19 Сәуір, 2014

«Ержүрек» директор параны қаржы полицейінің өзіне ұсынған

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Әулиекөл ауданы әкімдігіне қарасты «Мерей» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Әбілдинов деген азамат экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің қызметкерлеріне «ауызбастырық» беріп, тығырықтан шығуды ойлады. Департаментке бұрын түскен шағым бойынша осы кәсіпорын директорының өз лауазымын асыра пайдаланғаны жөніндегі фактінің ақ-қарасын тексеруге барған қаржы полицейіне директор 185 мың теңге пара бермекші болды. Директор тексерудің соңын күтпей, істің оң қорытындылануына қол жеткізу үшін қаржы полицейіне ақшаны бірнеше рет ұсынады. Бірақ ол пара алмайтынын, ал пара бергені үшін директордың қылмыстық жауапкершілік арқалайтынын ескертеді. Алайда директор бұл ескертуді тыңдамайды, кәсіпорынның бас бухгалтеріне кассадан 185 мың теңге ақшаны өндіріс бөлімінің меңгерушісі азамат С.-ның атына жазып беруді бұйырады. Кассадан алынған бұл ақша Қаржы полициясының қызметкеріне пара ретінде беріледі. Парақордың бұл әрекеті департаменттің Әулиекөл ауданындағы өңіраралық бөлімі ғи­ма­ратында ақша беру кезінде әшкере болды. Әбіл­диновтың ісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа жіберілді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы.