Жуырда Созақ ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 2002 жылғы, яғни 20 жыл бұрынғы түлектері мұқтаж отбасыға үй сыйлады. Оқу ордасын бітірген соң әртарапта жүрген түлектер бірлесіп салған үйдің кілті көпбалалы отбасыға табыс етілді. Отағасы екеуі 5 баланы өсіріп отырған Гүлжанат Қыдырбаеваға берілген 4 бөлмелі үйдің жылу жүйесі, бау-бақша өсіруге арналған 20 сотық жері бар. Өзінің жеке үйі болмаған Шолаққорған ауылының тұрғыны Гүлнара Жұманбаева да баспаналы болды. Төрт бала тәрбиелеп отырған ана пәтер жалдап тұрып келген. Есімін атамауды өтінген кәсіпкер мұқтаж отбасыға 5 бөлмелі баспана тарту етті. «Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлының бастамасымен облыс көлемінде «Қамқорлық» жобасы қолға алынған. Созақ ауданынан көмекке мұқтаж 32 отбасы анықталды. Бүгінде тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, көмір отынымен қамту және өзге де қажетті көмектер көрсетіліп келеді. Бүгін жүрегі кең кәсіпкер азамат ауданымыздың тұрғынына үй тарту етті. Ауданда бүгінгі таңға дейін «Қамқорлық» бағдарламасы аясында 9 үй берілді», деді тұрғын үй кілтін табыстаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.
Аудан орталығынан берілген үй коммуналдық қызметтерге қосылған. Бау-бақша өсіруге арналған жері бар. Жер учаскесі қосалқы шаруашылықты дамытуға мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе бала тәрбиесіне байланысты жалдамалы жұмыспен айналысуға мүмкіндігі жоқ отбасы үшін өте маңызды.
Қазығұрт ауданының азаматтары да аз қамтылған отбасыға үй салып берді. Сарапхана ауылы, Талдыбұлақ елді мекенінде бой көтерген тұрғын үй жиһаздармен қамтылған. Ауыл азаматтары мектепті бітіргендеріне 20 жыл толуына орай осы игі істі қолға алуды жөн көріпті. Ауылдастарының қолдауымен жаңа қонысқа жайғасқан отбасыға демеушілер азық-түлік пен қажетті үй жиһаздарын жеткізіп беруде. Жаңа үйге кірген азамат жомарт жүректі достарына, ауылдастарына алғысын айтты. Ал Ордабасы ауданында тұратын жалғызбасты анаға баспана кілтін шымкенттік кәсіпкер Ғани Нұржігітов өзі арнайы келіп ұсынды. Екі қыз, үш ұлды тәрбиелеп отырған Мереке Үсенбаева атымтай жомартқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар кәсіпкер жалғызбасты ананың отбасына тұрмыстық техника сыйға тартты. Үлгі етерлік осындай қайырымдылықтың нәтижесінде Түркістанда тағы бір отбасы баспаналы болды. «Бекзат Саттархановтың есімі берілген шағын аудан тұрғындарының қайырымдылық ісі көпке үлгі. Жастардың ұлтжандылығы көңілімізге медеу болып жүр. Осымен ер Бекзаттың інілері аз қамтылған отбасыларға қажетті тұрмыстық-техникалармен жабдықталған 7 баспананы табыстады. Ұйымшылдық танытып, қайырымдылық іске үлес қосқан замандастарыма алғыс білдіремін. Эстафета келесі 20 жылдық түлектеріне жолданады», дейді шағын аудан тұрғыны Бексұлтан Тілеубеков.
Өңірдің барлық дерлік аудандарында жасалып келе жатқан қайырымды жандардың үлгілі ісі жалғасын табары анық. Осылай баспанаға мұқтаж жандардың қатары аз да болса азая түсер. Дегенмен халықтың тұрғын үйге сұранысын асарлатып қамтамасыз ете алмасымыз бесенеден белгілі. Бұл орайда облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр еліміз бойынша 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынғанын, бұл – бұрын ешқашан болмаған көрсеткіш екенін атап өтті. Ал биыл былтырғыдан 1 млн шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отырғанын жеткізді. Құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылымның ілесе алмай жатқаны да айтылып, нақты тапсырмалар берілген болатын. Жуырда Түлкібас ауданы, Састөбе кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 64 пәтерлік тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. Яғни ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған 2 700-ден астам азаматтың 64-і баспаналы болды. Оның ішінде баспана 24 көпбалалы, 2 толық емес отбасыға, 13 ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, бюджет саласының қызметкеріне және кент орталығындағы үйлері апатты деп танылған 23 тұрғынға берілді. Ал облыс орталығы Түркістандағы жаңа қала аумағында салынған 5 313 пәтер биыл пайдалануға берілмек. Пәтерлердің жалпы ауданы – 345 мың шаршы метр. Оның ішінде 4 039 пәтер – кредиттік, ал 1 274 пәтер кезектегі азаматтарға беріледі. Әкімшілік-іскерлік орталықта 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде, 10 көпқабатты үй мамыр айының соңына дейін тапсырылады. Сондай-ақ Жетісай қаласындағы жаңа құрылыс аумағында 6 тұрғын үй биыл пайдалануға беріліп, 200 отбасы баспаналы болады.
Түркістан облысы