Құрылуы ықтимал Еуразиялық экономикалық одақтың алдына қойылатын басты міндеті – қатысушы мемлекеттер арасындағы қаржы, жұмыс күші, қызмет көрсету салаларына және тауар айналымына кеңінен жол ашу, олардың өзара байланыстарына барынша еркіндік беруді қамтамасыз ету.
Алдағы 1 мамыр күні Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекеттерінің Президенттеріне Еуразиялық экономикалық одақ құруға байланысты түзілген негізгі құжат – өзара келісім-шартты ұсынады деп күтілуде. Осы маңызды құжатқа қол қойылғаннан кейін, яғни, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап айтылып отырған Одақ жаңа үлгіде өз жұмысын жалғастырады.
Қазіргі таңда Кеден одағы (КО) және Біртұтас экономикалық кеңістің (БЭК) жөнінде аз әңгіме айтылып жүрмегені белгілі... Осы орайда Қазақстанның Кеден одағына мүше елдермен арадағы тауар айналымы аз ғана жылдың ішінде 80 пайызға, яғни, 24,2 млрд. АҚШ долларына артқанын айтуымыз керек. Ал Кеден одағы аясында экспортталған тауарлардың көлемі 60 пайызға көтерілген. Бұдан біз атқарылып жатқан игі істердің аз емес екенін аңғарамыз.
Осы бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде дами беретін болса, таяу жылдарда еліміздің әріптес мемлекеттермен кез-келген салада лайықты бәсекелес бола алатынына сенгің келеді. Әрине, мұндай деңгейге жетуімізге құрылу үстіндегі Еуразиялық экономикалық одақ пен еліміз есігін қағып тұрған Дүниежүзілік сауда
ұйымының үлкен ықпал ететіні дау тудыра қоймас.
Дүниежүзілік қауымдастыққа дендеп енген елдердің барлығы да қауіпті тәуекелдермен бетпе-бет келіп жатады. Мұндай жағдайлар әлемдік тәжірибеде аз емес. Сондықтан, Қазақстан әлемдік қауымдастыққа бойлаған сайын әр қадамын жоспарлы түрде, заңдық негізде және сақтық шараларына терең мән бере басуы керек.
Кеден одағына және Біртұтас экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттер жақсы нәтижеге жетеміз десе, алдымен заң шеңберінен ауытқамай, өзара қабылданған құжаттарда көрсетілген міндеттемелерге салқынқандылықпен, аса жауапкершілікпен қарағандары жөн.
Күні кеше Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов мәлімдегендей, 2025 жылы Алматыда Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы мемлекеттер тарапынан қаржылық реттеу тетігі (институт) іске қосылатын көрінеді. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, ол Еуропа елдеріндегі қаржылық реттеу қызметіне ұқсас болмақ. Бір айта кетер жәйт, аталған құрылымға жергілікті ұлттық қаржы саласының ережелерін бекітіп, дәйектеп отыру міндеті тапсырылатын көрінеді.
Қайрат Келімбетов өз сөзінде, мұны Еуропадағыдай орталық банк қызметін атқарады деп түсінбеуіміз керек дегенді де жеткізді.
Нақтылай айтқанда, әлгі институт негізінен қаржы нарығындағы түйткілдермен шұғылданбақ, яғни, қаржылық қозғалыстардың заң шеңберінен аспауын қамтамасыз етпек.
Осы орайда тағы бір маңызды жаңалықты ортаға сала кетейік. Қайрат Келімбетовтің сөзіне қарағанда, 2018 жылдан кейін еліміздегі екінші деңгейлі банктердің саны біршама кемитін көрінеді. Олардың 15-20-сы ғана ел аумағында бұрынғыдай қызмет көрсетуін жалғастыра беруі мүмкін. Ұлттық банк төрағасы мұның себебін бәсекелестіктің қатаң сынын сөзіне арқау ете түсіндірді.
Алдағы 5 жылдың көлемінде банктер Bazel III халықаралық стандартының талабына жауап беруі керек. Сондай-ақ, Ұлттық банк тарапынан 2019 жылға дейін әр банктің капиталы кем дегенде 100 млрд. доллар болуы керек деген мазмұнда ұсыныс түсірілді. Бұл қазіргі уақытта үкіметтік деңгейде талқылануда.
Қайрат Келімбетовтің ойынша, егер бұл ұсыныс қабылданар болса, екінші деңгейлі банктердің арасындағы мықтылары, яғни, бәсекеге қабілеттілері нарықта қалмақ. Шынында, капиталы аз отандық екінші деңгейлі банктер өз елінде тұрса да сырттан келген қаржылық ұйымдармен бәсекеге түсе алмайды. Сөзіміздің дәлелі ретінде Ресей банктерінің Қазақстан нарығында аяғын алшаң басып жүргенін айтсақ артық кетпеспіз.
Сөзімізді Қайрат Келімбетовтің ескертпесімен түйінделік: «Ағымдағы жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру мақсатында алғашқы қадамын жасайды. Ал ұйымға 2020 жылға дейін толық еніп боламыз. Сонда еліміздің аумағында ірі қаржы корпорацияларының филиалдары ашыла бастайды. Сол кезде Қазақстанның банк жүйесі оларға лайықты бәсекелес болуы керек».
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: ҚазТАГ.
Фото: money.gazeta.kz.