Қала әкімінің айтуы бойынша, халықаралық балаларды қорғау күніне орай өнер-білім, танымдық және оқу орталықтары, аулалар ашылды, сондай-ақ елорданың барлық ауданында фестивальдер, спорттық жарыстар мен концерттер өтіп жатыр.
«Мәселен бүгін «Білім-парк» өнер-білім орталығы (Нұрсая ТК) ашылды. Онда балалар робототехникамен, кеме үлгілеумен, авиамодельдеумен, видеографикамен айналыса алады, сол сияқты бокспен шұғылданып, домбыра шерту мен шахмат ойнауды үйрене алады. «Білім паркіндегі» сабақтар тегін, балалар оған Оқушылар сарайының сайты арқылы жазыла алады. Бұдан бөлек Оқушылар сарайының (Б.Момышұлы көшесі, 5) бос тұрған орындарын пайдалана отырып, қызметін айтарлықтай кеңейттік. Онда «SANA» креативті білім беру орталығы мен «TANYM» креативті технологиялар орталығы ашылды. Бұл орталықтарда балаларға бағдарламалау және компьютерлік графика дәрістері өтеді. Ал ойын барысында балалар қажетті білім мен дағдыларды, әсіресе роботтарды бағдарламалауды, логикалық ойлауды дамытуды және т.б. тез есте сақтайды. Ал сабақтары тегін өткізіледі», деп жазды Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ елорда әкімі кездесу соңында түлектермен, халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарымен әңгіме өрбітті. Командамыз жыл сайын республикалық олимпиадаларда «Үздік олимпиадалық команда» атағына ие болып келеді. Биыл біздің команда рекорд орнатып, 93 жүлделі орынға ие болды. Мұның бәрі – ұстаздардың, мектеп оқушыларының және олардың ата-аналарының тынымсыз еңбегінің жемісі екендігін атап өтті.
«Мемлекет басшысы осы жылды Балалар жылы деп жариялады. Өскелең ұрпаққа жағдай жасау бойынша тиісті жұмыстар жүйелі жүріп жатыр: мектептер саламыз, ұстаздардың жалақысын арттырамыз, танымдық және оқу орталықтарының желісін кеңейтеміз.
Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтаймын! Әрбір отбасыға, әр балаға зор денсаулық, табыс және амандық тілеймін!», деп жазды елорда әкімі.
Аяна Тоғанбек