Сессия жұмысына ҚХА мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, қоғамдық ұйымдар басшылары мен дипломатиялық миссия және БАҚ өкілдері, шетелдік қонақтар қатысты.
Мемлекеттік Әнұран орындалғаннан кейін баяндама жасау үшін сөз Елбасы, ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді (Президент сөзі бөлек беріліп отыр).
Баяндама аяқталған соң сессия жұмысын ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов жүргізіп отырды. Ол жарыссөзге шығатындар арасынан алғашқы сөзді Қостанай облысындағы «Алтынсарин» фермерлік шаруашылығының директоры Борис Князевке берді. Мен – агрономмын, менің шаруашылығым Сіздің стратегияңыз бен жыл сайынғы Жолдауларыңыздың іске асқандығының шынайы көрінісі, деп бастады ол өзінің сөзін. Қазақстанда тұрақты жұмыс істеген адам кедей болуы мүмкін емес. Біз бүгін өзіміздің жолдарымызды өзіміз жөндейміз, теміржолға жеткізетін тармақты да өзіміз төсеп аламыз, қажет болған еді – балабақшаны да өзіміз салып, тіпті, шығармашылық ұжым да құрып алдық. Мәдениет үйіміз, спорт залымыз, стадионымыз, жүзу бассейніміз – бәр-бәрі сақадай-сай жұмыс істеп тұр. Біздің ауылымызда жұмыссыздық, қылмыс деген жоқ, соңғы үш жылда еңбек өнімділігі 4 есе артты, бір адамға шаққанда біз жыл сайын 50 мың доллардың өнімін шығарамыз. Соңғы жылдары жер суарудың жаңа әдісін енгіздік. Кейбіреулер бізге «шалшықтың суымен жер суарасыңдар» деп күледі. Күлсе күле берсін, есесіне біз гектарынан 500 центнер қырыққабат аламыз. Бізге тағы да «ақшаны желге шашатындар» деп ат қойыпты, ал біз бұл іспен мал жайылымдарын суландырамыз және желден электр қуатын аламыз, дей келіп, диқан Елбасына ауыл шаруашылығын дамытуға жасаған барлық мүмкіншіліктері үшін алғыс айтты.
Сіздің қамқорлығыңыздың арқасында соңғы 12 жылда аграрлық өнімдерді өндіру көлемі 5 есе артты. Сонымен қатар, Сізге «Агробизнес-2020» бағдарламасын қабылдағаныңыз үшін зор алғыс білдіремін, деді ол. Меніңше, бұл бағдарлама Қазақстанның ішкі рыногын негізгі тамақ өнімдерімен толық қамтамасыз ететін болады. Сөзінің соңында Б.Князев: «Мен барлық өмірімді дала қосындарында өткізіп келемін, қалған ғұмырымда соғыс салқынын сездіре көрме деп құдайдан тілеймін. Сондықтан біздің халқымыз үшін бейбітшілік пен келісімді нығайтудан маңызды ештеңе жоқ. Біздің ел – бейбіт ел, біз ештеңеге таласпаймыз, біз бір-бірімізге жақын адамдармыз. Бүгінгі күні бүкіл еліміз Сіздің «Стратегия-2050» бағдарламаңызды іске асыру жолында жаныңызға берік топтасып отыр. Біз әлі де «Назарбаевтың жылдамдығымен» алға жылжи береміз деген үміттеміз, сізге көп рахмет», деді.
Елбасы оның пікірлеріне ризашылығын білдіріп, ауыл шаруашылығын алдағы уақытта да өзінің қамқорлығында ұстайтынын жеткізді.
Осыдан кейін сөз Қазақстанның құрметті доноры Александр Скаковскийге берілді. Біздің бәріміздің қанымыз бір, деп бастады ол өзінің сөзін. Бұл – біздің мәдениетіміздің, руханиятымыздың және келісіміміздің бір болуының қарапайым ақиқаты. Одан әрі донор өзінің өмір бойы 520 литр қан бергенін мәлімдеді. Бұл менің өз Отаныма деген патриоттық сезімім деп біліңіздер. Мен үшін 17 млн. қазақстандықтың бәрі туыс. Қан нәсілге, ұлтқа қарамай, барлығына бірдей көмектеседі және бәрін туыс етеді. Менің қаным Қазақстан түгілі Арменияға, Түркияға, Үндістанға, Иранға, Ауғанстанға, Ресейге, Беларусь пен Украинаға, Чернобыльдегі жапа шеккендерге жіберілген. Дәрігерлердің айтуына қарағанда, мен қазір қан беруден дүние жүзінде екінші орын алады екенмін. Бірақ туған Қазақстанымды донор адам бойынша әлемде бірінші орынға шығаратын күн де алыс емес деп ойлаймын. Мен, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің үлгіңізбен спортпен айналысамын, 68-ге келген жасымда шылым шеккен емеспін, арақ-шарапты аузыма алмаймын. Барлық отандастарымды да осылай өмір сүруге шақырамын. Қазақтың тамаша ақыны Мұқағали Мақатаевтың мынадай өлеңі бар:
Бәріңе!
Бәріңе!
Бәріңе!
Жасыңа да кәріңе!
Кімге қан керек?
Ішуге емес, дәріге...
Мен – донормын.
Шипа болар қаным бар,
Қабылдаңдар, алыңдар.
Менің жылы қанымның
Қасиетін таныңдар.
Жоқ!
Ақшаға сатпаймын!
Аурулар алдында –
Борышымды ақтаймын.
Өмір беріп өзгеге,
Өмірімді сақтаймын! – деген екен. Бұл дәл менің айтатын сөздерім, дей келіп, шешен осы өлеңнің орысшаға аударған өзінің нұсқасын оқып берді. Сөзінің соңында Президентке қарап, мен жұртқа көмектескен сайын өзімді жақсырақ сезінемін, деді.
