Бас прокуратураның хабарлауынша, күдікті 2005-2007 жылдар аралығында Алматы қаласындағы құрылыс компаниясында есепші болып жұмыс істей отырып, үлестік құрылысқа қатысушылардан ақша қабылдауды жүзеге асырған, тұрғын үй кешенінің аяқталмаған құрылыс объектісі бойынша кіріс кассалық ордерлеріне бухгалтерлік есепте көрсетілмеген жалған түбіртектер жазған.
«Оның және қылмыстың басқа да қатысушыларының әрекеттері салдарынан Алматы қаласының 80-нен астам тұрғыны зардап шекті, оларға 3,7 млрд теңгеден астам шығын келтірілді.Қылмысқа қатысушылардың бірі сотталған, алайда ол қылмыс жасағаннан кейін жасырынған, сондықтан оған халықаралық іздеу жарияланды», делінген хабарламада.
Өткен жылдың желтоқсан айында іздеуде жүрген адам Ресей Федерациясының Краснодар өлкесінде ұсталған. Кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Қазақстанға экстрадицияланған.
«Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды. Айыптаған қылмыс жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған», деп хабарлады прокуратураның баспасөз қызметі.