19 Сәуір, 2014

От кешу

330 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін
Берлинге шабуыл Сейтхан Темирбаев...1945 жылдың 28 сәуірі. Түн. Түн бол­ғанда қандай! Еңсені қорғасындай басып, жүректі езген ерекше сұсты, қолтығына қорқыныш, үрей тұнған, құйқаңды шымырлатарлықтай аузынан қан бүріккен түн еді. Мұндай түндердің талайын бас­тан өткерген Сейітхан жертөле түбіндегі сәкіде аз-кем тыныстап отырған еді, өзінен-өзі мазасы кетіп, жүрегі атша тулай берген соң орнынан тұрып, бой жаза жүрді. Өзі командирлік ететін 2-ші атқыштар ротасының жауынгерлері кешкі сәтті ұрыстан соң арқа-бастары кеңігендей жайбарақат күй кешіп жатыр. Әркім әрқалай көңіл аулауда. Әне, біреуі сықсима шамның жарығымен қарындашын әлсін-әлі тілімен жалап қойып, асығыс сүйкектетеді. Сарғайған бір жапырақ қағаздағы жазуды ежіктеп оқыған солдаттың көзінен жас парлайды. Анау бұйра шаш еңгезердей жігіт Агафонов қой. Төс қалтасынан комсомол билетін алып, ішінен бір суретті суырды да тесіле қарады. Жүзіне қан жүгіріп, еріні дірілдеді. «Ех, біздің жігіттер, – деп күбірледі Сейітхан, – қандай ғажап едіңдер. – Керзі етіктің ұлтарақтайын қалдырып, міне, Берлин түбіне де жеттіңдер ғой! Шыдайық енді, Жеңіс төбесі де, әне көрініп тұрған секілді». Берлин-1 Иә, Сейітхан осы соңғы күндерін саралап байқаса, талай алапат шайқасты бастан өткеріпті. 230-шы атқыштар дивизиясының 990-шы атқыштар полкі қарамағында Одер өзенінен өтудің тозағында қалай ғана шыдас бергендеріне таңы бар. Рас, бұған дейін де көптеген қалаларды жаудан азат етуге қатысты. Омырауындағы «Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Ту» ордендері қанды жорықтардың қайталанбас іздерінен қалған өшпес белгілер іспетті. Одерден өту – от өтіне кіріп, шала жанып шыққанмен пара-пар болды. Жеңілістен соң жеңіліске ұшырап, көздеріне қан ұялаған немістер жантәсілім күйде-ақ тегеурінді қарсылық көрсетіп бақты. Одердің арғы жағасына аз құраммен өткен біздің жауынгерлер жаңбырша құйған оқтан селдіреп қалды да, кейінгі топқа жөнді қорған бола алмады. Жағдайды күрт өзгерту қажет болды. Әйтпесе, қарсыластар күш алып кетуі де ғажап емес. – Капитан Темірбаев, бармысың? – Батальон командирі майор Чепуриннің дауысы саңқ ете қалды. – Не бұйырасыз, жолдас майор? – Сейітханның көзі Чепуриннің жанарына тіке қадалды. Өткір де өжет командир бұл жолы да мына аласапыран сәтке мойымай еңсесін тік ұстап, қырандай қомданып тұр еді, алдына талай сыннан мүдірмей өткен капитан Темірбаев жетіп келгенде, өрекпіген жүрегі сабасына түсе қалды да: – Қарсыластарды нысанаға ала отырып, өзеннен жедел өт те, Одердің сол жаға­лауы­нан пландармға бекін! Бұйырамын! – деді. – Құп болады, жолдас майор! Мұндай кесімді сөзді Чепурин Темірбаев аузынан талай есіткен. Оның айтқаны әлі күнге екі етілген емес. Берілген бұйрық сол күйінше орындалады. Бір жолы ауыр ұрыстан кейінгі аз тыныс алған шақ­та Чепуриннің Сейітханмен ашылып, сыр­ласқаны бар. Сонда әзіл-шыны аралас: «Сендер, қазақтар, соғыса білуді қайдан үйрендіңдер», – деп оны бауырына қысып, қарқылдап күлген. Сейітхан да қарап қалмай: «Е, біздің қара қыпшақ Қобыланды деген жаукешті атамыз болған, содан үйренгенбіз», – деп мәз болған. Чепуриннің бұл өзімсініп айтқан әзілі ғой. Әйтпесе, жазушы И.