Келесі сөз кезегі №30 Павлодар орта мектебінде қазақ сыныптарына ағылшын тілінен сабақ беретін мұғалима Юлиана Оттоға берілді. Мен – Павлодар қаласында өскен неміс қызымын, менің аталарым осы жаққа жер аударылған, деп бастады ол өз сөзін. Ал өз ата-анам осында туған. Мен қала баласы болсам да кішкентай кезімнен қазақ тілін үйрене бастадым. Бүгін мен қазақ жерінің қадірін, Қазақ елінің бақытын жаныммен сезінемін. Ол үшін өз анама осы сахнадан мың да бір рет алғыс айтқым келеді, деген сөздерін ол қазақ тілінде айтты. Одан әрі өзінің қазір ағылшын тілінің маманы екенін, Елбасының үш тұғырлы тіл туралы тапсырмасын іске асырып жүргенін атап өтті. Одан әрі шешен қазақ тілінің кең дариясын жас кезден кешу керектігін жеткізді. Әрине, тіл мәселесі өте нәзік әрі шетін. Біздің ел бұл мәселені қазақ халқына тән даналықпен тұрақты жолмен мәңгілікке негіздеп шешіп келеді. Бүгінгі күні қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алғанына 25 жыл толғалы отыр. Қазақ тілі Сіздің арқаңызда ғана Мемлекеттік тіл мәртебесін алғанын білеміз. Бүгінгі күні біздің облыста көптеген ата-аналар балаларын қазақша оқытуда. Қазір өзге ұлт өкілдерінен шыққан 600-дей оқушы, 1500-дей мектеп жасына дейінгі бүлдіршін және 500-дей студент қазақ тілін үйренуде, деді Ю.Отто.
Одан әрі шешен этностарымыздың достығы ортақ тарихқа негізделгенін айтты. Осы орайда, ол өзінің жерлесі Жұмабек Қамзин бастаған ізшілдер отрядының атқарған жұмыстарына тоқталды. Отряд Псков және Ленинград облыстарындағы Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлованың ескерткіштерін жаңғыртып, күтімге алған екен. Сонымен бірге, Невель қаласындағы бауырластар зиратындағы қазақстандықтардың басын жаңғыртыпты. Мұндай жұмыстар жастарды даналыққа үйретеді, ең бастысы – жас буынды бір-біріне жақындатып, туыстастырады, деді ол. Одан әрі Ю.Отто Президенттің өз сөзінде Невель қаласын ауызға алғанын айтып, осы залда сол ауданның басшысы Александр Ващенковтың отырғанын ауызға алды. Бүгін біз үшін ұрпақтың жарқын болашағы үшін жан берген әрбір азамат Батыр. Ұлы Отан соғысына қатысқан аталарымыздың бәрі зор құрметте. Біз олардың алдында басымызды июіміз керек, дей келіп, сөзін Ахмет Байтұрсыновтың өлеңімен бітірді:
Білімді болуға оқу керек,
Бай болуға кәсіп керек.
Күшті болуға бірлік керек,
Осы керектердің жолында
жұмыс істеу керек.
Мен барша жас мамандардың атынан Сіз сияқты тынымсыз жұмыс істейміз деп сөз беремін, деп шешен сөзін аяқтады.
Орманшы Игорь Мухин: «Міне, 40 жыл мен Ақмола облысының орман шаруашылығында еңбек етіп келемін. Орман – мен үшін үйім де, өмірім де, мақтанышым да. Ал менің көз алдымда Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, мүмкін емес істі атқардыңыз. Жан-жағын еш тосқауылсыз жел аймалаған Астана айналасын жасыл желекке малындырып, кәдімгі орман өсірдіңіз. Бұл 110 мың гектар жерді алып жатқан орманда қандай ағаш жоқ десеңізші. Сізге орманшының атынан Қазақстанымызды орманға айналдырғаныңыз үшін алғыс айтқым келеді. Және осы мінберден тағы бір ұсыныс жасасам деймін. Астана ЭКСПО-2017 алқабында Бейбітшілік пен келісім аллеясын жасайық, ал біз, орманшылар оған қажетті небір ағаш көшеттерін даярлап беруге әзірміз», дегенде Елбасы: «Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов түртіп қойсын, ал біздер барлығымыз бірігіп ағаш отырғызатын боламыз», деді.
Шешен әрі қарайғы сөзін былай деп жалғады: «Ағаштар да адам баласы тәрізді, оған назар аударып, мәпелеп, баптаған сайын ол жасанып, жайнай түседі. Біздің тәлімбақтарда ағаштар мен бұталардың 23 түрі егіледі, біз олардың көшеттерін балаларымыздай аялап, үлкен ағашқа айналып, тамыр жайып өсетін жеріне жөнелтіп жатырмыз. Сіз де, Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің Қазақстанымызды аялап, өсіріп, «Стратегия-2050»-ді өмірге әкеліп, Отанымыздың гүлдей жайнауына бар күш-жігеріңізді жұмсап келесіз. Мен Сізден назарыңызды «Жасыл ел» бағдарламасына аударуыңызды өтінемін. Бағдарлама аяқталды, алайда, біз оның келешекте жалғасқанын қалаймыз. Сізге шын жүректен біздің елімізде тұрақтылыққа, жер-жерде мәдениеттің дамып, тыныштық пен келісімнің орнағанына алғыс айтамыз».
