Өткен қыс ортасында тебінде жүрген сүті бұлақтай кер бие пышаққа ілікті. Әуелі ауыл адамдары бие әлдебір ауруға шалдыққан шығар деп топшылаған. Кішігірім шошаладай ірі бие ауыл қотанына сүлдерін сүйретіп әзер тұяқ іліктірген. Мал болмайтынын көрген соң жігіттер жиналып, сойып алыпты. Сол кезде ет пен терінің ортасында қалып қойған құс мылтықтың ірі оқтары табылған. Әлдебіреу тебінде жүрген жылқыны атады деген суық ой ешқайсысының санасына кіре қоймаған. Бір отбасын асырап отырған, атам қазақ қасиетті санаған жылқы малына кімнің қолы көтерілсін. Жантүршіктірер жаман оқиға жабулы күйінде қалды. Арада аз уақыт өткен соң тебінде жүрген тағы бір бие оққа ұшты. Сол жолы әлдебір безбүйрек қаскүнемнің қолынан келген қастандық екендігі белгілі болды. Үйірге түсіп жүрген айғыр да ажал құшты. Ұзын-ырғасы бес бірдей жылқы оққа ұшты. Мал иелері құқық қорғау орындарына іле хабар бергенімен, оқыс оқиға уақтылы ашылмай, жылқы атқан жаман ниетті адамдар табылмай қалды.
– Қастықпен істелген нәрсе, – дейді ауыл тұрғыны Балтабек Жанталинов, – ұры болса айдалада атып жыққан малдың етін тік көтеріп алып кетпес пе еді?! Оққа ұшып жайрап қалғанына қарағанда, қоқан-лоқы жасаған сыңайлы. Оқыс оқиғаға себеп болып отырған жайылым жайы, оның тарлығы қазір ауыл тұрғындарының шымбайына батып отыр. Жоғарғы жақта «Бурабай» ұлттық паркі, төменгі жақта егістік алқаптары. Төрт түлік малдың сүмесімен күн көріп отырған ауыл адамдары ендігі арада мал да баға алмайтын болып тұр. Жайылымның арғы шетіне ұлттық парк ағаш көшеттерін отырғызған. Ол жаққа мал бақпақ түгіл, аттап аяқ баса алмайсың. Жаз бойы жылқы біткен жарқабақтың бойында тілін тістеп тұрады. Ол жер де шүйгін жер емес. Заңсыз полигон. Шашылған күл-қоқыс, малдың, иттің өлімтігі.
Осы арада заңсыз полигон туралы бірауыз сөз айта кетелік. Ақсақалдың өкінішті дәмінен кейін әдейі барып көрдік. Ауыл іргесінен басталатын бей-берекет күл-қоқыс төккен орындар әлденешеу. Тіпті санап тауыса алмайсың. Бурабайдың баурайындағы тамаша табиғаттың реңін бұзып, ақжоңқа болып шашылып жатыр. Көргенде жүрегің айнитыны былай тұрсын, айтсаң аузыңа ұшық шығатындай. Табиғат жанашырларының ит арқасы қияндағы жер емес, әлемге әйгілі Бурабайдың баурайындағы мына сорақылықты көрмей, қайда қарап отырғандықтарын түсіне алмайсыз. Тұрғындардың айтуына қарағанда, көктемде еріген қар суы сансыз жыра, ор болып опырылған терең сай арқылы заңсыз полигондардың бар қоқысын Кіші Шабақты көліне құяды. Диқандар қайың шоқтарының дәл іргесіне дейін тақап, қаусыра жыртып тастапты. Жаңа көктеп келе жатқан балапан ағаштар жыртылған жердің астында қалған.
Жайылым жайы жанына батып отырған ауылда биылғы көктемнің соңын ала тағы да дау шықты. Бұл жолы ауыл тұрғындары азын-аулақ малдарын жайып отырған жайылымдарын қорғап, өре түрегелді. Түсінікті болуы үшін сәл таратып айталық, ауыл тұрғындарының бағымында 200 бас жылқы, 200-ге таяу қара мал, төрт жүздің төңірегінде қой-ешкі бар. Жайылымдық жер 1 743 гектар. Мал мамандары әр қара малға 9 гектар шамасында жайылымдық жер қажет деп есептегенімен, бұл өңірдегі шөптің шығымы қисынға келе қоймайды. Өйткені таулы-тасты жер. Өткен жылғы қуаңшылықта қырат-қырқалардағы шөп тамырына дейін күйіп кетті. Биыл да көктем шыққалы аспаннан нәр тамған жоқ. Малсақ қауым төрт түлік малын қайда апарып жаярын білмей дал. Он мың гектарға жуық егін егетін серіктестік төңіректің бәрін қусырып, жыртып тастаған. Ол аздай қаладан келген әлдебір кәсіпкер ауыл іргесіне қора салып алып, мал бағып отыр. Ауыл тұрғындарының айтуына қарағанда, ешкімнен рұқсат алмаған. Біз бұл жөнінде ауылдық округ әкімінен сұрап білдік.
– Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, – дейді ауылдық округ әкімі Жеңіс Көбенов, – Әйтпесе ветеринарлық есепте бар. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелсе де, ауыл тұрғындарына тиесілі жайылымда малын баға алмайды. Бар сұрақ осында болып тұр.
Жеке кәсіпкердің бірнеше жыл бойы мал бағып жүргендігін ауыл тұрғындары көрсе де үндемеген. Кәсіпкер жыл сайын мал басын көбейтуде. Табынға табын, үйірге үйір қосылып жатыр. Ақкөңіл ауыл адамдары мал баққанына қарсы емес, заңдастырып, өзіне тиесілі жайылым жер алса екен дейді. Оқиға осылай бейбіт сипатта өрби берер ме еді, қайтер еді, іргедегі Жасыл ауылының 120 жылқысы Ақылбай ауылының жайылымына түскен кезде шу шыққан.
Жайылым әділ бөлініп, ауыл тұрғындарының өкпе-назын тарқату үшін бір шешімге келу қажет тәрізді. Ауыл тұрғындары табалдырығын тоздырған аудан әкімдігі қиын түйінді шешіп берер деген үміт бар. Әйтпесе, бүгін жылқы атқандардың ертең өзгені қарауылына байламасына кім кепіл?!
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы