
Сенат Спикерінің сапары Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етумен басталды. Ол жерде сенаторлар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, дұға жасады. Ал өңірдің зиялы қауымымен кездесуде Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар талқыланды. Жиынға сондай-ақ сенаторлар Әли Бектаев, Айгүл Қапбарова, Әлімжан Құртаев қатысты. Тарихи сананы жаңғырту мәселесіне назар аударылған жиында Сенат төрағасы соңғы жылдарда белсенді жүргізіліп келе жатқан ашаршылық тақырыбын зерттеу жұмыстарының маңызды екенін, осы бастаманы республикалық және өңірлік деңгейде жалғастыру керек екендігін айтты. «Ашаршылық тақырыбына арналған жұмыстарды әрі қарай жалғастырудың маңызы зор. Бұл бірінші кезекте, тарихи санамызды жаңғырту үшін қажет. Ал тарихи сананы жаңғырту дегеніміз – Тәуелсіздікті нығайту, елдікті еңселі ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолындағы негізгі қадамдардың бірі», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы ел Президентінің бастамасымен қолға алынған саяси реформаларға тоқталды. Конституцияға енгізу үшін ұсынылған түзетулер мен алдағы референдум еліміздің саяси жүйесін ғана емес, басқа да салаларды дамытуға берік негіз қалайтынын атап өтті. «Конституциялық реформа билік монополиясын болдырмауға және саяси бәсекені дамытуға жол ашады. Бұл бастамалардың бәрі Қазақстанды демократиялық, құқықтық, әділетті және әлеуметтік мемлекет ретінде нығайтуға бағытталған. Осы жолдағы жұмыстар Конституцияға өзгерістер енгізумен тоқтамайтыны белгілі. Алдағы уақытта да саяси жүйемізді реформалау ісі жалғаса береді», деді Сенат Төрағасы.
Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің оқытушы-профессорлар құрамымен және студенттерімен кездесуде Мәулен Әшімбаев конституциялық реформаның негізгі бағыттары туралы айтып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуде Сенат Төрағасы ХХІ ғасыр білім мен ғылымның дәуірі екенін, осы орайда жастарға қойылатын талап та өзгеретінін айтып өтті. Жастарды үнемі білімін жетілдіріп отыруға шақырды. Сондай-ақ адамның бойындағы сыни көзқарас, ойлау жүйесін дамыту сынды қасиеттердің маңызына тоқталып, өз кеңесін берді. «Қазіргі таңда білім алу өмірлік процеске айналды. Бүгінде жай ғана сауатты болу жеткіліксіз. Университет қабырғасында бакалавр немесе магистр дәрежесін иелендім деп те тоқмейілсуге болмайды. Әрдайым ізденісте болу қажет. Өзіңді үздіксіз жетілдіріп отыру – жетістіктің негізі», деді Мәулен Әшімбаев.
Кентау трансформатор зауытының ұжымымен және өңірдегі бір топ әлеуметтік кәсіпкермен кездесуде Сенат Төрағасы саяси реформалардың маңызына назар аударды. Аймақтағы өзекті мәселелер, аталған салаға қатысты түйткілдер де жан-жақты талқыланды. Мәулен Әшімбаев айтылған пікірлер мен ұсыныстар тиісті мемлекеттік органдар тарапынан пысықталып, Парламенттің заң шығару жұмысында ескерілетінін жеткізді.
Түркістан облысы