Спорт • 02 Маусым, 2022

Спорт білім алуға кедергі келтірмейді

343 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Балаларды қорғау күні Шымкент Жастар лигасы жобасының жеңімпаздары марапатталды. Турнирдің салтанатты жабылу рәсімі Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтті. Мектепаралық жарыстың қорытындысы шығарылмас бұрын, Лига финалына жолдама алған қос футбол командасы өзара бақ сынасты.

Спорт білім алуға кедергі келтірмейді

Осы ойынның нәтижесі қай команданың жеңімпаз атанатынын айқындады. Сөйтіп, аса тар­тысты кездесу барысында Ы.Алтын­сарин атындағы №65 мектеп-гим­назиясының командасы №90 жалпы білім беретін орта мектептің ко­мандасынан басым түсті. Қоры­тынды есеп – 3:1.

Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының командасына 20 млн теңге көлеміндегі бас жүлде бұйырды. Тиісінше, екін­ші орынды №90 жалпы білім беретін орта мектептің құрамасы еншілесе, жүлделі үшінші орынды Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының жас футболшылары жеңіп алды.

Футбол – жасөспірімдер арасында ең танымал спорт түрлерінің бірі. Алайда қала мектептерінің Шымкент Жастар лигасында өнер көрсетуі өскелең ұрпақтың волейбол, баскетбол және шахмат сынды өзге де спорт түрлеріне деген қызығушылығын оятты. Бұл үш спорт түрі де жобаға енгізілген. Сондықтан аталған спорт түрлері бойынша ұйымдастырылған жарыс жеңімпазына басты марапат ретінде 20 млн теңге көлемінде қаржылай жүлде қарастырылып отыр. Жал­пы, жүлде қоры 80 млн теңгені құ­райды. Бұл қаражат демеушілер  есебінен қарастырылған болатын.

Танымал қазақстандық спорт­шылардың басым көпшілі­гінің жеңіс жолы мектеп қабырғасын­дағы спартакиадаларда бағын­дырған белестерден бастау алғаны анық. Осы қағиданы қаперге алған жергілікті билік бүгінде мектеп оқушыларының неғұрлым көп бөлігіне үлкен спортқа жол ашу, оларды денешынықтырумен ай­налысуға және саламатты өмір салтын ұстануға баулу мақ­са­тында жү­йе­лі жұмыс істеп жатқан жайы бар.

Қалада Жастар лигасына деген қызығушылық артып келеді. Былтыр жобаға 140 мек­теп қа­тысқан болса, биыл бұл көр­сеткіш 151-ге жетті. Спорттың төрт түрі бойынша ұйымдастырылған жа­рыс­қа жалпы алғанда 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Олар футбол, волейбол, баскетбол және шахмат ойнап, кіл мықтыда кім мықтыны анықтады.

– Мен 7-сыныпқа дейін футболмен айналыстым. Ал кейінгі үш жылда баскетболға деген аңсарым ауып, спорттың осы түріне ден қойып кеттім. Өз басым осы ойын түрін оркестрге ұқсатамын. Себебі әр деталь маңызды. Әрбір ұсақ-түйек дүние өзара түсіністікке әсер етеді. Соның барлығы түпкі нәтижеде көрініс табады. Бұл тек алаңда ғана емес, ойыннан тыс уақытта да бағалы дүние, – деді М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы әрі баскетболдан мектеп командасының капитаны Ерсұлтан Ахметбек.

Ерсұлтан күн сайын кем дегенде екі сағат уақытын спорт алаңында өткізетінін жасырмады. Алайда бұл әрекет сабақты жақсы оқуға кедергі келтірмейді. Керісінше, темірдей тәртіпке тәр­биелеп, уақытты дұрыс жоспар­лауға, бәріне үлгеру үшін күн тәртібін қатаң сақтауға үйретеді. Мектеп түлегі үшін жаттығу – өмірлік қажеттілікке айналды. Тіпті, баскетболға әуестенгені сонша, алдағы өмірін спортпен ұштастыруға бел байлады.

