Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
«Мың өліп, мың тірілген» жаны сірі халқымыз «Көп қорқытады, терең батырады» деген нақыл сөзін Мағжан Жұмабаев:
«Алыстан орыс, қытай – ауыр салмақ,
Жақыннан тыншытпайды
қалың қалмақ.
Артында – ор, алдында – көр,
жан-жағы – жау,
Дағдарған Алаш енді қайда бармақ?», деп жырлаған қилы заманда қиналғанынан айтқан болар, шамасы.
Ұлан-ғайыр жерінің көлемі бойынша дүние жүзінде 9-орынды, ал халқының саны бойынша 64-орынды ғана еншілеп отырған Қазақстан үшін демография мәселесі, соның ішінде, ішкі және сыртқы көші-қон жайы қазіргі алмағайып кезеңде де аса маңызды екенін көзі ашық, көкірегі ояу адамның бәрі түсінеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» бағдарламалық мақаласында: «Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік және шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті әрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Бұған қоса, соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз. Бұл екі мәселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде және ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс», деп жазып, мемлекеттік көші-қон саясатының мән-маңызын ашып көрсетті. Сондай-ақ былтырғы Жолдауында Үкіметке Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсыра келіп: «Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек. Атап айтқанда, оны әкімдіктер арқылы ғана емес, оңтүстік өңірлерден адамдарды өз бетімен жалдайтын жұмыс берушілердің шығынын өтеу арқылы да беруге болады. Өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де көшуіне жағдай жасаған жөн. Көшіп келген азаматтарға үй салу ғана емес, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін де жер телімдерін беру мүмкіндігін пысықтау керек. Сондай-ақ оларға мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет», деп нақты міндеттер жүктеді.
Бұл бағытта қандастарды қабылдауға қоса, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару қолға алынғаны белгілі. Үкіметтің мәліметіне сүйенсек, өткен бес жыл ішінде оңтүстіктен солтүстік өңірлерге 33,8 мың адам қоныстандырылған. Бұл аз ба, көп пе? Мұны білу үшін көші-қон статистикасына көз салайық. Кейінгі бес жылда тұрғындар саны Қостанай облысында 22 мыңға (2017 жылғы 879 мыңнан 2022 жылғы 857 мың адамға дейін), Павлодар облысында 10 мыңға (757 мыңнан 747 мың адамға дейін), Солтүстік Қазақстан облысында 26 мыңға (563 мыңнан 537 мың адамға дейін), Шығыс Қазақстан облысында 33 мыңға (1 389 мыңнан
1 356 мың адамға дейін) азайған. Тұтастай алғанда, аталған қоныс аударушыларды қабылдаушы 4 өңірде бес жыл ішінде тұрғындар саны 91 мыңға кеміген. Жылдан-жылға жалғасып келе жатқан осы теріс үрдістің қашан тыйылары белгісіз. Сайып келгенде, бұл қоныс аударушылар саны аз болып, қоныс аудару бағдарламасы күткендегідей нәтиже бермегенін көрсетеді.
Мұның себебіне үңілсек, ең алдымен, Үкімет солтүстік және шығыс өңірлердегі дабыл қағарлықтай демографиялық ахуалға және қоныс аудару бағдарламасын іске асыруға жете көңіл бөлмей отырғаны аңғарылады. Атап айтсақ, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қоныс аударушылар мен қандастарға бөлінетін жылдық квотаны жұмыс күші тапшы өңірлердің берген өтінімдеріне сәйкес бекітумен ғана шектеліп, осы мемлекеттік маңызға ие бағдарламаны іске асыруға араласпай, оны жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне беріп, жайбарақат қарап отыр. Мысалы, биылғы жылы өңірлік квота бойынша небәрі 6 587 қоныс аударушыны және 1 499 қандасты қабылдау көзделген. Себебі солтүстік және шығыс өңірлердің әкімдіктері, «Аш құлақтан тыныш құлақ» дегендей, жергілікті тұрғындар саны жылдан-жылға азайып бара жатқанына онша алаңдамай, қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдаудың машақаты көп шаруасымен шұғылдануға онша құлшыныс танытпайтыны, тіпті жергілікті шенеуніктер тарапынан көшіп келген ағайындарға адами жанашырлық жетіспей жататыны белгілі. Демек, көші-қон саясатына жаңа тәсіл қажет. Нақты айтсақ, жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындарын жұмыс күші тапшы солтүстік және шығыс өңірлерге ерікті түрде қоныс аудару және қандастарды қабылдау бағдарламасын іске асырумен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уәкілетті мемлекеттік орган ретінде тікелей айналысып, тиісті облыстар әкімдіктерінің сылбыр қимылына соны серпін бергені жөн. Бұл үшін солтүстік және шығыс өңірлерде қоныс аударушылар мен қандастарды қабылдауды барынша көбейтудің бірнеше жылға арналған болжамды жоспарын жасап, тиянақты іске асыру қажет. Осы мақсатта, бәлкім, қоғамда айтылып жүргеніндей, Үкіметтің жанынан Көші-қон агенттігін немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан дербес Көші-қон комитетін құру қажет шығар. Сонымен қатар бұл мемлекеттік мәселе Үкіметтің ұдайы бақылауында болғаны жөн.