Эренбургтің «Правдада» басылған «Қазақтар» деген шығармасын сүйсіне оқыған. Керемет шыншылдықпен жазылған мақала. Ондағы айтылатын қаһарман қазақтардың қай қасиеті де Сейітхан бойынан табылады. Қайта жазушы ескермеген кейбір өжеттік, ерлік, қайсарлық белгілері өзінің мына қазағы – Сейітханның түйдек, кесек күйінде аңғарылып жататынын да біледі. Енді сол ержүрек капитан тағы бір тозақ көпіріне аяқ салмақ... Жерге табан тіреп шайқасқан жұмақ секілді екен, мына судағы айқаспен салыс­тырғанда! Бұған дейін де Днепр, Висла және басқа көптеген өзендерден ұрыс сала отырып өткен Сейітхан ротасы Одерге де атойлап қойды да кетті. Тобылдың толқынымен тербетіліп өскен Сейітханға судың қорқынышы шамалы. Жүзуден әсте малтыққан емес. Күні бұрын әзірленген түрлі қондырғыларды оңтайлы бағыттай отырып, арғы жағаға асықты. Соңдарындағы артиллерия мен минометтен бораған оқ бұларға алыстан жол аршып, көмек көрсетті. Міне, жағалауға табан да тиді. – Енді жер бауырлай, қорғана атыс жүргізіңдер! – деп бұйырды Сейітхан. Ма­нағыдай емес, жау пулеметтерінің сақылдаған үні біртіндеп өше бастаған се­кілді. Мұндай ұрымтал сәтті күтіп, тосыннан лап қойған өзге батальондардың жауынгерлері аз шығынмен арғы бетке өтіп те үлгерді. Бұл 1945 жылдың 27 ақпаны еді... Бұл күн Сейітхан Темірбаев ерлігінің жарқын белестерінің бірі ретінде тарихқа енді. Мына мазасыз түнде ұйқысыз, байыз таппай жүрген Сейітханның есіне осы жылдың 16 сәуірінде болған тағы бір қанды қырғын түсті. Плацдармда берік бекіністе тұрған Сейітханның ротасы Кюстрин қаласының батыс жағалауына қарай шабуылға шықты. Бұл бірінші Белорус майданының құрамында болған шешуші айқас еді. Үш күнге созылған ауыр шайқас сәтті аяқталып, біздің әскерлер фашистердің ұясы – Берлиннің дәл түбіне жетті. Берлин маңайындағы Альт-Ландсберг пен Карле-Хорст елді пункттері үшін болған ұрыс Сейітхан командирді өзгеше қырынан танытты. Рота сүйем жер ілгерілей отырып, он бір кварталды жаудан тазартты. – Жолдас капитан, біз қоршауда қалдық! – деп айқай салды бір бүйірде, құлаған үйдің тасасынан оқ жаудырып жатқан кіші сержант Крыштоп. Сейітхан енді байқады, өз тобынан ұзап, бөлініп кеткен бұларды жау қыспаққа алмақ екен. Дереу бұйрық берді: – Енді алға жылжымай, қорғаныс жасау керек! Жауынгерлер ортасы опырылған дуалды қалқан етіп, аңдысып, атыса бастады. Гитлершілер болса, өршелене оқ атып, жеті рет дуалға әр тұстан анталап келіп, қатары сиреп, кейін серпіле берді. Жау күшінің әлсірегенін шамалап үлгерген Сейітхан енді батыл шабуылға шығуға бұйрық берді... Сөйтіп, тағы бір темір құрсау қақырай сөгілді... Берлиннің қақ ортасындағы Ландвер каналынан өтудің қиындығы қайтіп ұмытылар!.. ...