Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Әйгілі картина салынып болған сәтте суретшінің ерекше сезімталдығы мен терең талғамына тәнті болған биші: «Мен халықтың жүрегінде осы бейнеммен қалатын болдым» деп ризашылығын білдіріпті.
«Әйелдер портретінен тұратын галереямының тұңғыш жұмысы – Шара Жиенқұлова бейнеленген «Қазақ вальсін» салу кезінде қыс қатты болды. Біз бастапқыда Шара апайың үйінде жұмыс істеп жүрдік. Бірақ үйде жұмыс істеу қолайсыздық тудырды. Қажетті құрал-жабдықты үйге тасып әкелу мүмкін емес еді. Ал шеберхананың іші суық. Содан бір күні Шара апайға шеберханада жұмыс істеу туралы ұсынысымды қымсына жеткіздім. Биші бірден келісті. Онда барғанда: «Солтүстік полюстегідей екен. Алайда өнер құрбандықты талап етеді» деп күлді. Үстінде жұқа көйлек. Суыққа шыдап, жанары жарқырап, әдемі жымиып тұра берді. Шара апайдың жүзі жылы болғандықтан, оның суретін салу мен үшін үлкен ғанибет болды» деп еске алыпты сол сәтті картина авторы Гүлфайруз Ысмайылова.
«Қазақ вальсін» бейнелеуді қолға алғанда суретші Ленинградтағы И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет институтын бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрына бас суретші болып қызметке енді орналасқан беті екен. Ал ол кезде бишінің жасы біршамаға келіп, кексе тартып қалғанына қарамастан, «сырлы аяқтың сыны кеткенмен, сыры кетпепті». Қырық бес жасында да қыздай құлпырып, мың бұрала билеп сахнадан түспеген таланттың нағыз толысқан шағын дөп ұстаған суретші осылайша, қазақ өнеріндегі қайталанбас картинаның авторы атанады.
Қазақстанның Халық суретшісі Гүлфайруз Ысмайылова Шара бейнесіне кездейсоқ келген жоқ. Жастайынан биші сұлулығына сүйсініп, содан шабыт алғанымен, осы бір күрделі бейнені кенепке түсіруге кәсіби маман атанғаннан кейін ғана тәуекел етеді.
«Қазақ вальсі» – жас суретшінің әйелдер портретінен тұратын ғажайып галереясының алғашқы жолашар кесек туындысы. Сұлулыққа құштар бойжеткеннің мөлдір әлеміне шұғыласын шашып, өшпес ізін қалдырған сол бейне туралы суретшінің өзі былайша еске алыпты: «Мен Шара апайды кішкентайымнан жақсы көруші едім. Ол кісі менің шешеммен дос болғандықтан, үйімізге жиі келетін. Мектепке бармаған 5-6 жастағы кезім. Балалар гүлге сүйсініп қарайды ғой. Сол сияқты мен де сұлу бишіге қызыға қарайтынмын. Өзі жүзінен күлкі кетпейтін ақкөңіл жан болатын. Маған: «Айналайын, сен маған неге қарай бересің?» деп еркелете сөйлесе, мен: «Апай, сіз сондай әдемісіз, сондықтан қарай бергім келеді» дейтінмін еркінсіп. Сондай-ақ бала күнімде театрдың алдында гүл сатып тұратынмын. Сонда Шара апайды жиі көретінмін. Сәнді көйлек киген сұлу биші жанымнан өткенде бойынан әдемі жұпар иіс таралатын. Үйге келе сала бірден баққа барып, қол-аяғымды гүлмен үйкелейтінмін. Ондағым – Шара апайға ұқсағым келетін».
Кербез де керім Жиенқұлованың бойындағы сұлулыққа сүйсіне жүріп араға жылдар салып өзі де сұлулық суреткері болып шыға келген Гүлфайруз Ысмайылова шығармашылығында небір шырайлы кескіндерді өмірге әкеліп, қазақ сурет өнерін жаңа бір белеске көтеріп тастады. Соның ішіндегі алғашқысы һәм бірінші болса да шоқтығы биігі осы – «Қазақ вальсі».
