
Қазақстан Халық партиясы ұйымдастырған пікірталас Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша жалпыұлттық референдумды қолдауға бағытталды.
– Іс-шара өзгеріс енгізуді қолдауды немесе қарсы болуға үгіттеуді көздемейді, – деп нақтылады марафонның модераторы Серік Берқамалов. – Басты мақсатымыз – ел азаматтарының заңнамалық сауатын арттыру. Марафон референдумға қатысу қажеттілігі мен өз еркін білдірудің маңыздылығын түсіндіруді ғана мақсат тұтады.
Өз кезегінде марафон тізгіншілерінің бірі Азиза Шөжеева әркім өз құқығын білуге тиіс екеніне назар аударды. «Ел азаматтары қандай құқыққа ие екенін, мемлекеттен не талап ете алатынын білуге тиіс», деді ол.
Талқылауға шақырылған құқықтанушылар мен заңгерлер еліміздің бас құжатына енгізілген нормаларға баға беріп, Конституциялық Кеңестің Конституциялық Соттан несімен ерекшеленетінін, сонымен қатар өлім жазасының күшін жою туралы норма мен басқа да өзекті құқықтық мәселелердің маңыздылығын тілге тиек етті.
Заңгер-конституционалист, заң ғылымдарының кандидаты Мереке Ғабдуалиев Конституциялық Кеңесті «Квази орган» деп атады. «Конституциялық Кеңестің қызметі, оның соңғы жылдардағы шешімдері негізінен республиканың суперпрезиденттік билігін күшейтуге бағытталғанын жоққа шығаруға болмайды», деп мәлімдеді ол.
Әріптесінің сөзін Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры, заңгер Марат Башимов қостады. Оның пікірінше, заң алдында барлығы бірдей әрі тең болуға тиіс. «Егер біз теңдік пен әділеттілік туралы айтатын болсақ, Конституциядан барлық артықшылықты, теңсіздікті және иммунитеттерді алып тастауымыз керек», деді заңгер.
ҚХП төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Конституцияға енгізілетін түзетулерге қатысты пікір білдіргенде бұл бастама еліміздің дамуы мен өркендеуіне ерекше ықпал ететінін мәлімдеді. «Халық пен қоғам нақты өзгеріс күтіп отыр. Көпшілік референдумға үлкен үміт артады. Адамдар олигополияға, сыбайлас жемқорлыққа және клептократияға қарсы қатаң шара қолданылғанын талап етеді. Конституцияға енгізілетін өзгерістер жоғарыдағы көрсетілген келеңсіздіктерге тосқауыл қояды», деді партия басшысы.
Қазақстан Халық партиясы Конституцияны жетілдіру бойынша бірқатар бастама көтерді. Соның ішінде халықтың жерге, оның қойнауы мен байлығына құқығын заңмен бекітуді ұсынды.
Shynybaev&Partners заң компаниясының директоры Марғұлан Шыныбаев алдағы референдумды «тарихи оқиға» деп атап, бәзбіреулер жағдайды өз мүддесіне пайдаланбауы үшін шешім қабылдауға тиіс екенімізді алға тартты. «Барлық азамат өз ұстанымын білдіруі керек. Біз пассивті бақылаушы бола алмаймыз», деді заңгер.
Пікірталас барысында әр қатысушыға, тіпті кез келген әлеуметтік желі қолданушысына сұрақ қою мүмкіндігі берілді. Марафон алдағы күндері де жалғасады. Бағдарламада дөңгелек үстелдер, пікірталастар, және сарапшылардың баяндамалары бар.