Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Австрия өнеркәсіпшілері бірлестігі делегациясымен – ұйымның президенті Вайт Зоргер бастаған австриялық ірі компаниялар басшыларымен кездесті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Қазақстан мен Австрия арасындағы сауда-экономикалық саладағы қызметтестіктің ағымдағы жағдайы мен перспективалары талқыланды.
В.Зоргер австриялық бизнес өкілдерінің қазақстандық әріптестерімен энергетика, көлік, құрылыс, мәшине жасау, телекоммуникациялар, тамақ өнімдерін өндіру мен өңдеу және экономиканың басқа да салаларындағы қызметтестікті нығайтуға және іскерлік байланыстарды кеңейтуге мүдделі екендігін жеткізді.
Өз кезегінде К.Мәсімов австриялық бизнесмендерге Қазақстанда 2007-2009 жылдары қабылданған экономиканы тұрақтандыру шаралары және елдің дағдарыстан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму болашағы жөнінде хабарлады. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен елді дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын орындау аясында, сол сияқты үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың бесжылдық мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты Үкімет инвестициялық, салықтық жағдайларды жақсарту және Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін қолайлы ахуал қалыптастыру саясатын жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Осы орайда К.Мәсімов 170 миллион адамнан асатын Кеден одағының өткізу рыногы Қазақстанда өнім шығаратын инвесторлар үшін аталған интеграциялық бірлестікке мүше елдер аумағында тауар өткізуге қосымша артықшылықтар беретінін айрықша атап көрсетті. Австрияның өнеркәсіп кәсіпорындарының Қазақстанды индустриялық дамыту жоспарына үйлесімді қосылуына болады. Бізде технологиялар тартуға жағдай жасайтын шикізат ресурстары бар. Мұндай жағдайда технологиялар мен Австриядағы бизнесті жүргізу деңгейі, сол сияқты Қазақстанның географиялық жағдайы мен шикізаттық мүмкіндіктері бірін-бірі толықтыра түсетін фактор болып табылады, деді К.Мәсімов.
Сол сияқты Қазақстан Үкіметінің басшысы компания президенті Йон Сенс бастаған “Sіemens AG” АҚ өкілдерімен де кездесті.
Кездесу кезінде көлік саласындағы қызметтестікті дамытудың көкейкесті мәселелері талқыланды.
И.Сенс компанияның қазіргі заманғы электровоздар мен жабдықтарды оларға қатысты технологиялар трансфертімен қоса шығару жөніндегі жобаны жүзеге асыруға, жоғары біліктіліктегі жұмыс орындарын жаңадан ашу мен өндірісті дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
К.Мәсімов Қазақстанның қызметтестікті өзара тиімді әріптестік принципінде құруға, сондай-ақ елді индустриялық-инновациялық дамыту мақсаттарына жауап беретін, қазақстандық мазмұнды ұлғайтуға және жергілікті тұрғындарды оқытуға бағытталған жоғары технологиялық өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін хабарлады.
Осы күні түстен кейін Премьер-Министр К.Мәсімов Қазақстанда 3G үшінші буындағы ұялы байланыс стандартын енгізу және жиіліктерді жұмыс істеп тұрған ұялы байланыс операторлар арасында ақылы негізде бөлу мәселелері бойынша жұмыс бабындағы кеңес өткізді.