Әдетте бидегі вальс жанры қос-қостан қолтықтасып биленетін би түрі екенін ескерсек, суретші бейнелеген «Қазақ вальсінде» неге Шара жалғыз?» деген заңды сұрақтың да туындауы қалыпты жайт. Оның сыры мынада: 1940 жылы жазушы Сәбит Мұқановтың «Екі мереке» атты радио қойылымына арнап композитор Латиф Хамиди әйгілі «Қазақ вальсі» әнін жазады. Оны алғаш болып бұлбұл әнші Күләш Байсейітова нақышына келтіре орындап, радиосүйер қауымның құлақ құрышын қандырады. Жанға жағымды, жарқын да көңілді әуенді естіген тыңдарман бірден-ақ әнге құлай кетеді. Осыдан бастап «Қазақ вальсі» махаббат пен шаттықтың ән ұранына айналып шыға келеді.
Ойнақы әуен Шараның жанын да жадыратады. Бұған дейін, яғни 1934 жылы Шара Жиенқұлова «Келіншек» атты алғашқы қазақ биін сахнаға алып шығады. Ол кезде сахнаға шыққан әрбір қазақ биін халық аса қызғушылықпен тамашалап, әр нөмірді асыға күтетін. Көрермен үшін қазақ билері үлкен жаңалық болатын. Ал орындаушы болса, би қимылына сәйкес ән мен күйлерді іріктеп алып, бидің көңіл күйі мен мазмұнынын белгілеп, соған лайық сахналық киім үлгісін жасап, басы аяғы бар, сығымдалған қойылым деңгейіндегі шағын спектакль жасап шығаратын. Би тілінде өрнектелген өнерге әсіресе қарапайым халықтың ықыласы зор болған. Шара шығармашылығына шабыт берген сондай өнер туындысының бірі – «Қазақ вальсі».
Композитор Латиф Хамидидің жеңіл де ойнақы әні бейнелі биге сұранып тұрғандай еді. Шара жаңа туындыға үлкен ықыласпен кіріседі. Ол әуелі Вена вальсінің қимылдарын үйренеді. Өйткені вальс биі өз бастауын аустрияның «лендлер» және чехтың «матеник» атты халық билерінен алады. Еуропаның вальс билері екі адамның жұптасуы арқылы биленетін болса, Шара Жиенқұлова вальстің жеке дара биленетін үлгісін ойлап табады. Сөйтіп, алғаш рет қазақ вальсі пайда болған екен. Шараның мың бұрала билеуіндегі «Қазақ вальсі» халықтың ыстық ықыласына бөленіп, айдында қылқып жүзген аққудай әсер қалдырған еді. Осы бір сұлу көріністі сезімтал да сұңғыла суретшінің қырағы көзі қалт жібермейді. Осылайша, Гүлфайруз Ысмайылованың толғанысынада Шара бейнесі кескінделген «Қазақ вальсі» картинасы өмірге келеді. Картина 1958 жылы Мәскеуде бүкілодақтық комсомолдардың көрмесіне қойылады. Іле-шала «Огонек», «Искусство» және тағы да басқа бірнеше журналға басылады.
Жарыққа шыққанынан-ақ жарқ ете қалған әсем картина әлі күнге дейін халық жүрегінде. Ал ондағы бейнеленген биші кескіні сұлулығымен жан баурайды. Иә, күн сәулесімен шағылысып, алтын түске боялған суретте Шара мың бұрала билейді. Суретші бидің жалқы сәтін ғана алып, қимылды кілт үзгенімен, бірақ бишінің қолы, үстіндегі жарасымды көйлегі қиымылын тоқатпай, сырға толы әсем қозғалысын әрі қарай жалғасытырып жатқандай. Сөзсіз, бұл – өнердің құдіреті. Мәңгілік өнердің мәңгілік тынысы осындай болса керек. Қос таланттың тандемінен туған теңдессіз туындының басты табысының сыры да, біздіңше, осы шынайылығында жатыр.