Кездесудің өзегі – жалпы Республикалық референдумды өткізу, жастарға мемлекет үшін маңызды күннің мәнін түсіндіру. Болашақ мамандар елімізде жүріп жатқан саяси үдерістерге мүдделі екендігін көрсетіп, көкейлерінде сұрақтарын қойып, көзқарастарын білдіріп отырды.
Кездесуде алғаш болып сөз алған сенатор Динар Нөкетаева жиналғандарға алдағы өтетін еліміз үшін аса маңызды қадам деп бағаланған жалпы халықтық Референдум туралы жан-жақты мәлімет беріп өтті.
«Жалпы Конституцияға нақты қандай өзгеріс енгіземіз деген мәселе алдын ала Президент тапсырмасымен сараланды. Соның нәтижесінде Ата Заңымызға осы референдумда өте үлкен тарихи маңызы зор өзгерістер енгізілетін болып отыр. Мәселен, қазіргі Конституциядағы 99 баптың 33-іне 56 өзгеріс енгізілмек. Сондықтан да мұны бүкіл халықтық референдумға шығару керек деген ұсынысты Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында мәлімдеді», деді сенатор Д.Нөкетаева.
Ол сонымен қатар барлық өзгерістер Қазақстанның болашағы үшін барынша маңызды екенін айта келе, ең негізгі дегендеріне жеке тоқталып өтті.
«Президент Жолдауында бұрынғы суперпрезиденттік жүйеден ықпалды Парламент жүйесіне көшуді заңдастыруды, сонымен қатар билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта қарауды ұсынды. Халық енді жергілікті әкімдерді сайлау арқылы өздері таңдайды. Сонымен қатар осы күнге дейін Парламент депутаттары түгелдей дерлік партиялық тізіммен сайланған болса, ендігі жерде олардың 30 пайызы можаритарлық жүйемен, яғни өзін өзі ұсыну арқылы дауыс жинап сайланатын болып отыр. Сәйкесінше облыстық, қалалық мәслихат депутаттарының 50 пайызы осы әдіспен сайланады. Осының бәрі Қазақстанның жаңаша дамуына жасалған нық қадамдар», деді Динар Нөкетаева.
Сенатор Бақытжан Жұмағұлов та алдағы тарихи күнді әділетті, заң үстемдік құратын Мемлекет құруымыздың алғышарты деп қабылдауымыз керек деген пікір айтты.
«Президент «Жаңа Қазақстан дегеніміз – бұл Әділетті Қазақстан» деп нақты айтып кетті. Әділеттілік бар жерде даму мен өркендеу бар. Ең бастысы монополия болмауы керек. Саяси партиялардың ішінде шынайы бәсекелестік болуы қажет. Бізді бір қуантарлығы алдағы референдумның маңыздылығын әсіресе жастар жағы жақсы түсініп, қызу қолдау білдіріп отыр. Олардың барлығы өздерінің болашағын Әділетті Қазақстанмен байланыстырады. Оған бүгінде осы оқу орнындағы жастармен кездесуде кезекті рет көзіміз жетті», деді сенатор Б.Жұмағұлов.
Екі сағаттан аса уақытқа созылған жиын барысында жастар оқытушылар мен қала белсенділері депутаттардан алдағы саяси реформаларға қатысты сауалдарына тұщымды жауап алды.
АЛМАТЫ