Шынтуайтында, оңтүстік өңірлерден солтүстік және шығыс өңірлерге қоныс аударғысы келетін отбасылар, әсіресе жаңа шаңырақ құрған жастар аз емес. Бұны Алматы облысынан СҚО-ға көшіп барған қоғам белсендісі Бурахан Дақанов ашқан «Теріскейге жорық» телеграм-арнасына үн қатқан азаматтардың сөздеріне қарап байқауға болады. Алайда олардың көбі қоныс аударудың мән-жайын білмейді және әлеуметтік желіде қойған сауалдарына құзыретті шенеуніктер тарапынан жауап алып жатқан жоқ. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан қоныс аудару мәселелері бойынша азаматтарға ақпараттық қолдау көрсететін орталық құрылса, құба-құп.
Қандастарды қабылдау мәселесіне келсек, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы халықтық асар әдісімен шетелден көшіп келетін қазақтарға тұрғын үйлер салу бастамасын көтеріп отыр. Әлбетте, оған Үкімет назар аударып, қолдау көрсетсе, игі. Ақмола және Түркістан облыстарында іске асырылып жатқан қандастарға арналған агроқалашықтар салу жобасы алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысында жалғасын табуға тиіс.
Осы орайда бір ескерерлік жайт: орыстілді тұрғындары басым солтүстік және шығыс өңірлерге Өзбекстаннан және басқа ТМД елдерінен көшіп келетін, орыс тілін білетін қандастарды көбірек орналастырған дұрыс болар еді. Өйткені Қытай мен Моңғолиядан және басқа шет мемлекеттерден көшіп келген қандастарымыз орыс тілін білмегендіктен, теріскей өңірлерде қиындықтарға тап болып, жаңа ортаға тез бейімделе алмай, қиналып жүр.
Мемлекет басшысының өз бетінше бизнеспен айналысқысы келетіндердің де солтүстік және шығыс өңірлерге көшуіне жағдай жасау, көшіп келген азаматтарға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жер телімдерін беру жөніндегі тапсырмалары қоныс аударуға ниеттеніп отырған адамдарды қуантып тастағанымен, олардың орындалу барысы көңіл көншітпейді. Осыған орай, Мәжіліс депутаты Құдайберген Ержан Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында: «Халықпен кездесулерімізде қоныс аудару бағдарламасының орындалуы жөнінде сын-ескертпелер айтылды. Кей жерлерде тіпті жергілікті биліктің әрекетсіздігін саботажға теңеді. Бағдарлама аясында көшіп барғанымен, кейін қайтуға мәжбүр болған жерлестеріміз себептерімен бөлісті. Олар мынадай: біріншіден, жергілікті әкімдіктер немқұрайдылық танытып, қоныс аударушы азаматтар өз проблемаларымен өздері бетпе-бет қалған. Екіншіден, қоныс аударушыларға берілген тұрғын үйлердің сапасыздығы балалардың денсаулығына теріс әсерін тигізген. Үшіншіден, жеке қожалық шаруашылығын жүргізуге мүмкіндік болмаған. Төртіншіден, мал шаруашылығымен және диқаншылықпен айналысуға шабындық, жайылым, жер телімдері берілмеген. Жылдап игерілмей бос жатқан жерлер бола тұра, жергілікті атқарушы органдар әртүрлі себепті алға тартып, қоныс аударушылар сұранысын орындауға асықпайды», деп жазыпты. Мәжілісменнің осы пікірі де көші-қонға жаңа тәсіл қажеттігін айғақтап тұр.