды алғаш рет зерттеп, олардың сүйектерін тапқан да осы қоғам мүшелері.
Шынында, бұл тақырып төңірегі жан-жақты зерттелгенімен, мұнда оқиғаларға кінәлі адамдардың аты ашық айтылмайды. Неге? Тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздіктен кейін шыққан кітаптардың ішінде көптеген саяси әрі тарихи қателер бар. Неліктен? Қазақ даласындағы аштық, репрессия, бұлардың барлығы – отарлау саясаты механизмі. Революцияға дейінгі аштық, қуғын-сүргін патшаның отарлау саясатының жоспарлы түрдегі әрекеті десек, 30-жылдардағы қасіретті оқиғалар кеңестік жүйедегі отарлау саясатының басты бағыты.
Бұл жер қазақ тарихының қасіретін айғақтайтын киелі орын. Мұнда халқымыздың бетке ұстар қаймақтарының еңбегі жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Темірбек Жүргенов, Жұмат Шанин сияқты Алаш зиялыларының тізімдерін жалғастырсақ, жүрегіміз қан жылайды. Көріністер өте ауыр, деректер де оқырманның көңілін құлазытады.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей үш залдан тұрады. Біріншісі, «1916-1986 жылдар аралығындағы қуғын-сүргін тарихы» деп аталады. Онда Жетісудың перзенттері, қазақтың зиялы қауым өкілдері – Ілияс Жансүгіров, Мұхаметжан Тынышбаев және тағы басқа қайраткерлердің фотосуреттері мен құжаттары қойылған. Сонымен қатар Алматы облыстық полиция департаменті архивінен алынған тұтқындарға қатысты істің көшірмелерін көруге болады. Төрт жерден орнатылған диорамада сталиндік лагерьлерде жазаланғандардың өмірлері бейнеленген. Атылған адамдардың жеке заттары да қасіретті тарихтан сыр шертіп тұр.
Бұдан кейінгі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» залында 4 125 адамның аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылыпты. Олардың қысқаша өмірбаяндарымен келушілер жан-жақты таныса алады. Үшінші залда «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамы және оның қызметіне қатысты экспонаттар қойылған. Қоғамның ұйытқы болуымен жарыққа шыққан «Азалы кітаптың» тоғыз томы жұртшылықтың назарын өзіне аудармай қоймайды.
Музейдің қай тұсына көз салсаңыз да кешегі саяси репрессияда құрбан болған қайраткерлердің рухы Алаштың бүгінгі ұрпақтарымен үнсіз сырласып тұрғандай. Музейді аралаған әрбір адам оларға тағзым етіп, болашақтың жарқын болуын тілеп қайтады.
Қандай жылы сөз жазсақ та, қазақ тарихындағы бұл қасіретке бейжай қарауға, санамыздан өшіруге болмайды. Ащы тарихымызды білмеу – тәуелсіздік қадірін түсінбеумен пара-пар. Ендеше, ұрпақ санасында өткен дәуір тарихын жаңғырту, халық зиялыларын жадымыздан бір сәт те шығармау – баршамыздың ұлт алдындағы азаматтық борышымыз. Сіздің де, біздің де.