Қазақстан • 02 Маусым, 2022

Ұлттық рәміздер – ұлттық мақтаныш

731 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елді танытар ұлттық құндылық – Ту, Елтаңба, Әнұран бүгінде төрткүл дүниеге кеңі­нен танылды. Айбынымызды асырған Мемле­кеттік Рәміздерді құрметпен ұлықтау – әр азаматтың парызы. 4 – маусым Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай еліміздің әр аймағында түрлі іс-шаралар бастау алды.

Ұлттық рәміздер – ұлттық мақтаныш

Түркістан облысының Сары­ағаш аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Мемлекеттік Рәміздерді ұлықтау мақсатында ауданда «Ұлттық рә­міз­дер – ұлттық мақтанышымыз» ат­ты тақырыпта онлайн челлендж бас­талды. Сары­ағаш жастары бұл чел­лендж арқылы ел тұр­ғын­­да­рының Отанымызға деген махаб­батын көрсетіп, рәміздер мәр­те­бесін тағы бір арттыруын қа­лайды.

Челленджге қатысушылар мем­лекеттік рәміз­дерді халық ара­сында насихаттау аясын­дағы бағыттарды (фото, видео) #Мемле­кеттікРәміздерге30жыл хештегін пайдаланып, әлеу­меттік желіге жүктеуі қажет.

Ал Сайрам ауданында мем­­­ле­кеттік рәміздері­міздің қабыл­дануына 30 жыл толуына орай орта­лық кітапхананың «Қайы­рым­ды қала» залында «Ел рәміз­дері – ел рухы» тақырыбында ин­теллектуалдық ойын өткізілді.

Интеллектуалдық ойынға «Оқу­­­шылар сарайының» өнерлі ұл-қыздары мен №29 К.Тіленшин атын­дағы жалпы орта мектептің дарынды оқушылары қатысты. Іс-шараның басты көздегені – өскелең ұрпақтың бойындағы пат­риоттық сезімін, Отанға деген махаббатын ояту. Ойын кезінде оқушыларды бір-бірімен жарыс­тыра отырып, мемлекеттік рәміздерге қатысты көптеген тың ақпарат берілді.

Белсенді болған оқушылар мен өнегелі іс атқарған ұстаздарды кітапхана директорының орын­ба­сары Асылзат Оспанқызы арнайы алғыс хаттармен марапаттады.

Сондай-ақ Сауран ауданы әкім­дігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен мем­лекеттік рәміздері күні аясында «Менің туым – мақтанышым» ат­ты акция ұйымдастырылды.

Акцияның басты мақсаты өс­келең ұрпақты отандық патрио­тизм мен жоғары азаматтық сабақ­тастыққа үндеп, қоғамның рухани бірлігін нығайту болып табылады. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын әрі Қазақстанның өт­кені мен бүгінін және болашағы ара­сындағы сабақтастықтың жар­қын бейнесі екендігін көрсете білді.

Айта кетсек, 1992 жылы 4 мау­сымда тәуелсіз қазақ елінің мем­лекеттік рәміздері алғаш рет бекі­тілді. Ал 2007 жылдың 4 маусымы­нан бастап, қазақстандықтар бұл күнді мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекелей бастады.

Мемлекеттік рәміздер мем­лекеттің мызғымас негіздерінің бір бөлігі болып саналады.