Аймақтар • 31 Мамыр, 2022

Сәтбаев университетінде референдумның маңыздылығы талқыланды

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде конституциялық реформаларды түсіндіру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Сәтбаев университетінде референдумның маңыздылығы талқыланды

Дөңгелек үстелге ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Бақытжан Жұмағұлов, Динар Нүкетаева, Сұлтанбек Макежанов, ғалым, қоғам қайраткері Рахман Алшанов, Алматы қалалық мәслихатының хатшысы Станислав Канкуров, Сәтбаев университетінің оқытушы-профессорлар құрамы мен ЖОО студенттері қатысты.

Еліміздегі бүкілхалықтық референдумға санаулы күндер қалды. Тың серпінмен бағыт алған жаңа Қазақстанды құру жолында Конституциялық өзгерістердің мәні мен мазмұнын әрбір азамат түсіну қажет. Референдум – мемлекет үшін аса маңызды саяси оқиға. Сәйкесінше еліміздің барлық аймақтарында түсіндіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Дайындық науқаны жақсы деңгейде деп айтуға болады. Ендігі кезекте екінші республиканы қалыптастыру процесіне әрқайсымыз атсалысып, өз таңдауымызды жасауымыз керек. Себебі Қазақстанның болашағы бәрімізге ортақ.

«Халыққа билік тармақтарының өзара қарым-қатынастарының оңтайлы тетігін жасау, Парламенттің рөлі мен мәртебесін қайта қарау, халықтың ел басқару ісіне араласуы, адам құқықтарын қорғау және заңның үстемдігі сынды блоктардың әрқайсысы бойынша түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр», деді Динар Нүкетаева.

Одан кейін сөз алған Сенатор Бақытжан Жұмағұлов та алдағы тарихи күнді әділетті, заң үстемдік құратын Мемлекет құруымыздың алғы шарты деп қабылдауымыз керек деген пікірін білдірді.

«Реформалар мақсаты – әділеттілік. Әділеттілік бар жерде билікке деген сенім де, жақсы өмір де болады. Сол үшін әрбір азамат алдағы саяси науқанға өз үлесін қосуы керек. Осылайша біз оң өзгерістерге сенімді бола аламыз», деді Бақытжан Жұмағұлов.

Талқылау барысында байқағанымыз, халық алдағы саяси реформаларды жақсы түсініп, толығымен қолдап отырды. Жастар өздерінің болашағын әділетті Қазақстанмен байланыстыратындығы қуантады.

Жиында реформалардың мақсаты, халық белсенділігінің рөлімен қатар, түсіндіру жұмыстарындағы БАҚ-тың маңызы да аталып өтті.

Баян Мұратбекқызы

АЛМАТЫ