Мұнан соң мінберге көтерілген Орал қаласындағы «КазАрмаПром» ЖШС-нің бас директоры Станислав Качало: «Аса мәртебелі Елбасы! Сіз сияқты мен де металлургпін. Менің ата-анам Қазақстанға Днепропетровскіден көшіп келіпті. Мен де Сіз тәмамдаған ЖОО-ны аяқтадым, Сіз тәрізді Қарағанды металлургия комбинатында жұмыс істедім. Біз Сізге индустрияландыру бағдарламасы үшін алғыс айтамыз. Мен еліміздегі ең бір бұрыннан келе жатқан арматура зауытын басқарамын. Біз өз зауытымыздың арқауында ұлттық-бизнес бағытындағы модель құрдық. Шикізат пен қажетті материал Қазақстаннан, ал дайын өнімдерімізді көтеріңкі құнымен шетелге сатамыз. Оның 90 пайызы Ресейге жөнелтіледі. Экспортқа шығаратын өнім көлемі 2 млрд. теңгені құрап, жыл сайын 360 млн. теңге салық төлейміз. Сондықтан да біз үшін экономикалық интеграция – зауытымыздың өмір сүруінің кепілі. Сонымен қатар, біз өндірісімізді жаңғырту үстіндеміз, IT жүйесімен басқарылатын құю өндірісін ашып жатырмыз. Қазір Үндістан мен Түркия кәсіпорындарымен бәсекеге түсуге дайынбыз. Мұның барлығы – индустрия. Бұл ел экономикасын алға сүйрейтін – локомотив», деді.
Одан әрі сөзін Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз ауылдағы жұмысшы отбасынан шығып, Президент қолыңызбен құрыш қайнатып, болат балқыттыңыз. Сондықтан, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы жайын тағы да айтып өттіңіз. Бұл – өмірге қажет идея, ол біздің болашағымызға сенімділік ұялатады, деп жалғай келіп, еліміздегі тұрақтылыққа шүкіршілігін білдірді. Елбасына қарап: «Сіз бірлік пен ынтымақ мәдениетіне мән бердіңіз, мен үшін ол отбасынан басталады. Менің 5 балам бар, олар қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебінде оқиды, ұлым – республикалық домбырашылар конкурсының жеңімпазы. Менің отбасым өз тағдырын тек Қазақстанмен байланыстарды. Мен – украинмын, әйелім– орыс, ал біздің рухымыз – қазақ», деп жиналғандардың қол шапалақтаған қошеметімен орнына беттегенде, модератор келесі сөйлеушіні көпшілікке таныстырды.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай: «Аса мәртебелі Елбасы! Еліміздегі татулық пен келісім үшін Ассамблеяның мінберінен өзіңізге мың алғыс айтқым келеді. Елдегі тыныштықтың формуласы – келісім мәдениеті екенін Сіз осыдан 20 жыл бұрын көре білдіңіз. Жарғақ құлағыңыз жастыққа тимей еңбек етіп, тәуелсіз Қазақстанды бейбітшілік бесігіне айналдырып отырған сындарлы саясатыңызды зиялы қауым түсінеді, қолдайды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», айтқан дана Абайдың өнегесі күллі Қазақстан халқының ұстанымы деп білемін», дей келіп, сөзін өлеңмен аяқтады.
Шашқанда алтын арай дала таңы,
Шапағын дүниеге таратады.
Сен менің бақытымсың, Қазақстан,
Анамның аялаған алақаны.
Ізет пен ізгіліктен іркілмеген,
Тұлпардың өз елімнен тұрқын көрем.
Сен менің тағдырымсың, Қазақстан,
Үкісі үмітінің үлпілдеген.
Арайын атар таңынан тосқасын да,
Бейілміз ақ ниетпен достасуға.
«Бірлігім – тірлігім» деп жолға
шықтық,
Нұрсұлтан Назарбаев көш басында.
Мезгілсіз бұзылмасын ұйқың, балам,
Ел едік, дүбір шықса қиқулаған.
Аққудың қанатынан ән қайырған,
Тұлпардың тұяғынан күй тыңдаған.
Шырағы мәңгіліктің жағылғасын,
Айбозым аламанда арындасын.
Көзімнің қарашығы, Қазақстан –
Сен менің қанымдасың, жанымдасың.
Тағдырдың өзі қосқан, тамыры бай,
Жанарың жарық болсын, жарығым-ай.
Сен менің жалғызымсың, Қазақстан –
Жалғанда жалғыздардың жары Құдай.
Бұдан кейін сөз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі басқармасының басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақмола облысы бойынша ғылыми-сараптамалық орталығының мүшесі Бэлла Газиеваға берілді. Мен Ақмола облысында, тағдырларын қазақ жерімен мәңгіге байланыстырған депортацияланған ингуштер отбасында өсіп, тәрбиелендім. Әжем Лейла Козоева маған өздерін репрессияланған немістердің отбасына қалай орналасқандары жөнінде айтып берген еді. Менің әжем үлкен мейрамдарда үй иесінің сүтке салып қалай картоп әзірлегенін мәңгіге есінде сақтап қалғанын да жиі айтатын. Аштықтың, қиындықтың тауқыметін тартқан жандарға бұл баршылықтың, аман-саулықтың, жақсы өмірге деген сәулелі үміттің бір символындай болып көрінген екен. Сол кезде әжем өскен соң өз үйінде әрдайым картоп пен сүт болуы үшін, одан таршылық көрмеу үшін аянбай еңбек етуге сөз беріпті. Сол уақыттан бері біздің отбасымызда еңбек ең маңызды ұғымға айналды. Біз әрдайым мол етіп дастарқан жаямыз. Себебі, қазақстандықтар бүгінде бейбітшілік пен тұрақтылықтың арқасында молшылықта өмір сүруде. Биылғы жылы чешен-ингуш халықтарының депортацияланғанына 70 жыл толды. Бұл – біздер үшін тарихтың қаралы күні. Алайда, бұл датаға бүгін 70 жыл ішінде біз кім болдық деген тұрғыда қарайтын болдық. Ең бастысы – біз мықты, тәуелсіз, қалыптасқан мемлекеттің азаматтарына айналдық. Мен – қазір жоғары оқу орнында сабақ беретін ұстазбын. Филология ғылымдарының кандидатымын, «Болашақ» бағдарламасының стипендиатымын. Бұл – Сіздің, Елбасы бейбітшілік пен келісімді негіз еткен көреген саясатыңыздың жемісі, деді Б. Газиева өзінің сөзінде.
