Абай • 02 Маусым, 2022

Ақын мұрасын жаңаша зерделеу

570 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты бірлесіп «Абайдың шығармашылық мұрасының тарихи-этнографиялық контексі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.

Ақын мұрасын жаңаша зерделеу

Жиынды жүргізген Абай академия­сының директоры, филология ғылымда­рының кандидаты Жандос Әубәкір алдымен аталған ғылыми-зерттеу институ­тының атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті.

«Ұлы ақынның 175 жылдық мерей­тойы қарсаңында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ашылды. Бүгінде бұл академия еліміздегі іргелі ғылыми орта­лық­тардың біріне айналып үлгерді, Абай мұрасын түрлі қырынан зерделеген көптеген ғылыми жинақтарды жа­рыққа шығарды. Мәселен, 2020 жы­лы 21 кітап, 2021 жылы 24 ғылыми-таным­дық зерттеу еңбектері басылды. Биыл да бұл жұмыстар жалғасуда» дей келіп ғалым, ақын шығармаларындағы халқымыздың өмір салтын арқау ету арқылы адамзаттың болмысын, тіршілік­тің мәнін пайымдаған қырларын сөз етті.

Жиын барысында онлайн байланысқа шыққан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті жанындағы Абай ғы­лыми зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Жаңғара Дәдебаев ақын шығармаларындағы тіршілікке, танымға байланысты сөздердің қорын анықтау және қолдану мәнісін пайымдау үлкен ғылыми мәселе екендігін айтты.

«Бұл салада біздің ірі ғалымда­рымыз­дың пікір айтып, ғылыми түсінік беріп жүргені көп. Абай шығармалары­ның түрлі басылымдарының соңында беріле­тін ғылыми түсініктер айналасында түрлі ойлар мен пікірлер жинақталды. Бірақ әлі ашылмаған жайлар кездеседі. Біздің зерттеушілеріміздің бірқатары бұл сөздер­ді бұрынғы қалпында қабылдап, өздерінің ойларын сол бағытта әрі дамытуда. Осы тарапта жаңа пікір мен жаңа көзқарас айтып жүрген ғалымдар да бар. Қысқасы, бұл бағытта атқарылатын жұмыс әлі көп. Біраз ғылыми жобалар көпшілік назарына ұсынылған жоқ. Ол ойларды, болжамдарды айту кейде артық болуы мүмкін. Сондықтан білікті мамандар топтаса отырып, белгілі бір пікірге келуге тиіс», деді ғалым.

Сондай-ақ Жаңғара Дәдебаев ақын­ның «Күз» деген өлеңіндегі «Қаз, тырна қатар­ланып қайтса бермен, Астында ақ шомшы жүр, ол – бір керуен» деген шу­мағындағы «ақ шомшы» деген сөз­ге байланысты түсінік Абай шығар­мала­рында бұрыннан қайталанып келе жатқандығын мысалға келтірді. Белгілі ғалым, профессор Қани­паш Мәдібаева асқан ойшылдың тілдік тұлғасын тану үшін ақын өмір сүрген дәуір мен кезеңнің ғылыми сипаттамасы қажет екендігін жеткізді.

Сонымен қатар іс-шараға Ерлан Сайлаубай, Мақсат Алпысбек, Мұхит Әбікенов, Нұрзия Әбдікәрімова, Ілияс Құрманғалиев, Алтынай Асқарова, Ал­ма­гүл Қажымұрат және тағы басқа таны­мал ғалымдар қатысып, ақын шығар­маларын жаңа қырынан талдап, абайтану мәселесі бойынша ой-пікір алмасты.