Иә, бұл 28 сәуірдің түні дауыл ал­дындағы тыныштықты елестеткендей екен. Рейхстагтың дәл іргесіндегі Монет сарайына шабуыл тосыннан басталды. Оның ең алғы шебінде Сейітханның ротасы кетіп бара жатты... – Ура! Отан үшін, Сталин үшін! – Сейіт­ханның кернеулі дауысы күллі Бер­линді қақыратып жібергендей шықты. Оның әлеуетті айқайын пулемет пен автомат зіркілі үстеп әкетті. Сарайдың дарбазасы маңындағы кірпіш үйіндісін қалқаланып Сейітхан мен үшінші взводтың командирі Бекен Әбішев оқ боратып жатыр. Бекен – Семей облысының қазағы. Бүгін түнде ғана үйіне хат жазды. Хатты үш бұрыштап бүктеп жатып, өзіне көз қиығын салып тұрған Сейітханға күлімдей қарады да: «... күтуіңе аз-ақ қалды деп жатырмын», – деді. Сол Бекен қалай-қалай атысады. Көздегенін мүлт жібермейді. Бір сәт Сейітхан оның сол жақ қарына ауып түскенін байқап қалды да, жер бауырлай жылжып қасына жетті. – Бекен, не болды? Сәл шыдасаңшы, бауырым! Бекеннің кеуде тұсы қызыл қанға боялып шыға келді. – Берілді ғой Берлин ит! – деді сыбырлай. Оның ең ақырғы сөзі еді бұл. Бекеннің сөзі шындыққа шықты. 2 мамырда оның қарулас достары Берлинді құлатты. Рейхстаг қабырғасына: «Қазақ С.Те­мірбаев, Қостанай – Берлин» деген таңба да түсті... «Сағынғаннан жаздым хат...» 1975 жылы «Жазушы» баспасынан менің «Сейітхан Темірбаев» деп аталатын шағын очерк кітапшам жарық көрді. Батырмен мұның алдында алты жылдай бұрын танысқан едім. Көңіл жақындығы бара-бара аға-іні арасында ғана болатын ерекше шуақты, ілтипатты сезімге суарылған сыйластыққа ұласа түскен тәтті кезеңдер еді-ау, ол! «Қанатсыз құс, армансыз адам бол­майдының» кебімен ертеңнің бір кәдесіне жарап қалар деген оймен Секеңмен кездескен сайын сыр суыртпақтап жүрдім. Сәлеміңді алып, өткір көкшіл көзін қадап, «ал, не айтасың?» дегендей үнсіз қалар еді. Жайымды көп сұрайды да, әңгімені өзіне бұрсаң жалтара түсіп, жақындатпай қояды. Мен қазақтың осынау ержүрек, нағыз коммунист, адал да байсалды азаматымен бірге өткерген сәттерімді ерекше қастерлеп есте ұстаймын. Оның отбасы, туған-туыстарымен де бірегей араласып кетуіме сол Секеңнің өзі ұйытқы болған еді. Демек, маған сұрапыл соғыс өтінен еліне аман оралған, халқының бостандығы жолындағы шайқаста бес рет жараланып, төс еті, сол қары, балтыры боршаланған, сынған қос қабырғасы кеміс бітіп, қара етке жабысқан өкпесі өмірінің ақырғы күніне дейін азапты құрсауға алған жанкешті адамның бүкіл болмыс-бітімі бірсыдырғы белгілі болатын. Әйтсе де мені журналист ретінде еліктіре түсетін бір тартылыс күші бар-тын. Ол Секеңнің дербес мұрағатымен жете таныса түссем деген ыстық аңсардан туған талпыныс дәмесі еді. Өзін дәріптеуден бойын тым аулақ ұстайтын Секең бірде дүние саларынан он ай бұрын, дәлірек айтқанда, 1982 жылдың 10 тамызында қалың папкені қолыма ұстатып жатып: «Осында сенің қажетіңе жарар біраз дерек бар», – деді. Олардың ішінде майдандастарының өзіне бейбіт өмірде жазған сәлем хаттары, құттықтау ашық хаттары бар еді. Сол баға жеткізгісіз мұралардың бір­нешеуін оқырмандарға