Кездесуді ашқан Сенат депутаты, «Ауыл» ХДПП Төрағасы Әли Бектаев алдағы ауқымды реформалардың мемлекеттің жаңаруы, республика жұртшылығының өмір сапасының жақсаруымен байланысты екендігін атап өтті. Іс-шараға Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталығы, Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі, Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі, АӨК және ААД экономикасы, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы, Ө.Оспанов атындағы Топырақтану және агрохимия Қазақ ғылыми-зерттеу институттары және басқа да аграрлық ғылым өкілдері қатысты. Ғылыми мекемелердің өкілдері салааралық маңызды мәселелерді талқылап, еліміздің аграрлық саясатын жетілдірудің уақыт күттірмейтін мәселелерін ортаға салды. Аграрлық ғылымның бүгінгі ахуалы, ғылымды дамытуға бөлінетін қаражаттың жетіспеушілігінен туындап отырған көкейкесті мәселелер төңірегінде ой түйді.
Сенатор Әли Бектаев ауыл шаруашылығы мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне жауап беретін экономиканың өмірлік маңызды салаларының бірі болып табылатындығына тоқталды. «Еліміздің аграрлық секторы бүгінде 5 мыңнан астам адам еңбек ететін 38 ғылыми, ғылыми-өндірістік, сервистік және білім беру ұйымын құрайды. Бұл – ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен тығыз байланыста жұмыс істейтін үлкен кластер. Ғылыми интеллигенция әрқашан инновациялық идеялардың қозғаушы күші болып келеді. Ғалымдар елде болып жатқан оқиғаларға бейжай қарамайды, сондықтан да ел үшін осындай елеулі оқиғаны өткізуде жетекші ғалым-аграршылардың қолдауы аса маңызды», деді ол.
Сонымен бірге сенатор қатысушыларға Ата Заңға енгізілетін түзетулер мен толықтыруларды егжей-тегжей түсіндіріп, фермерлер үшін референдумға да, мемлекет өміріне де белсенді қатысудың маңыздылығын түсіндірді. Ғылыми қауым өкілдері референдум өткізуді, сондай-ақ Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттігін бірауыздан қолдай отырып, аграрлы елдің болашағына үлкен сенім білдірді.
«Ауыл» партиясы мүшелерін сапалы медициналық қызмет көрсету, тұрғын үймен қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және жеке қауіпсіздікті, тұрақты табысын қамтамасыз ету жайы алаңдатады, – деп атап өтті өз сөзінде ҰҒА академигі, профессор, «Ауыл» партиясының мүшесі Сейітқазы Кешуов. – Сондықтан партия қатарында ел болашағы үшін шынайы еңбек ете білетін, ел алдындағы жауапкершілікті жан-дүниесімен сезіне отырып, Мемлекет басшысының саяси бағыты мен референдум өткізу бастамасын толық қолдайтын мүдделес азаматтардың болғандығы маңызды».
Дөңгелек үстелге қатысушылар Конституцияға енгізілетін толықтырулар мен түзетулерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, Жаңа, Әділетті Қазақстан құру мүмкіндіктерінің мол екендігіне сенім білдірді.
АЛМАТЫ