19 Сәуір, 2014

Пасха мейрамымен құттықтады

367 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Пасха мейрамымен құттықтады, деп хабарлады Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі. Қымбатты отандастар! Бүкіл Жер шарындағы миллиондаған адам ерекше сезіммен күтетін жарқын мереке – Пасхамен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – христиандар үшін ең қастерлі күн және биыл оны православиеліктер мен католиктердің бір мезгілде мерекелеуінде символдық мән бар, делінген Президенттің құттықтауында. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Пасханың жаңару, шаттық және үміт лебін ала келетінін, оның ізгілік бастауының, ақиқат пен әділеттің салтанатын паш етіп, игі істерге шақыратынын атап көрсетеді. Бұл күндері барлық адамға бірлік, сенім, өзара құрмет және сұхбаттасуға бейілділік сияқты құндылықтардың өміршең мәні айрықша айқын сезіледі. Гуманистік мұраттар ортақ рухани кеңістік қалыптастыра отырып, мейлінше құнды бола түседі, делінген құттықтауда. Қазақстан – қоғамның нығаюына, елдің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатын барлық дін үшін құшағы ашық ел. Біздің мемлекетіміз барлық конфессия өкілдеріне жайлы ахуал қалыптастырып отыр. Біз бәріміз бірге, соның ішінде православиеліктер мен католиктердің де белсене қатысуымен татулық пен келісім арқылы қуатты Қазақстанды қалыптастырудамыз, дейді Президент өзінің құттықтауында. Пасха – адамдарды жақындастыра түсетін отбасылық мереке және бұл тату-тәтті тұратын, ортақ болашағына сеніммен қарайтын алып шаңырақ іспетті біздің ел үшін ерекше маңызды, дей келіп, Мемлекет басшысы құттықтауын мынадай сөздермен аяқтайды: «Менің құттықтауымды және бақыт, игілік, жан жылуын тілеген лебізімді қабыл алыңыздар! Барша қазақстандықтарға өзара түсіністік пен келісім тілеймін!».