таныстыра кетуді Секеңнің өшпес рухы алдындағы борышымыз деп түсіндік. Олар әр кезеңде жазылған. Айтар ойлары да бір арнаға тоғысып жатады. Тілектерін айтсаңызшы: «Енді соғыс бұлты төнбесін, адамзат бейбіт өмірде алаңсыз болсын!» – деп келеді. Мына хатты Целиноград облысының Астрахан ауданындағы Первомай селосында тұратын Қадан Бекенов жазыпты (7.01.76 ж.). Сейітханның дәл мекенжайын білмегендіктен, хатын ол облыстық партия комитетіне жіберіпті. «С.Темірбаев менің полктасым еді. Берлинді бірге құлатысып едік, Тобыл ауданында (Таран ауданын айтып отыр – Қ.Ә.) тұрғанда хабарласқанбыз, кейін байланысты үзіп алдық. Көріскім келеді қаруласыммен! Семьямыз араласса, қандай ғажап болар еді!..» – деп полктасын шарқ ұрып іздестірген Қадан хаты досын тапқан екен. Оны Қадан конвертінің сыртына Сейітханның қолымен түсірілген «29.01.76 жылы жауап жазылды» деген белгіден аңғаруға болады. Батырдың жұбайы Бану Жұматқызының айтуына қарағанда, олар бұдан кейін жиі хабарласып тұрыпты. Бірақ кездесудің сәті түспеген. «Сейітхан Нұрмұханбекұлы, саған хат жолдап отырған өзіңнің батальондасың, пулемет ротасының командирі Александр Яковлевич Иванов, – деп басталады мына бір хат. – Қазір Одесса қаласында тұра­мын. Сенің адресіңді 230-шы атқыштар дивизиясының ардагерлері кеңесінен алдым. Сергей, Жеңістің 30 жылдығын біз бір топ қаруластар 9 майда өзіміз қорғаныста тұрған Бендеры қаласында тойладық. Біздің полк­тан төрт адам болды: менің ротамның старшинасы Ф.Ф.Матенко және И.И.Вчина, олар Молдавияда тұрады, тамаша жігіттер, сен білуге тиіссің. Бұрынғы қорғаныс шебін аралап көрдік, окоптарымыз сол баяғы күйінде сақталыпты. Ішіне түсіп, майдандастарды еске алдық. Бұл кездесуді ұйымдастырған Бендеры қаласының мектеп оқушылары. Оларға мың да бір рахмет. Сергей, сен неге келмедің бұл кездесуге!.. Сейітхан бұл кездесуге денсаулығының на­шарлап кетуіне байланысты бара алмап еді. Осы хат Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан алынған мына бір дерекке жан бітіріп отыр. Ол Жоғарғы Бас Қолбасшының 1944 жылдың тамызында Бендерыда топтасқан жау шебін талқандауға қатысқан 57-ші Армия жауынгерлерінің қатарында аға лейтенант С.Темірбаевқа жарияланған алғыстың көшірмесі еді... Одерден өту тұсында да С.Темірбаевтың ротасы асқан жанқиярлықпен ерлік көр­сеткені белгілі. «Сіздің ротаңыздың бұрынғы пулеметшісімін, – деп жазады (2.12.77 ж.) Житомир қаласынан К.Б.Осадчук. – Одерден сонда қалай өткенбіз? Отан үшін қолдан келместі істеуге болады екен-ау. Сол ұрыс сәті есіме түсіп, өзіңді, батыл командирімді сағынғаннан хат жазып отырмын... Суда да жердегідей сезініп, бізді арғы бетке батыл бастап алып шығып едіңіз-ау!». Одер плацдармында бірге шайқасқан 900-ші атқыштар полкі екінші батальонының бұрынғы командирі Павел Антонович Несгеренко (Алтай өлкесі, Алейский ауданы, Боровекое селосы) да өз хатында (28.08.75 ж.) отты күндердің ұмытылмас көріністерін қайта жаңғыртуға тырысыпты. Батальон байланысының бұрынғы бастығы Валерий Валентинович Алексеев Мәскеуде тұрады екен. Ол хатында (4.11.75 ж.) биыл Мәскеуде 230-шы атқыш­тар дивизия­сы ардагерлерінің кеңесі құрылға­нын, оның төрағасы дивизияның бұрынғы командирі полковник Д.