Аймақтар • 31 Мамыр, 2022

Алматыда үш жолайрық салынып жатыр

248 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы көшелердің жалпы ұзындығы 3 096 шақырым болса, 234 шақырымға жуық көшелерге әлі асфальт төселмеген. Бүкіл жол желілерін қоса алғанда, шаһар жолдары толық жөнделді деген көрсеткішке жеткен емес, мұны агломерация есебінен қаланың үздіксіз ұлғайып келе жатқанымен ақтауға болады. Оның үстіне Абай даңғылы, Саин мен Әуезов көшелері ұзартылып жатыр.

Алматыда үш жолайрық салынып жатыр

Биыл ұзындығы 221 шақырым болатын 224 көшеге, оның ішінде 19 магистралдық көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Оған қоса қалаға кейін қосылған Ақжар ша­ғын­ауда­­нына 48 шақырым жаңа жол салу жос­парланып, құрылысы басталып кетті.

Алматы қалалық мобильділік басқар­ма­сының басшысы Ғани Мырзаханов қанағаттанарлық дерлік жолдардың көрсеткішін 95%-ға дейін жеткізу үшін 2025 жылға дейін тағы 234 шақырым жаңа жол салу, кемінде 200 шақырымдай жолды жөндеу, 350 мың шаршы метр­ден астам асфальтбетон жабынына жөн­­деу жүргізілетінін мәлімдеді. Оған қоса Алғабас, Әлмерек және Қайрат шағынаудандарында жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі уақытта орташа жөндеу жұмыстары 39 көшеде, оның ішінде 7 магистралды көшеде, сондай-ақ Тастыбұлақ, Ақбұлақ, Өжет, Думан, Алатау (ЯФИ) шағынаудандарында жол салу мен жөндеу жүргізілуде. Ор­та­ша жөндеу жұмыстарын биылғы қыр­күйек айының соңына дейін аяқтау жос­парланған.

Сондай-ақ Бұқтырма көшесі – Құлжа трактісі, Сейфуллин даңғылы – Жан­сү­гіров көшесі және Саин көшесі – Мөң­ке би көшесі үш жолайрықтың құ­­ры­лысы жалғасу үстінде. Бұқтырма көшесі – Құлжа трактісі жолайрығында жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде. Қала мен облыс аумағы бойынша сатып алу толығымен аяқталды. Бірінші жартыжылдықтың соңына дейін құ­ры­лыс-монтаж жұмыстарын аяқтау, сол арқылы көліктің барлық бағытта жүруін қамтамасыз ету жоспарлануда. Абаттандырумен қоса толық аяқтау 2022 жылдың соңына дейін жоспарланып отыр.

«Сейфуллин даңғылы мен Жансү­гі­ров көшесінің қиылысына келетін болсақ, онда да сатып алынған жол телімдерінде жұмыстар қолға алынды. Дегенмен жеті учаске сатып алынған жоқ. Аталған учаскелер бойынша сот рәсімдері жүргізілуде. Құрылыс-мон­таж­­дау жұмыстары осы учаскелерді сатып алу шамасына қарай орындалатын болады. Жұмыстарды толық аяқтау 2023 жыл­ға жоспарланған», деді қалалық мо­биль­ділік басқармасының басшысы

Сондай-ақ Саин көшесі – Мөңке би көшесі айырығы жөніндегі жобаға түзету ен­гізіліп отыр. Биыл осы жолайрықта кө­лік қозғалысы басталғанымен, қосалқы жұмыстарын толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

Абай даңғылынан өту барысында биыл жерүсті жаяу жүргіншілер өткел­де­рін орнату мен абаттандыруды аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп Абай даңғылын ҮАААЖ-ға дейін ұзарту жұ­мыс­тары басталады.

Саин көшесінің Рысқұлов даңғы­лы­нан Мөңке би көшесіне дейінгі аралығы 3,2 шақырымды құрайды, ұзындығы 1,6 шақырым учаскенің дайындығы – 70%. Басқа учаскеде 67 жер телімін сатып алу қажет болса, оның 54-і сатып алынды, қалған 13 учаске бойынша жұмыс жал­ғасып жатыр. Қазіргі уақытта сатып алын­ған учаскелерді бұзу мен ма­териал­­дарды дайындау жұмыстары жүр­­г­і­зілуде. Бұл жұмыс та биылғы алты айда атқа­рыл­уға тиіс.

Дегенмен Әуезов көшесін Гоголь кө­ше­­сінен бастап солтүстік бағытта Го­голь көше­сінің қиылысында жол төсе­мі мен жабынның төменгі қабатын бітіру, ин­­женерлік желілерді қайта орнату, бағ­­даршам салу жұмыстары орындалды.

Ғ.Мырзаханов Ясауи көшесінен қала шекарасына дейін батыс бағытта ұзындығы 4,5 шақырым болатын Төле би көшесінің де құрылысы басталғанын хабарлады. Объектінің құрылысына бөлінген шекараға 270 меншік иесінің жы­лжымайтын мүлкі түседі, оның ішін­де 29 объекті сатып алынды, қалған 241 учаске бойынша жұмыс жүргізіліп отыр.

Оған қоса биыл Алатау даңғылынан «Алма Сити» ТҮК-ке дейін жол жұмыс­та­рын бітіру, инженерлік желілерді қайта орнату жұмыстары да аяқталуы керек. Толық аяқтау жер учаскелерін са­тып алу 2023-2024 жылдарға жос­пар­ланған.

 

АЛМАТЫ