Әрине, М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясы оқушы­ларының былтыр Шымкент Жас­тар лигасының жеңімпазы атан­ғаны жақсы мотивация болғаны анық. Сол алғашқы жарыстарда команда түгелге жуық осы құрамда ойнады.

Бір жылдық жаттығу ойын сапасын бұдан да биік дегейге көтеруге мүмкіндік берді. Коман­да кезекті орасан зор жеңіске жетеріне күмән келтірген жоқ. Ба­лалардың өз өзіне деген дәл мұндай сенімінің артында қажыр­лы еңбек, ойын техникасын же­тілдіру мен ұдайы дайындық тұр­ғаны белгілі.

– Біз қоржынға салған кезекті 20 миллион теңгені мектеп қандай мақсатта жұмсайтынын білмейміз. Былтыр жүлде қаражатына мектепке арнап интерактивті тақталар сатып алынды. Бұл тақталар оқу­шылардың білім алуына көп кө­мектеседі. Мәселен, интернет бар, сурет салуға қажетті дү­ниені жүктеп алуға, әртүрлі дүние­ні құрас­тыруға болады. Бұл мүлдем басқа деңгей. Қаражат мектептегі барлық кабинетті осындай тақ­талармен жабдықтауға жетті, – деді Ерсұлтан Ахметбек.

Ж.Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназиясының құрамасы лига жарыстарына алғашқы рет қатысып отыр. Соған қарамастан волейболшылар командасы жүл­делі үшінші орын иеленіп, тамаша нәтиже көрсетті.

– Біз өз нәтижемізге ризамыз. Ең алдымен, бізді жаттықтырған мұ­ғалімге алғыс айтамыз. Мекте­бімізді жерге қаратқан жоқпыз. Келе­сі жылы нәтижемізді бұдан да жақ­сарта түсеміз деп ойлаймын, – деді 9-сынып оқушысы Ақниет Хасанова.

Волейболдан бас жүлде Әл-Фараби атындағы №113 жалпы білім беретін орта мектептің командасына бұйырды. Ал екінші орынды А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының оқушылары иеленді.

Шахмат тақтасындағы шайқас­тарда О.Жолдасбеков атын­дағы №9 IT мектеп-лицейінің оқу­шыларына тең келер ешкім болған жоқ. Екінші орынды Ы.Ал­тынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясының зияткерлері ие­лен­ді. Үшінші орынды Т.Тәжі­баев атындағы №47 мектеп-гимна­зиясының шахматшылар командасы жеңіп алды.

Төрт спорт түрінің әрқайсысын­да топ жарған бірінші орын иегер­леріне ақшалай жүлделерді Шым­кент қаласының әкімі Марат Әйте­нов табыстады. Оның бастамасы­мен былтыр дәл осы ауқымды спорт­­тық жоба бастау алған болатын.

– Шымкент Жастар лигасы қаламызда екінші рет өткізіліп отыр. Жоба ел Президентінің тапсырмасы бойынша іске асырылып, бұқаралық спортты дамытуға және жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге бағытталды. Себебі спорт тек денсаулықтың кепілі ғана емес, сонымен қатар ерік-жігерді жанып, табанды болуға талпындырады. Бүгінгі турнирдің жеңімпаздары өз мектебінің абыройы мен беделі үшін күресті. Бұл балалар ертең нағыз азамат болып, ел намысын қорғап, Отанға қызмет етеді деп сенемін. Бүгінгі жеңіс сіздердің алдағы өмірлеріңіздің тамаша бастамасы болсын, – деп Мұрат Әйтенов жас спортшыларды жеңісімен құттықтады.

Іріктеу кезеңдері мен жарыстар азды-көпті үш айға созылды. Оны ұйымдастырумен әрі төрешілік етумен денешынықтыру және спорт саласындағы 400-ге жуық маман айналысты. Жат­тық­тырушылар тек ойынды бағалап қана қоймай, республика чем­пио­наттарында өнер көрсе­тетін құрама командаларға ең мық­ты ойыншыларды таңдап алу мақсатында жас спортшыларға мұқият зер салды. Бұл да Шымкент Жастар лигасындағы маңызды ерекшеліктердің бірі саналады.

 

ШЫМКЕНТ