Қоғам • 01 Маусым, 2022

Балалар жылы аясындағы іс-шараларға 48,3 млрд теңге бөлінген

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Балалар жылы» аясындағы іс-шараларға 48,3 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы бүгін өзінің Facebook парақшасында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жазды.

Балалар жылы аясындағы іс-шараларға 48,3 млрд теңге бөлінген

Үкімет басшысының айтуынша, балалар мерекесіне сәйкес келген бүгінгі Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Жарлығымен жарияланған «Балалар жылын» өткізу мәселесі талқыланған.

«Биыл «Балалар жылы» аясында көптеген іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асырылуда. Бұл мақсатқа мемлекеттік қазынадан жалпы сомасы 48,3 млрд теңге бөлінді. Олардың барлығы нақты орындалуы тиіс. Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету», деп жазды Премьер-Министр.

Сондай-ақ ол облыс әкімдіктеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларын сауықтыру шараларымен қамтуды, олардың жазғы демалыста бос уақытын пайдалы өткізу мәселесіне көңіл бөлуді тапсырғанын да атап өтті.

Премьер-Министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде спорт алаңдары мен балаларды дамыту орталықтары жабдықталуы тиіс.

«Денсаулық сақтау министрлігі шалғай елді-мекендердегі балалардың денсаулық жағдайына скринингтік және стоматологиялық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмысын ұйымдастыратын болады», деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар балалардың құқығын сақтауға, экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастыруға, оларды түрлі үйірмелермен және секциялармен қамтуға қатысты бірқатар тапсырмалар берді.

Алихан Смайловтың жазбасында барлық өңір әкімдері «Балалар жылына» арналған іс-шаралардың орындалуын жеке бақылауында ұстауы тиістігі де айтылған.

«Адамның бір қызығы – бала деген» деп ақынымыз Абай айтқандай, балалардың білім алып, оларға жан-жақты қамқорлық жасау, құқықтарын қорғау – мемлекеттің маңызды міндеті. Сондықтан кешенді іс-шаралардың барлығы менің тұрақты бақылауымда болады», деді Әлихан Смайылов.

Аяна Тоғанбек