Қысқы спорт • 25 Қаңтар, 2017

Еріктілерге ерекше көңіл бөлінеді

5643 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыдағы Универсиадаға ерікті ретін­де 3 мың адам тартылатынын, оның ішінде отандастарымыздан бөлек, айнала­дағы көршілерімізден көмекші болуға ынта біл­діргендердің жеткілікті екенін баяндағанбыз.

Еріктілерге ерекше көңіл бөлінеді

Бұл күндері волонтерлардың барлығы дерлік кез келген ауа райында киіп жүруге ың­ғай­лы киімдер мен керек-жарақтарға ие болды. Қазірдің өзінде ұйымдастыру шараларына қатыса бастаған еріктілер бір-бірімен танысып, бір мақсат жолына жұмыла кірісуге дайын.

Волонтерларға ғана емес, Уни­вер­сиа­да-2017 ұйымдастыру­шылары­на, техни­ка­лық мамандар мен төреші­леріне арнайы киім-кешек тігуге «Алтын Жұлдыз Textile» фаб­ри­касы таң­далы­нып алынған.

«Алтын Жұлдыз Textile» фабри­касының дизайнерлері мен технологтары қысқы Универсиаданың ұйымдас­тыру комитетімен бірлесе отырып, бұл киімдерді ашық әрі ыңғайлы етіп тігуге барын салған.

– Мәселен, волонтерлер күртешесі Универсиада қонақтары мен қатысу­шыларының көзіне бірден шалынатындай етіп ашық жасыл түсті болып тігілді. Ашық түстер қысқы Универсиа­даны өткізіп отырған ел – Қазақстан­ның жайдарлылық сияқты қасиеттерін айшықтайды. Оған қоса, бұл киім жастарға да жақсы жарасады, – дейді дизайнер Зарина Ілиясова.

Арнаулы киім технологі Луиза Нұр­ғалиева жарыстар мен ұйымдастыру жұмыс­тары көбінесе далада өтетіндік­тен, Алма­ты­ның климаттық ерекшелігі ескерілгенін айтады.

Осыған қоса, еріктінің униформасы қажетті барлық киіммен қамтамасыз етіл­ген, оның ішінде күрте, комбинезон, кеңжейде, қолғап, бөкебай және тымақ бар. Сондай-ақ, еріктіге рюкзак да беріл­ді. Киім жиынтығының барлығында Уни­вер­сиада-2017 және ФИСУ логотип­тері, Алматы қаласының бренді, ЭКСПО логотиптері және Уни­вер­сиада серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ логотипі бейнеленген.