Ол, сондай-ақ, оқытушы ретінде өздерінің Қазақстанның жоғары мектебінің халықаралық стандартқа сай болуы үшін бар күш-жігерлерін жұмсайтынын жеткізді. Бұл ретте, ең үлкен биіктікті бағындырған, үлкен деңгейлі жоғары оқу орындарының білімнің, ғылымның, инновация мен бизнестің басын біріктіретінін, бұған Назарбаев Университеті дәлел бола алатынын атап өтті. Бұл ретте ол: «Нұрсұлтан Әбішұлы, бізге өңірлерде де мықты университеттер ауадай қажет. Сол кезде жастарға сапалы білім алу үшін басқа елдер мен қалаларға барудың қажеті болмайды. Кампус түріндегі студенттік қалашықтарды құру тек қана жергілікті ғана емес, сондай-ақ, шетелдік студенттерді де өзіне тартар еді. Университеттер – жастардың азаматтық белсенділігінің орталығы. Бізге ЭКСПО-2017-ге дейін мықты волонтерлік қозғалыс құру қажет. Себебі, бүгінде жастардың 70 пайызға жуығы 2017 жылғы мегажобаның белсенді қатысушылары болып, болашаққа ұмтылған Қазақстанды әлемге танытқысы келеді. Бұл ретте, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге әлемдік деңгейде мойындалған ғаламдық жобаларыңыз үшін үлкен алғысымызды білдіреміз», деп түйіндеді өз сөзін.
Ал «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Әскери оркестрінің әскери қызметкері Ольга Сағындықова өзін Семей тұрғыны ретінде әрі әскери азамат ретінде ядролық қауіпсіздік жайы айрықша толғандыратынын жеткізді. Ол Елбасыға қарата айтқан сөзінде: «Сіз зор қолдау көрсеткен «Невада-Семей» ұйымына биыл 25 жыл толды. Сіз Семей полигонын жапқаннан кейін 365 мың шаршы шақырым жер ел игілігіне қайтарылды. Ел мен жер сауығып келеді. Ал Қазақстан Сіздің басшылығыңызбен әлемдік ядролық қауіпсіздік ісінің көшбасшысына айналды. Сіз Гаагада өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі әлемдік басқосуда төрде отырдыңыз», дей келе, бұл күнгі Ассамблеяға қатысушы азаматтарды Гаагада өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі Саммит алаңында жүргізілген нәтижелі келіссөздері үшін Мемлекет басшысын және Қазақстан халқын құттықтауға шақырды.
Сондай-ақ, ол өзінің қазақ отбасының келіні екенін де айтып өтті. Мен – қазақтың келінімін. Өмірлік жарым Марат екеуміз – 5 бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасымыз. Менің ата-анам Ресейдің Иваново қаласында тұрады. Қазақ топырағын басқан, дәм-тұзын татқан олар, мен барғанда, ең алдымен, «Марат балам қайда? Домбыраң қайда?», деп сұрайды. Қазақтың әнін менімен қоса айтады. Сіздің әнді жақсы көретініңізді, жақсы айтатыныңызды бәріміз білеміз. Рұқсат етсеңіз, бір ән айтып бергім келеді, деп әннің бір қайырмасын орындап берді.
Бұл күнгі сессия отырысында ғарышкер-ұшқыш Александр Викторенко да өз көкейінде жүрген ойларымен бөлісті. Мен Солтүстік Қазақстан облысында тудым. Халықаралық экипаждың командирі ретінде «Мир» стансасынан ғарышқа 4 рет ұштым. Менің басты айлағым – Қазақстан. Тек Қазақстанның территориясында ғана стратосфераға және ғарышқа ең жақын нүкте – Байқоңырдың болуын жақсы белгі ретінде санаймын. Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, біздің барлық ғарышкерлерімізді шығарып салып, қарсы алдыңыз. Сіздің берген батаңыз бізге құлшыныс сыйлап, елге, жерге аман-есен оралуымызға әсер еткендей болады. Бізге, ғарышкерлерге әрдайым: «Суық ғарышта сіздер не туралы ойлайсыздар?» деп сұрақ қойып жатады. Ал біз иллюминаторға қарап, Жердің соншалықты кішкентай әрі нәзік екеніне көз жеткіземіз, деді А.Викторенко өз сөзінде. Осылай дей келе, ол тек әрбір елдегі бейбітшілік пен келісім ғана оны нығайтып, болашақ ұрпаққа аманаттауға сеп болатынын жеткізді. Өз сөзін ол: «Бүгінде мен Қазақстанмен біргемін. Бұл ел ең ілгерішіл білімге ұмтылуда. Бірақ, ең бастысы – Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, стратегиялық міндет – халықты қорғау міндетін назарда ұстап отырсыз. Бұл – бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі. Сіздің жолыңыз Қазақстанды жаңа, жарық ғарыштық орбитаға алып шықты. Мен бүгін өзімнің бесінші ғарыштық, рухани сапарымды жасайтын болсам, онда ең алдымен «Қазақстан ғаламшарын» бетке аламын. Егер, мен көпэтносты экипаждың қатардағы қызметкері болсам, Сіз – біздің командирімізсіз. Сіз бізге рухани «Байқоңырсыз!» деп түйіндеді.