К.Шишков екенді­гін хабарлапты. Қазір кеңес 990-шы атқыш­тар полкінің жиырмадан астам жауын­гер­лерінің тұрағын анықтапты «Міне, солардың бірқатарын саған берейін: Соломон Бо­ри­сович Дынькин Мәскеуде тұрады. Ол бірін­ші ротаның командирі болған, әр кездескен сайын өзіңді үлкен құрметпен еске алады. Сосын: Ф.Ф.Чедурин, П.А.Нестеренко, Н.В.Кузьмин, А.Я. Иванов, Г.Г.Ильясов, М.Т.Зорина, Ф.Р.Феклина және басқалар». Кейін осы майдандастарының бәріне Сейітхан арнайы хат жазып, суреттер алмасып, кейбіреулерімен телефон арқылы сөйлесіп тұрғанын Бану жеңгей көзінің жасын сығып отырып айтты. 230-шы атқыштар дивизиясының жо­рық жылдағы ерлік шеруін кітабына арқау етуді көздеген Петр Георгиевич Ере­меев Өскемен қаласында тұрады екен. Ол қазір өзінде полктың Кеңес Одағының Батырлары Д.К.Шишков пен Ф.У.Галкиннің, И.П.Гоманков пен А.М.Ожогиннің есте­ліктері барлығын айтып, Сейітханнан сындарлы деректер күтеді. Оның бұл өтінішін Батыр кешіктірмей орындаған. Хаттар көп-ақ. Оларда келтірілген әр фамилия, әр оқиға жалықпай зерттеп, әлі де байыбына терең бойлай түсуге еріксіз жетелейтіндей. Енді мен Бану жеңгейге Сейітхан өмірден кеткеннен соң келген майдандастарының хаттарымен танысып отырмын. Солардың бірін Сейітханның полк­тасы Андрей Андреевич Угрюмов (28.02.84 ж.) жазыпты. Көңіл айту хаты екен: «Өлім қатыгез ғой... Сейітхан Нұрмаханбетұлының арамыздан кеткеніне сенбеймін. Иә, майдангерлер қатары осылайша сиреп барады. Құрметті Мая Сейітханқызы, сіздің әкеңіз біздің полктың сүйіспеншілігіне бөленген адам еді. Қарапайым, мәдениетті, асқан ержүрек капитан С.Н.Темірбаев Молдавия ұрыстарында-ақ көзге түскен. Оның әскери таланты, көрегендігі, ерлігі Берлиндегі «жау ұясын» талқандауда жан-жақты қы­рынан көрінген еді. Сіздің әкеңіздің бейнесі оны білетіндердің және бейбіт өмір ұрпақтарының жүрегінде мәңгі сақталады! Оның жоқтығына сене алмаймын! 1945-тің сәуір-мамыр айларында Берлин үшін болған шайқас күндеріндегідей Сейітхан әлі маған уыздай жап-жас, сұлу, салмақты күйінде елестейді де тұрады!..». Сейітханның соңғы күні 1983 жылғы маусымның он төрті. Таң атпай жел құтырынып, оған шақырая шық­қан күннің жалын лебі қосылғанда, аптап­ты аңызақ тынысты тарылтып, апшыны қуыра түскен еді. Ертеңгілік шәйін ішіп, үйден шыққан Сейітхан өзінің күнде жұмы­сына баратын үйреншікті жолымен Кали­нин көшесін шығысқа қарай бойлай, аяң­дап келеді. Жүрегі «ақырын, абайла» дегендей әлсін-әлі жауырын тұ­сын бізше піскілеп өтеді. «Бұл жүрек жарықтық та әбден әлсіреді-ау! – деп ойлады Сейітхан. – Қаншама инфарктіні бастан өткерді...». Осы кезекті еңбек демалысында күш жинап, ты­ңа­йып қалармын деп дәмеленген еді, енді бір аптадан соң ол да бітпек. Әзірге ден­сау­лығында ілге­рілеушілік байқалмайды, бәз-бая­ғы