«Жоғары оқу орнына баратын балаларға гранттардың саны 88 214-ке артты. 2021 жылмен салыстырғанда 15 мыңға көп. Техникалық мамандықтарға гранттар - 60, ауылдық квота 35 пайызға ұлғайды. Әлеуметтік аз қамтылған санаттарға 7 мыңнан аса грант бөлінді», деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, биыл колледждерге түсетін балаларға техникалық және кәсіптік білім беруге 45 мың орынға республикалық бюджеттен 10 млрд теңге бөлінді. Сөйтіп мемлекеттік тапсырыс 40 пайызға ұлғайды.
«Оқуға түсушілер үшін түсу емтихандары алынып тасталды. Енді олар аттестаттың орташа балы арқылы қабылданады. Талапкер 4 колледж бен 4 мамандықты өзі таңдайды, 3-ке дейін бірнеше біліктілік алуға мүмкіндік жасалды. Кәсіпорындарға мақсатты мемлекеттік тапсырыс берілді. Енді кәсіпорындар студенттерді өздері таңдап, оқу бағдарламаларын оқу орнымен бірге жазып, қажетті мамандарды мерзімінде дайындай алады. Жеңілдікпен қабылдау квотасының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді», деді Шолпан Каринова.