Бұдан кейін сөз кезегі Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Тенге берілді. Мен ең алдымен Олимпиада күндерінде бізді қолдап, қамқорлықтар жасағаныңыз үшін Сізге шын жүректен алғысымды білдіремін, деп бастады ол өзінің сөзін Елбасына қаратып. Мен сіздің кітаптарыңызды оқыдым, «Елбасы жолы» фильмін көрдім. Сонымен бірге, Сіздің спортты жақсы көретініңізді білемін. Сіздің жігеріңіз мың градустық пештің түбінде ғана емес, спортта да шыныққан. Әрине, ол кезде спортпен кәсіби түрде айналысу үшін сіздерде жағдай болған жоқ. Есесіне қазір Сіз спортшылардың бәріне тамаша жағдай жасап отырсыз. Бүгінгі күні елімізде 35 стадионның жұмыс істейтіні соның айғағы. Алда 2017 жылы Алматыда болатын Универсиада тұр. Сонымен бірге, біз Қазақстанның 2022 жылы Қысқы Олимпиада өткізу құқын жеңіп алатынынан үміттіміз, дей келіп, Д.Тен одан әрі өзі айналысатын спорттың мәнерлеп сырғанау түрінің ерекшелігіне тоқталды. Бұл спорт түрі жоғары өнердің тілімен сөйлейді, деді ол. Осы спорттағы әрбір спортшының басты арманы – бір секіргенде бес рет айналуға қол жеткізу. Ондайды жасай алған спортшы бірден чемпион болады. Сіздің «Стратегия-2050» жоспарыңыз Қазақстанның бір секіргендегі 50 рет айналғаны болғалы тұр. Біз оған қол жеткізсек, ХХІ ғасырдың ұлы чемпиондары қатарына енер едік. Мен бұл биікке қол жеткізе аларымызға 100 пайыз сенемін, деді шешен.
Осыдан кейін Қазақстанның «Астана-Дакар» ралли-рейд командасының көшбасшысы Артур Ардавичус сөйлеп, Елбасына өз командасының жетістіктері туралы баяндады. Біздің командамыз Еуропа, Америка және Африка құрлықтарындағы мемлекеттердің үстімен 100 мың шақырымнан артық жол жүруге қол жеткізді. Сөйтіп, біз Әлем кубогын және Дакарды жеңіп алдық. Біз барлық жолымызда өзіміздің бейбітшілік және достық туымызды желбіретіп жүрдік. Біздің спортымыз – бұл мотордың гүрілі, рухтың күші, кез келген кедергіні еңсеруге дайындық. Нұрсұлтан Әбішұлы, біз өз экипажымыздың командирі Сіз деп танимыз. Сіздің бастауыңызбен біз талай биіктерге жетеміз, деді ол.
Осыдан кейін белгілі спорт меценаты, Алматының «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков сөйледі. Ол өз клубының Ассамблеямен құрдас екенін атап өтті. Біздің жолымыз, Елбасымыздың жолы сияқты жеңістер мен жетістіктерден тұрады. Біз – Еуропа чемпионы болған Қазақстанның тұңғыш командасымыз. Бұл жеңіс – барша қазақстандықтардың жеңісі. Ең бастысы – Сіздің жеңісіңіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, деді ол. Одан кейін шешен Еуропа чемпионының атаулы майкасын Елбасына тапсырды.
Модератор келесі сөз кезегіне сарапшыны тартты. Аты-жөнім Юлия Денисенко, мен сарапшылық жұмыспен айналысамын, ал оған журналистігімнің арқасында келдім. Бірде редакциямызға ауыр уайымның тұңғиығына батқан ана келді. Оның қызы үйінен де, мектептен де қашып, сектаның шылауына түсіпті. Менің ол мақалам газет бетінде жарияланған жоқ, бірақ біз қызды құтқарып қалдық, деді Ю.Денисенко. Елімізде соңғы 3 жылдың ішінде қазақстандық сарапшылар 2000 осындай уақиғаны тіркеген. Бұл жәй сандар емес. Оның артында қаншама ойраны түскен отбасы, бүлінген тағдырлар, тіпті, балалардың ұрлануы мен өмірмен қоштасулары жатыр.
Адамдардың осындай қайғысына төзу және қоғамды бүлдіретін ағымдарға ілесіп, «ауру вирусын» жұқтырып, адасқан тағдырларға жәй қарап тұру өте қиын. Ал адамдарды осындай «аурудан» емдейтін дәрі бар, ол – Сіздің бейбітшілік пен келісімге негізделген дана саясатыңыз. Және бірінші кезекте ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблея шаңырағы астында бүкіл еліміз бірікті. Біз әртүрліміз, бірақ, бір халықпыз. Біздің бірлігімізге ешкім сына қақпасын деп рухымызды нықтаған жұртпыз. Сіздің арқаңызда біз «шекарасын таспен емес, доспен қоршаған» берекелі елде тұрамыз. Рухы биік елдің сенімі қашанда мықты. Ана құрсағында баланың алдымен миы емес, жүрегі пайда болады екен. Сенім мәселесінде жүректің орны ерекше. Әркімнің Меккесі – өзінің жүрегі. Сондықтан жүрек таза болуы керек. Ал біздің міндетіміз – келер буынға сол сезімдерді егу. Біздің табысымыз – Сіздің әлем таныған қазақстандық моделіңіз – бейбітшілік пен келісім курсы, деп сөзін аяқтады шешен.
