19 Сәуір, 2014

Сыртқа былғары шикізатын шығаруға мерзімді тыйым салуды енгізу қажет

449 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Статистикалық деректерге сәйкес, бүгінде Қазақстанда былғары кәсіпорындарының мәлімделген қуаттылығының 90-95 пайызын қамтамасыз ету үшін былғары шикізаты жеткілікті көлемде өндіріледі екен. Мәселен, республикамызда 2013 жылы ірі малдың терісі – 2,5 млн. дана, ал ұсақ малдың терісі 7,6 млн. дана көлемінде алынған. Бірақ, бұған қарамастан, отандық былғары кәсіпорындары тері шикізатының тапшылығынан азап шегуде. Бұның басты себебі, ол еліміздегі тері өнімдерін Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге, әсіресе, көп жағдайда Қытай Халық Республикасына әкету болып табылады. Біразы заңды жолмен экспортталса, басым бөлігі көлеңкелі жолдармен кетеді. Осының салдарынан жасырын кетіп жатқан теріден мемлекеттік бюджет қомақты қаржы жоғалтады екен. Шикізат әуелі Қазақстан­­­­нан Қырғызстанға әкетіліп, одан кейін Қытай Халық Респуб­­ли­ка­сына жіберілетін көрінеді. Өң­делмеген теріні Қазақстаннан тыс жерлерге әкету көлемін қысқарту үшін Үкімет эконо­ми­калық рет­теуші ретінде шыға­рылатын тауар­дың тоннасына кедендік баж салығын 200-ден 500 еуроға дейін көтерген. Алайда, бұл шара күтілген нәтиже берген жоқ, өйткені, ол екіжақты қаты­настармен бекітілген ТМД елде­рінің еркін сауда аймағы шең­берінде қалыптасқан сауда қаты­настарына қатысты болмады. Кеден одағы Комиссиясының 27.01.2010 жылғы №168 «Бела­русь Республикасы, Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясы Кеден одағының тарифтік емес реттеудің бірың­ғай жүйесінің жұмыс істе­у­ін қамтамасыз ету туралы» шешіміне сәйкес былғары шикі­заты Кеден одағының ішкі нарығы үшін маңызды болып табылатын тауарлар тіз­бесіне енгізіліп, оған ерекше жағдайларда уақытша шектеу немесе экспортқа тыйым салынуы мүмкін. Кеден одағы бойынша біздің серіктесіміз Беларусь, былғары шикізатын әкетуге дүркін-дүркін тыйым салу­ды енгізіп отыр, мысалы, соң­ғы уақытта 6 айға дейінгі мер­­зімге тыйым салу екі рет енгі­зілді. Мұндай кезеңділік отан­дық былғары шикізатын қайта өңдеушілерді қорғауға бағыт­тал­ған шараның тиімділігін көрсетті. Ағымдағы жылдың ақпа­нында Ресей үкіметі «Былғары аяқ киім және сонымен байланысты салалардың өнеркәсібін дамытуға бағытталған іс-шара­лар туралы» қаулы қабыл­дады. Мұндай іс-шаралардың мақ­саты былғары экспорты көле­мінің арта түсуіне байланыс­ты туындаған ішкі нарық­тағы былғары жартылай фабри­ка­тының жетіспеушілігін жою болып табылады. Осы орайда, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге былғары шикізатын шығаруға мерзімді тыйым салуды енгізу қажет деп есептейміз. Отандық былғары кәсіп­орын­дарының және бір маңызды проблемасы олардың импортқа тәуелділігі болып отыр. Бүгінгі таңда, олар негізінен Италия, Түркия, Қытай және басқа да елдерде шығарылған құрал-жабдықтармен жұмыс істейді. Кеден одағы аумағында осы салаға керекті құрал-жабдықтар шығарылмайды. Былғары шикізатын қайта өңдеу кезінде пайдаланылатын химиялық өнімдер де дәл осы себептермен шетелден импортталады. Жеңіл өнеркәсіп үшін құ­рал-жабдықтарды, қосалқы бөл­шектерді және химикаттарды баж салығынсыз әкелу мәсе­лесі республикамызда жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген. Алайда, аталған ережелерді іске асыру белгісіз мерзімге шегеріліп отыр. Сонымен бірге, жақындағы бағамдық түзетуден кейін дәл осы импортқа тәуелді кәсіпорындар өте қиын жағдайға тап болды. Сатып алу бағасы теңгеге қайта есептегенде 20-22 пайызға артты, бұл, өз кезегінде, өнімнің өзіндік бағасына әсер етіп, оны сыртқы нарықта бәсекеге қабілетсіз етіп отыр, ал паркті жаңарту және өндірісті жаңғырту кейінге қалдырылды. Келешекте бұл артта қалушылықты жою айтар­лықтай қиынға соғады да, еліміз тек шикізатты жеткізуші рөлінде қалмақ. Мұндай жағдайда кедендік жеңілдіктерді енгізу дұрыс деп ойлаймыз. Бұл шараны енгізу бюджеттен қосымша шығынды талап етпейді, себебі, бюджетті басқа баптар арқылы, оның ішінде шикізат экспортына кедендік мөлшерлемені арттыру және басқа да табиғи ресурс­тар есебінен қалпына келтіруге болады. Тағы да бір атап өтетін мәселе, ол тері шикізатының са­тып алуын мемлекет тарапынан субсидиялау. Қазіргі кезде рес­публикамызда тек мақта шикі­затының сатып алынуы қаржыландырылады. Еліміздің жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасында көзделген тері шикізатын қаржы­ландыру мәселесі осы күнге дейін шешімін таппауда. Біз­дің ойымызша, қазірден бас­тап тері өнеркәсібіне қажетті суб­сидия көлемін анықтап, қар­жыландырудың сызбасын дайындап, талқылау керек. Сарапшылардың айтуынша, субсидиялауды қайта өңдеу кәсіпорындары арқылы жүзеге асыру керек. Бұл сызба, яғни схема кәсіпорындарға шикізат нарығында әділ бағаны ұсынуға мүмкіншілік беріп, аталған салада пайда тауып жүрген делдалдардың ісін тоқтатады. Сонымен бірге, қаржыландыру мәселесі шешімін тапқан жағдайда, былғары шикізатын қайта өңдеушілерді жергілікті жерлерде тері-терсек жинау ісіне қосу керек, өйткені, сұранысы болмаған малдың терісін шаруалар қоқыс қоймаларына тастауға мәжбүр. Осыған орай, бұл істің ұйымдастырылуын жергілікті атқарушы органдарға жүктеп, орындалуын қамтамасыз ету керек. Бүгінгі таңда Алматы, Қор­­дай, Екібастұз, Рудный, Семей, Тараз былғары зауыттары әртүр­лі себептер бойынша тоқтап тұр. Мыңдаған адам жұмыссыз қал­ды. Бірқатар зауыттардың бюджетке салық төлеу бойынша проблемалары бар, бұл олардың қаржылық жағдайларын одан әрі қиындата түсетіні анық. Әлихан ТОЙБАЕВ, Мәжіліс депутаты.