Осы мәселеге қатысты Алматы дәрігерлері балалардағы аутизм белгілері мен себептері туралы баяндай отырып, ұсыныстарын алға тартты. Алматыдағы №5 қалалық клиникалық аурухананың балалар аурулары бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Хадиша Сұлтанқұлова аутизм белгілері үш жасқа дейін пайда болатынын, жеңілірек белгілері байқалатын ұқсас жағдайлар аутизм спектрінің бұзылыстарына (ASD) жататынын атады. Дәрігер аутизмге жүктілік пен босану барысындағы денсаулықтағы кінәраттар, бас-ми жарақаттары мен инфекциялардың салдары, мидың туабітті дисфункциясы, ақпаратты өңдеуге қажетті нейрондық құрылымдарының дамымай қалуы себеп болатынын еске салды.
Аутизмнің де түрлері бар. Лора Уингтің әдісіне сүйенсек, аутизмді анықтаудың үш белгісі: әлеуметтік өзара әрекеттестіктің болмауы, қызығушылықтың шектелуі мен мінездегі қылықтарының қайталануы. Мамандар нәресте шақта балада кез келген қимыл мен дыбысқа шамадан тыс үрейлену мен жылау реакциялары, тілдің кеш шығуы, оғаш әрекеттер, қарым-қатынас жасауға құлықсыздық, сөздік қорының жасына сай болмауы, сөйлеген кезде дауыссыз дыбыстардың аз болатыны сияқты белгілерді атайды. Қысқасы, бұл балалар өзімен жастыларға қарағанда сөздерді араластырып, ым-ишарамен сөйлейді, қажетін сұрауға, көргенін айтуға, өзі сияқты балалармен ойнауға қызығушылық танытпайды.
Спикер аутизмге шалдыққан балалардың вербалды және вербалды емес қарым-қатынасының бұзылуына тоқталды. Мысалы, бала қолға алғаннан қашады, көтергенде немесе құшақтағанда қатып қалады, ол адамға қарамайды, көпшілікпен араласқанда күлмейді, әке-шешесімен, қонақтармен амандаспайды, басқалармен әңгімелескенде бір нүктеге қадалып отырады.
«Аутизмі бар балаларда мақсатсыз қозғалыстар, біркелкілікке мұқтаждық, өзгерістерге қарсылық, күнделікті әрекеттерді сол тәртіп, яғни өзгермейтін диета немесе бір киімді тастамау байқалады. Мұндай пациенттің өзін тістейтін, жарақаттайтын автоагрессиялық ерекшелігін атап өткен жөн. АСБ бар балалардың 30%-ға жуығы өмір бойы өзін зақымдап отырған», дейді Х.Сұлтанқұлова.
Алайда пациенттердің бір бөлігі жасөспірім кезінде түзелсе, керісінше 40%-ында жасөспірім шағында жағдайы нашарлап кетеді. Емдеу және коррекциялық көмек болмаған жағдайда аутизмге шалдыққан балалардың 70%-ға дейіні ауыр мүгедек болып, үнемі айналасындағылардың көмегіне мұқтаж болатыны белгілі.
Х.Сұлтанқұлова осы кеселдің салыстырмалы түрде осыдан 10 жыл бұрын анықталған жаңа виртуалды түрін атап өтті. Бұл мультимедиялық плазмалардың, планшеттердің және телефондардың дамуымен сәйкес келеді. Басқаша айтқанда, бұл қалыпты дамып келе жатқан балаларды неврологиялық ауытқуға ұшыратуы мүмкін.
Дәрігер виртуалды аутизмнің алдын алу үшін тамағын ішіп отырған кезде балаға гаджет бермеуге, көп сөйлесуге, оған бәрін түсіндіріп отыруға, үнемі атын атап шақыруға кеңес береді. Балдырғандарға түсініксіз мультфильмдер көрудің орнына көбірек сөйлескен жөн.
Туабітті аутизмнің алдын алуға келетін болсақ, әйел балалы болар алдында және жүктілік кезінде гинекологпен кеңесуі керек. Егер әйел жүктілікке дейін және жүктілік кезінде фолий қышқылын қабылдаса, онда балада аутизмнің даму ықтималдығы төрт есе азаяды.
Өз кезегінде Алматыдағы «Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация» КММ директоры міндетін атқарушы Эльмира Ақшолақова аутизмі бар балаларға психологиялық-педагогикалық тексеру және кеңес беру бағдарламасын әзірлеу неге қажет екенін баяндады. Мұндай құжатты әзірлеудің өзектілігі осы санаттағы балалар санының үнемі артуымен және аутизмді психологиялық-педагогикалық диагностикалаудың отандық бағдарламаларының болмауымен байланыстыруға болады. Сондай-ақ инклюзивті білім беруді дамыту мен ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды тексеру және оларға кеңес беруде ПМПК қызметін реформалау қажеттілігі айқын болып отыр.
«Білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар» «медициналықтан» «педагогикалық модельге» көшеді. ПМПК қызметіндегі әлеуметтік-педагогикалық модель келесі тетіктер арқылы жүзеге асырылады. Бұлар – ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау мен бала үшін оқытудың арнайы жағдайларын анықтау сияқты жаңа бағыттарды енгізу, баланың даму проблемаларында, оқыту, тәрбиелеу және әлеуметтік бейімделу қиындықтарын бағалауда психологиялық-педагогикалық үлесті арттыру, ПМПК қорытындысында медициналық диагноздарды қоюға жеткізбейтін және білім беру, психологиялық-педагогикалық көмектің көлемі мен сипатын анықтайтын балалардың әлеуметтік-педагогикалық сыныптамасын енгізу, балаларды дамыту және тәрбиелеуде ата-аналарға консультациялық көмек көлемін ұлғайту», дейді Э.Ақшолақова.
Маман ПМПК-да аутизмі бар балаларды тексеру бағдарламаларын қолдану төмендегідей бірқатар мәселені шешуге жол ашатынын атады. Нақты айтқанда, бұл аутизм және АСБ бар балаларға психологиялық-педагогикалық тексеру жүргізуге қойылатын талаптар мен көлемді белгілеуге, тексеру және кеңес беру тәртібін стандарттауға, тексеру барысында әртүрлі әдістерді, әдістемелерді, тестілерді қолдануды оңтайландыруға, тексеру нәтижелерін объективті, дәл талдау және баланың дамуын бағалаудың дәлдігі үшін жағдай жасауға, балаларды тексеру және ата-аналарға кеңес беру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мамандар ПМПК-да кешенді тексеру жүргізу тәртібі туралы де егжей-тегжейлі түсіндірді. Біріншіден, ата-аналардың шағымдары мен сұраныстарын ПМПК тіркеушісі нақтылайды, ол дәрігерлердің кеңесіне жүгінудің басты себебі неде екенін, өз бастамасы әлде дәрігерлердің, педагогтердің, психологтердің, тәрбиешілердің жолдамасымен келді ме, баланың дамуына не кедергі (ата-аналардың шағымдары), нәтижесінде консультациядан не күтетінін сұрайды.
Екіншіден, медициналық және әлеуметтік-психологиялық анамнезді жинауды және бала дамуының әлеуметтік жағдайын анықтауды кез келген консультация маманы ПМПК қызметінің үлгілік қағидаларының белгіленген нысанына сәйкес жасайды. Егер ата-аналар сұрауымен болса (баладағы аутизмді тексеру, растау немесе алып тастау) немесе баланың дамуы мен мінез-құлқына шағымдар аутистикалық тәуекелділікке күдіктенуге мүмкіндік берсе, оны психиатр-дәрігер атқарады.
Жоғарыда атап өткендей, баламен қарым-қатынас жасауда қиындықтар туындап, ауру белгілері анық болса, бұдан әрі ата-аналарына сауалдама мен психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру жүргізіледі. Осыдан кейін ғана зерттеу нәтижелерін алқалы түрде талқылау және отбасында, білім беру ұйымдарында оқыту мен тәрбиелеудің арнайы жағдайларын жасау жөніндегі ерекше білім беру қажеттіліктері мен тиісті ұсынымдарды айқындау жүзеге асырылады. Содан кейін ғана ПМПК-ның жалпы қорытындысы немесе қосымша тексеру жүргізу қажеттігі туралы шешім жасалады (бастапқы тексеру бір-төрт қабылдау ішінде жүргізілуі мүмкін), сондай-ақ баланың даму мәселесі бойынша әке-шешесіне кеңес беру, оны жеңу жолдары мен шарттары туралы ұсынымдар беріледі.
Қажет болған жағдайда ПМПК мамандарымен жеке отбасылық кеңестер өткізіледі, медициналық, психологиялық-әлеуметтік-педагогикалық сипаттағы нақты жеке ұсыныстар жасалады.
Не десек те, барлық ауыртпалық алдымен ата-ананың мойнына түседі. Балада аутизм белгілері барын бірінші болып байқайтын да және оның бүкіл ауыртпалығын көтеріп отырған да сол баланың әке-шешесі. Ата анасы сәбиінің бойындағы кінәратты дер кезінде байқап, дабыл қағуының нәтижесінде аутизм кеселінен құтылған балалар да бар.
АЛМАТЫ