Келесі сөз иесі Шухрат Марасулов: «Мен – дүнгенмін. Былтырғы жыл дүнгендердің қазақ жерін мекен еткендеріне 135 жыл толды. Ол бір бабаларымыздың басына қиын күндер туған, туған жерінен безген алапат кезең екен. Дүнгендер қазақ халқының жанашырлығының, ізгі жүрегінің арқасында сол зұлматтан аман қалды. 2013 жылдың 15 қыркүйегінде Масанчи ауылында қойылған ескерткіште «Қазақ халқына мың алғыс» деп тасқа қашалып жазылды. Нұрсұлтан Әбішұлы, 15 жыл бұрын Астанада Сіздің бастамаңызбен жаңа заманғы клиника тұрғызылды. Бүгінде ол еуропалық стандартқа сай Ұлттық ғылыми-медициналық орталыққа айналды. Ал тура 10 жыл бұрын Сіз жаңа кардиохирургиялық клиниканың тұсауын кестіңіз, 7 сәуірде онда тұңғыш ота жасалды. Бүгін сол алғашқы пациент ортамызда отыр. Ол – Атыраудан келген Кәдірбек аға Қожахметов», деді.
Біздің кешегіміз бен бүгінгімізді мүлде салыстыруға келмейді, деп жалғады ол өзінің сөзін. Балалар кардиохирургі ретінде мынаны айта аламын. Бұрын отадан кейін көз жұму 95 пайыз болса, қазір ота жасалғандардың 90 пайызы толық сауығып кетеді. Бұл, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қазақстандықтардың денсаулығы үшін үзбей жасап келе жатқан қамқорлығыңыздың арқасы. Бүгінгі күні еліміз бойынша жыл сайын 15 мың жүрекке ота жасалады. Бізге тек өзіміздің емес, өзге елдің де азаматтары қаралады. Мәселен, соңғы 3 жылда АҚШ, Қытай, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктерінен 120 адам келіп, емделіп шықты. Еліміздегі медицинада аз жылдың ішінде өте бір заманауи технологиялар ендірілді. Бірақ дәрігер ретінде Сіздің сөзіңізді қайталағым келеді. «Денсаулықтың 80 пайызы адамның өзіне байланысты». Ол – өз өміріңе, денсаулығыңа деген жауапкершілік. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге зор денсаулық, Отанымызға береке мен мамыражай өмір тілеймін».
Келесі кезекте сөз берілген Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант Абай Тасболатов: «Аса мәртебелі Жоғарғы Бас қолбасшы мырза! Сіздің бастамаңызбен Қазақстанның қуатты Армиясы құрылды. 1992 жылы Сіз елге қызмет ететін әскери кадрларды дайындау туралы тапсырма берген болатынсыз. Бүгін Қазақстанның әскери оқу жүйесі қалыптасты деп баяндаймын. Алдағы жылы Ұлы Жеңіске 70 жыл толады. Қазір мерейлі датаға қызу дайындық басталды. Ол соғысқа қазақ жерінен 1 миллион 800 мыңға жуық азамат аттанып, оның тең жартысы құрбан болды. Бүгін Ұлы Отан соғысының 6300 ардагері ортамызда. Олардың бірқатары қазір алдымызда отыр. Сіздерге мың алғыс, қадірлі ардагерлер! Армия– азаматтықтың зор мектебі. Ал саяси бөлім–әскерлердің рухани штабы. Сіз Қазақстан халқы Ассамблеясын ел бірлігінің штабына айналдырдыңыз. Елдігі мықты, мемлекеті тұтас, шекарасы берік, абыройы жоғары болсын дейтін адам Сіздің бастамаларыңызды толықтай қолдайды», деді.
Жарыссөздер аяқталғаннан кейін күн тәртібіндегі этномәдени бірлестіктер атынан Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының екі жаңа орынбасарын тағайындау рәсімі болып өтті. Бұған дейін бұл міндеттерді Князь Ибрагимович Мирзоев пен Александр Иосифович Барон атқарып келгені белгілі. Кешегі отырыста үстіміздегі жылға орынбасарлық қызметке Парламент Сенатының депутаты, Қазақстанның орыс, казак және славян ұйымдары ассоциациясы төрағасының орынбасары Анатолий Афанасьевич Башмаков пен Солтүстік карель-фин өкілдерін біріктірген «Суоми» этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Борисович Смирнов тағайындалды.
Бұдан кейін нәтижелі көрсеткіштері мен ерен еңбектері үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградамен – «Құрмет» орденімен және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен» наградталды. 2014 жылы Сочиде өткен ХХІІ Қысқы Олимпия ойындарында қола медальға ие болған Денис Тенге «Құрмет» ордені тапсырылды. Ал Алматы облысында 12 баланы ажалдан арашалап қалған Бейсетай Дәуренбеков, Қазақ КСР-інің халық әртісі Лаки Кесоглу, Шығыс Қазақстан облысындағы сәулетті-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығының директоры Николай Зайцев, қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, Ресей Федерациясының Псков облысындағы Невель ауданының басшысы Александр Ващенков, Павлодар облысы «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Свинцицкий және Ресей Федерациясындағы «Риск» компаниясының продюсері, деректі кино режиссері Дарья Виолина Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалінің иегерлері атанды.
Награда табысталғаннан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы қатысушылардың Қазақстан халқына үндеуі жария етілді. Онда жалпыұлттық бірлікті, тұрақтылықты нығайтуға, экстремизмге, зорлық-зомбылыққа бірлесе қарсы тұруға шақырған сөздер бар. Сондай-ақ, үндеуде Қазақстан Президентінің салиқалы, сындарлы және сарабдал саясаты, оны бүкілхалықтық қолдау, халқымыздың ұлы мақсаттарының – елдің өсіп-өркендеуі мен гүлденуінің жолында топтасуы ғана Отанымыздың кемел болашағын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деген нық сенім көрініс тапқан.
