Қоғам • 02 Маусым, 2022

Баспаналы болу – бір бақыт

296 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қайырымдылық пен мейірімділік – қанымызға сіңген қасиет. Қазақта асар жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсету дәстүрі бар. Дана халқымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған. Түркістан өңірінің қайырымды азаматтары мұқтаж жандарға баспана сыйлап, ел алғысына бөленуде. Бұл бағыттағы қайырымдылық, әсіресе мектепті жиырма жыл бұрын бітірген түлектер тарапынан жиі жасалуда.

Баспаналы болу – бір бақыт

Жуырда Созақ ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 2002 жылғы, яғни 20 жыл бұрынғы түлектері мұқтаж отбасыға үй сыйлады. Оқу ордасын бітірген соң әртарапта жүрген түлектер бірлесіп салған үйдің кілті көпбалалы отбасыға табыс етілді. Отағасы екеуі 5 баланы өсіріп отырған Гүлжанат Қыдырбаеваға берілген 4 бөл­мелі үйдің жылу жүйесі, бау-бақша өсіруге арналған 20 со­тық жері бар. Өзінің жеке үйі бол­маған Шолаққорған ауы­лы­ның тұрғыны Гүлнара Жұ­манбаева да баспаналы болды. Төрт бала тәрбиелеп отырған ана пәтер жалдап тұрып келген. Есімін атамауды өтінген кәсіпкер мұқтаж отбасыға 5 бөлмелі бас­пана тарту етті. «Түркістан об­лы­сының әкімі Өмірзақ Естай­ұлының бастамасымен облыс көлемінде «Қамқорлық» жобасы қолға алынған. Созақ ауданынан көмекке мұқтаж 32 отбасы анықталды. Бүгінде тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік, көмір отынымен қамту және өзге де қажетті көмектер көрсетіліп келеді. Бүгін жүрегі кең кәсіп­кер азамат ауданымыздың тұр­ғынына үй тарту етті. Ауданда бүгінгі таңға дейін «Қамқор­лық» бағдарламасы аясында 9 үй берілді», деді тұрғын үй кілтін табыстаған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков.

Аудан орталығынан берілген үй коммуналдық қызметтерге қо­сылған. Бау-бақша өсіруге арнал­ған жері бар. Жер учаскесі қосалқы шаруашылықты дамы­туға мүмкіндік береді. Бұл, әсі­ресе бала тәрбиесіне байланыс­ты жалдамалы жұмыспен айна­лысуға мүмкіндігі жоқ отбасы үшін өте маңызды.

Қазығұрт ауданының аза­маттары да аз қамтылған отбасы­ға үй салып берді. Сарапха­на ауы­лы, Талдыбұлақ елді ме­ке­­­нінде бой көтерген тұрғын үй жи­­һаздармен қамтылған. Ауыл аза­маттары мектепті бітір­­­ген­деріне 20 жыл толуына орай осы игі істі қолға алуды жөн көріпті. Ауылдастарының қолдауымен жаңа қонысқа жай­ғасқан отбасыға демеушілер азық-түлік пен қажетті үй жиһаз­дарын жеткізіп беруде. Жаңа үйге кірген азамат жомарт жүректі достарына, ауылдастарына алғы­сын айтты. Ал Ордабасы ауданын­да тұратын жалғызбасты анаға баспана кілтін шымкенттік кәсіпкер Ғани Нұржігітов өзі арнайы келіп ұсынды. Екі қыз, үш ұлды тәрбиелеп отырған Мереке Үсенбаева атымтай жомартқа ризашылығын білдірді. Сонымен қатар кәсіпкер жалғызбасты ана­ның отбасына тұрмыстық техника сыйға тартты. Үлгі етерлік осындай қайырымдылықтың нәтижесінде Түркістанда тағы бір отбасы баспаналы болды. «Бекзат Саттархановтың есімі берілген шағын аудан тұрғындарының қайырымдылық ісі көпке үлгі. Жастардың ұлтжандылығы көңі­лімізге медеу болып жүр. Осы­мен ер Бекзаттың інілері аз қам­тылған отбасыларға қажетті тұр­­мыстық-техникалармен жаб­дықталған 7 баспананы табыс­тады. Ұйымшылдық танытып, қайырымдылық іске үлес қос­қан замандастарыма алғыс біл­діремін. Эстафета келесі 20 жыл­дық түлектеріне жолданады», дей­ді шағын аудан тұрғыны Бексұл­тан Тілеубеков.

Өңірдің барлық дерлік аудандарында жасалып келе жатқан қайырымды жандардың үлгілі ісі жалғасын табары анық. Осылай баспанаға мұқтаж жандар­дың қатары аз да болса азая түсер. Дегенмен халықтың тұрғын үйге сұранысын асарлатып қам­тамасыз ете алмасымыз бесенеден белгілі. Бұл орайда облыс­та мемлекеттік бағдарламалар аясында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр еліміз бо­йынша 17 млн шаршы метр тұр­ғын үй салынғанын, бұл – бұрын ешқашан болмаған көр­сеткіш екенін атап өтті. Ал биыл былтырғыдан 1 млн шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отырғанын жеткізді. Құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфра­құрылымның ілесе алмай жатқаны да айтылып, нақты тапсырмалар берілген болатын. Жуырда Түлкібас ауданы, Састөбе кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 64 пәтерлік тұрғын үй ел игілігіне пайдалануға берілді. Яғни ауданда тұрғын үй кезегінде тұрған 2 700-ден астам азаматтың 64-і баспаналы болды. Оның ішінде баспана 24 көпбалалы, 2 толық емес отбасыға, 13 ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, бюджет саласының қызметкеріне және кент орта­лығындағы үйлері апатты деп танылған 23 тұрғынға берілді. Ал облыс орталығы Түркістандағы жаңа қала аумағында салынған 5 313 пәтер биыл пайдалануға берілмек. Пәтерлердің жалпы ауданы – 345 мың шаршы метр. Оның ішінде 4 039 пәтер – кредиттік, ал 1 274 пәтер ке­зек­тегі азаматтарға беріледі. Әкім­шілік-іскерлік орталықта 7, 9 және 12 қабатты жалпы 82 тұрғын үйдің құрылысы мем­ле­кеттік бюджет есебінен жүр­гізілуде, 10 көпқабатты үй мамыр айының соңына дейін тапсырылады. Сондай-ақ Жетісай қала­сындағы жаңа құрылыс аума­ғында 6 тұрғын үй биыл пайда­лануға беріліп, 200 отбасы бас­паналы болады.

 

Түркістан облысы