басыңқы, қалжыраңқы күйі. Сонда да әлем­тапырық болған ішкі әлемінен сырт көз­ге сыр алдырмай, ұнжырғасын түсірмей, қа­­шанғы сабырлығымен көңілді, салмақты жү­­руге ерік-жігерін күшпен көндірген жайы бар... Емханада бүгіндікке екінші рет оралып келе жатыр. Бірінші барғанда әлдеқалай себептермен шаруасын тындыра алмады. Енді көңілі сергек. Қалтасында арнаулы комиссияның «Сосновый бор» санаторийіне барып емделуге болады деген курорт-жолдамасы жатыр. Бұрын «жүрегің көтермейдімен» сырт түгілі, таяқ тастам жердегі демалыс орындарына жібермейтін дәрігерлер бұл жолы керемет бір рақым етіпті. «Демек, жүрек жақсы болғаны ғой, – деп Сейітхан бойын меңдеген күдікті ыдыратып, қунаңдап шыға келді. Оның үстіне жуырда ғана 22 маусымнан зейнетке шығуға арыз тастап кеткен. Шүкір, былтыр алпысқа толды, одан бері де бір жыл өтті. «Зейнетке шық, – деп тықақтап жатқан ешкім жоқ, бірақ алаңсыз дем алғысы келеді. Мына құбылмалы жүрекке айрықша күтім керек. Сол көтеріңкі әсермен өзі кадрлар жөніндегі инспектор болып жұмыс істейтін «Энергосбыт» кәсіпорнына бұрыла кетті. Партвзносқа өткенде бір жарым сом жетпей қалып еді, соны төледі. Алдағы сенбіде «Сосновый борға» жеткізіп салатын машинамен де келісіп қойды. Кетерінде коллектив мүшелері қоршап алды: – Сейітхан Нұрмұханбетұлы, ертең туған күніңізбен құттықтауға барамыз! – Күтемін, әрине, келіңіздер! – деді Сейітхан байсалды түрде. Күн түске салым тіптен қайнап кетті. – Он рет тоқтап әрең жеттім-ау, Бану! – деді Сейітхан өзін есіктен күтіп алған жұбайына шаршаңқы кейіппен. – Мына күннің мазасыздығы шығар, жатып демал, – деп Бану екінші сменадағы жұмысына жинала бастады. Күйеуінің курорт жолдамасын алғанына балаша мәз болып қуанды. – Себі тиер, барып қайт. – Бану, мен сені түнемелік күтіп алармын, – деді Сейітхан диванға қисая беріп. – Жүрегің ауырмаса күтерсің, ал шаршасаң әуре болма, – деп Бану сыртқа шығып кетті. Бану сағат үш жарымда басталатын жұмысына асығып келеді. Қашаннан қимылы жеңіл, қаңбақтай үйіріліп жүретін, қағылез, ақжарқын жанның адамгершілігі мен еңбексүйгіштігі әркімді де тәнті етерліктей еді. «Индпошив» фабрикасында үзбестен жиырма екі жыл тер төгіп келеді екен. Бар қиындықтың басында жүреді. Оның кепілдік беруімен оншақты тігінші партия қатарына өтіпті. Қаншама жастарды тәрбиелеп шығарды десеңізші. ...Сейітхан Бану кеткен соң диванға ұзақ жата алмады. Орнынан тұрды да жүрек дәрісін ішіп, шағын бөлмеде жай басып жүрді. Балкон есігі айқара ашық тұр. Ішке соққан ыстық лебі жүрегіне жайсыз тиетіндей. Бұл бөлме Сейітханның жұмыс, дем алатын кабинеті іспетті. Бір жақ қабырғада диван, оның соңын ала кітап толы биік жәшік тұр. Қарсы қабырғада жазу үстелі қойылған, оның екі жақтауына жұмсақ кресло жайғастырылған. Үстел үстіндегі шыны астында Батырдың майдан тұсында қаруластарымен түскен суреттері жатыр. Балаларының, немерелері мен жиендерінің суреттері де талғампаздықпен қойылған. Осы өмірінде өз кіндігінен төрт бала тарапты. Үлкені Абрек қазір «Кустанайтрансагентствода» инженер, үйлі-баранды. Қою шашын маңдайына қақ жара төгілтіп бос тастаған, тостаған көзді Светасының суретін қолымен жайлап сипап қойды. «Өмірден қыршын кеткен боташым», – деп сәл кемсеңдеген күйі назарын өзі алдына алып түскен Светаның балаларына аударып жіберді. Екі баласы қалды артында. Марат үшінші сыныпта оқиды. Динара балабақшада жүр. Ал, мына үшіншісі – Аида жиені – қызы Маяның тұңғышы. Мая қаладағы №1 емханада учас­ке дәрігері, күйеу баласы Әбіл нейрохирург, Аликтің суреті жоқ екен мұнда. Ол баласы Алматыда қызмет істейді. Нағима келіні, Мұхтар немересі – бәрі келіп-кетіп жүреді. «Осы ұрпақтарым, осылар сияқты жер шарының барша адамзаты алаңсыз өмір сүрсе екен» – деп іштей тебіренген Сейітхан үстел үстіндегі қорапшадан дәрі алып, талмап жіберді... ...Сағат түнгі онның шамасында жұмыс­тан шыққан Бану фабрика алдындағы шоқ ағаш ішінен Сейітханды көре алмады да, жүгіре басып жөнелді. «Жүрегі қысылмаса нетті!». Жаздың жалпағында сағат он дегенің ашық-жарықтың кезі емес пе? Дедектеп келе жатып, бұрылыстан үй жағына көз салды. Жасыл көйлек киген Сейітхан балконда отыр екен. «Уһ!», деп, демін бір алды да Бану. – Сені қарсылай алмадым, Бану! – Оқасы жоқ, ауырмасаң болды, әйтеуір. Қалқиып қасымда жүре берші!.. – Бір қорап дәріні тауысқансың ба? – Бос қорапты көрген Банудың көзі атыздай болып кетті. – Түрің өрт сөндіргендей, сен шаршап отырсың осы, «скорый» шақырайық. – Қайтесің әуре болып, ыстық шәй берші. Бану әкелген шыныаяқ шәйді Сейітхан іше алмады. Жүрегі қолқасына тығылып, көзінің нұры тайып, маңдайынан бұршақ-бұршақ тер тамшылады... Түнгі сағат бір шамасында «жедел жәрдем» машинасы Батырды өз үйінің төрі мен төсегінен амалсыз айырып, ауруханаға бебеулетіп зымырады... 15 маусымның 1 сағат 50 минөтінде, дәл туған күнінде Батыр Сейітхан мәңгілікке көз жұмды... ...Батырдың мұражайы іспеттес бөлмеде Бану жеңгеймен әңгімелесіп отырмын. – Мұндағы барлық зат Сейітханның өз қолымен қойып кеткен күйінде тұр. Анау ыстығын өлшеген термометрі... Тек тосыннан қосылған ана бір сурет қой! – деп кемсеңдеді жасқа тұншыққан Бану. Менің көзім үстелге сүйей койылған Сейітхан ағаның жиегі қара лентамен көмкерілген қаралы суретіне түсті. Омырауы орден, медальдан көрінбейді. Кешегі қайран Секең! Он тоғыз жасында Отан үшін отқа түсіп, жиырма үшінде Кеңес Одағының Батыры атанған, өмірден адам деген ардақты атты кіршіксіз, мөлдір күйінде алып өткен нағыз Батыр Секең сол салмақты, сабырлы жүзін саған тіке қадайды. ...Мен қайтарда С.Темірбаев атындағы көшемен жаяу қайттым. Бұрыстау көше еді, әдейі солай істедім, көңілім соны қалады да тұрды. Есіме Бану жеңгейдің қоштасарда айтқан: «Горисполком шешімімен Жеңістің 40 жылдығына орай Сейітхан үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылғалы жатыр», – деген сөзі түскенде, бойымды шаттық кернеп жүре берді. Ер бір рет өледі, бірақ ісі мәңгі жасайды... Қайсар ӘЛІМ, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.