Үндеу жария етілгеннен кейін де сөйлеймін деген адамдардың қатары аз болмады. Солардың бірі – «Kazakhstan Kagazy PLC» компаниясының бас директоры Матеос Томас. Өзін Ұлыбритания азаматы деп таныстырған ол Қазақстанда 5 жыл жұмыс істеп жатқанын, өзі басқарып отырған зауыттың қаптама қағаздарын макулатура жинау арқылы шығаруда екенін тілге тиек етті. Бір кездері өзінің зауыт акцияларын Лондон биржасынан сатып алғандығын айтқан шешен өз капиталының сақтығына еш алаңдамайтынын және жақында Астанаға жақын маңнан тағы бір зауыт салғысы келетінін жеткізді. Ол өз сөзінде Президенттің бейбітшілік пен келісім моделін әлемге паш ету қажет, дей келіп, өз компаниясының Лондонда Бейбітшілік пен келісім орталығын ашуға қолғабыс етуге дайындығын алға тартты.
«Қазақстан кәсіпкерлері палатасы» АҚ халықаралық ынтымақтастық департаментінің бас сарапшысы Давид Сукиасян осыдан тоғыз жыл бұрын Елбасының «шет елде білім алу керек және Қазақстанға жұмыс істеу үшін оралу керек» деген сөздерін есіне түсіріп, сол үдеден шыққанын жеткізді. Мен өз тағдырым үшін Сізге рахмет айтамын, құрметті Елбасы. «Болашақ» бағдарламасы арқылы Нью-Йоркте білім алдым, қазір Ұлттық кәсіпкерлер палатасында қызмет етемін, деді ол ерекше мақтанышпен. Оның айтуынша, АҚШ-та оқып жүрген кездерінде шығыс Американың 10 штатында оқитын жастар кіретін «Қазақстан студенттерінің ассоциациясын» құрғандықтарымен де бөлісе кетті. Ол жерде барлығы да қазақ атанып, Отандарына деген сезімдерін ұштай түсіпті. Ал қазіргі жұмысы барысында Елбасының қолдау білдірген Жарлығын кәсіпкерлер ерекше қабылдағанын және Ұлттық инвесторлар кеңесінде нақты тапсырмалардың маңызы айқын сезілгендігін ортаға салды. Оның пайымынша, Қазақстанда шағын және орта бизнес өркендейтін болады. Қазірдің өзінде 2,5 миллион кәсіпкердің белсенді жұмыс істеуі соның жарқын көрінісі.
Сонымен қатар, Д.Сукиасян жақында өзінің әке болған қуанышымен бөлісе келіп, нағыз қазақ ретінде «қырқынан шығару» рәсімін жасағандығын да жеткізді. Оның айтуынша, баланың өмірге келуімен бейбітшілік пен тыныштықты сақтау өмірінің маңызына айналып отыр. Сондықтан да ол жас ұрпақтар атынан Елбасының «Стратегия-2050» бағдарламасында алған қойған міндеттерін орындау үшін 24 сағат тынбай еңбек етуге дайын екенін білдірді. Біздің алдымызда үлкен міндет тұр. Ол – қазақ тілін жетік білу. Мейлі сіз қазақ болыңыз, мейлі орыс немесе армян болыңыз, мемлекеттік тілді білу керек. Тәжірибе болмаса, ешқандай нәтиже болмайды. Сондықтан бізге жұмыста, дүкенде, үйде, көшеде, барлық жерде қазақша сөйлеу керек. Бір болып жұмылсақ, келесі Ассамблеяда бәріміз қазақша сөйлеп отырамыз. Соған жетейік!!! – деп сөзін бас сарапшы жоғары пафоста аяқтады.
Бұдан кейін ортаға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың «Ақтөбе дистанциясының байланыс және дабыл» филиалының телефонисі Анастасия Лушпей шықты. Оның айтуынша 16 сағат жүретін «Астана – Ақтөбе» жүрдек пойызы жаңа заманауи вагондардан тұрады. Қазір барлық бағыттар бойынша пойыздар жаңартылып жатыр. Сонымен қатар, шешен 1200 шақырым теміржол салынғанын, тағы осыншама жол желісі тартыларын айтты. Елімізде «жолына қарап, елін таны» дейді. Сіз Қазақстанның көлік жолдарын ғана емес, даму жолын да даңғылға айналдырдыңыз. Сол үшін шексіз көп рахмет, деді ол Елбасыға қаратып айтқан сөзінде. Хромтау – Алтынсарин теміржолы салынып жатқанда өзінің әлі оқушы екенін, аудан тұрғындары сол 2004 жылдың 30 қарашадағы қақаған суығында Елбасының арнайы келіп, жаңа теміржолмен жүретін пойыздарға жол ашып бергендігін ұмыта қоймағандығын да ортаға салды. Сол салиқалы шешімнің арқасында көптеген замандастарым теміржолшы болды, деп мәлімдеген ол өзінің арманы орындалғаны үшін де рахметін жеткізуді ұмытқан жоқ.
Қазіргі таңда ол 1000 вольтті құралдармен жұмыс істеуге де мүмкіндік алыпты. Негізінен ерлер істейтін іске барғандағы басты себебін ол Елбасының қиындықтардан мойымай, кез келген кедергілерді еңсере білетін қабілетінен үйренгендігімен түсіндірді. Мен үшін, мысалы, Сіздің өмір жолыңыз – Елбасы жолы. Қазақстан – қуатты және ұшқыр пойыз, оған әртүрлі адамдар мінеді және бір таңдалған бағытқа барады. Ол бағыт Сіз – біздің Елбасы қалаған бағыт. Біз Сізбен біргеміз! Біз әрдайым Сіздің жаныңыздамыз, – деді А.Лушпей сөзінің соңында.
Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясы отырысын қорытындылаған Елбасы ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз атына айтылған жылы сөздердің барлығын ортақ жұмыстың жемісті жауабы және халықтың ортақ табысы ретінде қабылдайтындығын жеткізді. Тәуелсіздік жылдары, тіпті, жаңа елді құрып, жаңа ұрпақты тәрбиелеп шығардық, деген Мемлекет басшысы елімізді аяғынан нық тұрғызып, экономиканы көтеріп, халықтың тұрмысын айтарлықтай жақсарттық дегенді баса айтты. Енді еліміз дамуының жаңа кезеңі келе жатыр. Мен жария еткен индустрияландыру – кез келген халықтың алдында күрделі жұмыс. Біз Қазақстан байлығын: мұнай, газ, металл, тыңайтқыштарды және өзгелерін сатуға үйреніп қалғанбыз, енді осының барлығын, бұл ауыл шаруашылығына да қатысты, қайта өңдеу қажет. Және де еліміз байлығын еселей түсу керек, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Жаһандық дағдарыс әлі де жалғасып жатқандығын тілге тиек еткен Президент дағдарыстың жаңа толқыны келуі мүмкіндігімен де бөлісті. Оған ел алдын ала дайындалғаны және қазіргі кезде экономиканың дамуын қамтамасыз ету үшін мемлекет резервінен 1 триллион теңге бөлінгені де айтылмай қалмады. Ең алдымен шағын және орта бизнесті қолдау басты назарда болмақ. Қаржы көзі нақты жобаларға, алдыңғы кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталатын болады. Бізде ет, сүт және жеміс пен көкөніс бола тұра, азық-түлікті сатып алуымыз дұрыс емес. Мұның барлығын дерлік өзімізде өндіруіміз қажет. Екінші кезекте, индустриялық бағдарламаны қаржыландырып, еліміздің қаржылық жүйесін оңтайландыратын боламыз. Олар да экономиканы қаржыландыруы тиіс, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Осылайша экономиканы қиын сәтте қолдау үшін Ұлттық қордың құрылғандығын, енді жинақталған қаржы елдің игілігіне бағытталатынын ортаға салды. Соның нәтижесінде шағын және орта бизнесте мыңдаған адам екі қолға бір жұмыс тауып, жаңа бизнес субъектілері салынатын болады.
Кадр даярлауға назар аудартқан Президент бізде жұмыс қолдары емес, білікті кадрлардың жоқтығына ден қоя сөйледі. Мемлекет басшысы былай деді: «Қазақстандық жұмысшылар жұмыс өнімділігі бір адамға шаққанда 100-150 мың долларға жететін электровоздар мен тепловоздарды ешқашан құрастырған емес. Біз автокөлік шығаратын мемлекетке айналып отырмыз. Биылдың өзінде 190 мың автокөлік шығарылатын болады. Сол конвейерлерде адамдар басқа жалақымен жұмыс істеуі тиіс. Олар – біз қалыптастырып жатқан орта тап өкілдері».
Мұның барлығы «Қазақстан-2050» Стратегиясының орындалуы екенін сөз еткен Н.Ә.Назарбаев жұмыс істеуді екі еселей түсу қажеттігін баса айтты. Сондықтан да жастарды еңбекке баулу қажет. Адамдар өнікті жұмыс істеген жерде ғана өмір жақсара түспек. Оңтүстік Кореяда тәулігіне ең көп жұмыс істейтіндіктен, экономикасы да қазіргі заманға сай. Ол елде ешқандай қазба байлық жоқ болса да технология жөнінен АҚШ, Жапония және өзге де елдермен иық теңестіріп тұр. Міне, осындай елдерден үлгі алуды алға тартқан Елбасы қазақстандықтар, соның ішінде жастар белсене жұмыс істеуі қажеттігін атап көрсетті.
Сөзінің соңында Мемлекет басшысы болашақта еліміздің әлемнің ең озық дамыған мемлекеттерінің қатарында болуына барлық жағдайдың бар екенін атап айтты. Әрине, бұл үшін елдің бірлігі мен тұрақтылық қажет екенін және оны әрбір қазақстандық сақтай білуі тиістігін ерекше атады.
Жарты сағаттық үзілістен кейін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясына қатысушылар концерттік бағдарламаны тамашалады.
СЕССИЯҒА ҚАТЫСУШЫЛАР ЛЕБІЗІ
Найл САЛИМОВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ҚХА Хатшылығының меңгерушісі:
– Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін ыждағатпен тыңдадым. Президент Қазақстан халқының алдына қалыптасқан тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін жеті түрлі құндылықты мызғымастай сақтау керектігін атап өтті. Соның ішінде Қазақстан халқының бірлігі мен топтасқандығы біздің ең басты байлығымыз екенін айтты.
Елбасы тұрақтылық пен келісім әрбір әкімнің күнделікті жұмысының ең басты бағдары болуы керектігін де атап көрсетті. Сайып келгенде, Президенттің ең басты мақсаты еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты мызғымастай қылып сақтау екендігі көрініп тұрды. Ассамблея мүшелерінің бәрі де осы іске қолдарынан келген көмегін жасап, Президенттің көмекшілері болуы керек деп ойлаймын. Соны әрбір Ассамблея мүшесі түсінуге тиіс.
Елбасымыздың алдымызға Қазақстанды дүниедегі ең үздік дамыған 30 елдің қатарына қосу туралы өскелең міндет қойғаны белгілі. Осы міндетті орындау үшін еліміздің ішіндегі бірлікті нығайта түсу керек.
Мухаббат ТУРДЫЕВА, Махмұд Қашқари атындағы Жамбыл облыстық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы:
Қазақстанда жасалған барлық игілік ел бірлігінің арқасы. Ал оның ұйытқысы – мемлекеттік сарабдал саясатқа сүйенген Қазақстан халқы Асса