Іс-шара модераторы, университет проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөзінде елімізде бүгінгі күні тарихи жадыны сақтауға ерекше көңіл бөлінетіндігін атап өтті. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-Президент Әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов тарихтағы ақтаңдақ беттерге Ассамблея өкілдерінің қосып жатқан үлесі туралы айтты.
Зерттеушілер, ғалымдар бас қосқан кездесуде қазіргі таңда тарихшылардың қолында саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы құнды деректер бар екені айтылды. Мәселен, университет профессоры, тарих ғылымдарының докторы Арайлым Мұсағалиева Солтүстік Қазақстанға жер аударылғандар туралы баяндады.
Репрессияға алдымен бай-шонжарлардың ұшырағаны тарихтан белгілі. Осы орайда «КСРО-ның шаруаларға қарсы репрессия саясатының құқықтық негіздері туралы» Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбілдің зерделеу жұмысы байлардың қуғын-сүргінге ұшырауы тақырыбындағы деректер қатарына қосылды.
Университеттің «Ел тарихы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубай көтерілісшілер қозғалысына қатысты құжаттарды қарастыру мәселесіне тоқталды. Ол ашаршылық тақырыбына арналған көп томдық кітаптарға сараптама жасаған. Жиналғандарға Б.Әбдіғалиұлының Қазақстанның ауыл шаруашылығын кеңестік жаңғырту кезеңіндегі құжаттар жинақталған «Ашаршылық» деп аталатын еңбегі таныстырылды. «Жинақтағы дереккөздер қазақ ауылдарын күштеп ұжымдастыруға байланысты қайғылы оқиғаларды, байлар мен кулактарды тап ретінде тәркілеу және жою саясатын ашып көрсетеді.
Сондай-ақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның алдын ала жұмысының бірқатар нәтижесі жарияланса, басқосу Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия мүшелерінің «Саяси қуғын-сүргін ауқымын зерттеу критерийлері: отандық және шетелдік тәжірибе» жинағының тұсаукесерімен аяқталды.