– Асылбек Байжұмаұлы өзіңіз басқарып отырған Геральдикалық зерттеулер орталығының құқықтық мәртебесі мен қызметтік міндеті жайлы айтып берсеңіз?
– Заман талабына сай жаңадан құрылған орталық 2007 жылы 4 маусымда қабылданған «Мемлекеттік рәміздері туралы» заң және 2011 жылы 15 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы» қаулысын негізге алып мемлекетке қызмет көрсетеді.
Осы орайда мекемеге – ең әуелі, қазақ геральдикасының арғы-бергі тарихын зерттеу; мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді насихаттау және оларды қолданудың нормативтік-құқықтық жүйесін бақылау; ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру; заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құқықтық актілер аясында құрметпен қарауын қамтамасыз ету сияқты міндеттері жүктелген.
Оның сыртында, жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану және насихаттау жөнінде консультациялық һәм әдістемелік көмек көрсету – орталық жұмысының басты бағыты. Өйткені қазіргі таңда, қоғамдық ұйымдарды қоспағанда, мемлекеттік органдарға тән ведомстволық наградалардың жалпы саны 200-ге жетіпті. Сол себепті орталыққа мемлекеттік маңызға ие ведомстволық наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу функцияларын жүзеге асыру міндеті жүктеліп отыр. Өйткені кейбір салалық мекемелер өз қызметкерлерін ынталандырып, мәртебесін көтереміз деген желеумен жөнді-жөнсіз ведомстволық наградалар дайындап, қателік жібергендіктен, заңмен көзделген ведомстволық наградалардың сипатына қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу дәл қазір күн тәртібінде тұр.
– Жоғарыда атап өткен талаптарды орындаудың құқықтық һәм әкімшілік тетігі туралы айтып берсеңіз?
– Орталық өзіне жүктектелген міндеттерді тыңғылықты атқару үшін әкімшілік және ғылыми-сараптамалық тетіктерін жетілдіру қажет деген ойдамыз. Бұл ретте еліміздегі маңдайалды мамандармен тығыз байланыс орнатып, архив, музей қызметі, кітапхана ісінің көмегіне жүгінгенді жөн көріп отырмыз. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздерді және геральдикалық белгілерді қолдану бойынша халықаралық тәжірибе зерделенбекші.
Өйткені қазіргі уақыт – жаңа технологиялар мен ақпараттық тасқын ғасыры. Бүгінгі таңда тұрмысымызға сырттан дендеп ене бастаған неологизм сипатты жат элементтер жетерлік. Бұл құбылыстар ұлттық геральдикамыздың рухани-тарихи және этнокескіндемелік сипатына әсер етуде. Оның сыртында қазақ геральдикасының термин мәселелері, геральдика сөздігін әзірлеу жұмысы тұр.
– Оқырмандарымызға түсінікті болу үшін жалпы геральдика ғылымы жайында қысқаша мағлұмат берсеңіз?
– Геральдика дегеніміз – қазақша айтқанда таңбатану ілімі. Бұл өнер адам баласы жаратылғаннан бері бар. Айталық Ұлы даланың сәніне айналған жартас таңбалары (петроглиф) мен жазбаларын (иероглиф) ежелгі далалықтар геральдикасының бастауы деуге болады. Ал еуропалықтар болса, әр кездері өмір сүрген жеке тұлға, әулет, қауымдастыққа тән қабылданған айырым таңба-белгіні «геральдика» деп атап жүр. Ал нақты ғылыми тұжырымдамасына тоқталар болсақ, геральдика – мемлекеттің, мекеменің, рудың, әулеттің, жеке тұлғаның және т.б. ерекшелік таңбасы ретіндегі гербтерді зерттейтін тарих ғылымының бір саласы. Бұған символдық бейнелер мен эмблемаларды жатқызуға болады. Сондай-ақ бұл сала – ономастика, генеология, нумизматика, палеография, cфрагистика сияқты пәндермен де тығыз байланысты. Теориялық геральдика деген бар. Бұл гербті бейнелену және оны жасаудың тәсілдері мен ережелерінің жиынтығы. Оларды білмей герб жасау, ерекшеліктерін айқындау және құрамын анықтау күрделі мәселеге айналады.
– Ал ұлттық қазақ геральдикасы жөнінде не айтасыз?
– Біздің ұлттық қазақ геральдикамыздың рухани-әлеуметтік ауқымы өте кең әрі тарихы терең. Басқаны былай қойғанда, соңғы жылдары қазақ жерінен табылып жатқан археологиялық атрефактілер, ерте ғасырларда мемлекеттік басқарудың өзегі болған геральдикалық белгілер: кірке (пайзы), ту, жалау, хандардың мөрі, картаграфия, хат-хабар, т.б. жәдігерлер қазақ геральдикасының дәлелі. Үлкен ғалым Әлкей Марғұлан, кірке-пайзылар сонау ғұн дәуірінен бастау алады, деп тұжырым жасапты. Одан кейін қазақ геральдикасының бір сипатына жататын мөр-таңба, сфрагистикалар. Мұны көне түркі мәтіндерінде «тамға, тамғачы» деп атаған екен.
Қазақ геральдикасы уақыттық тұрғыдан – сақ-ғұн дәуірі, көк түркілер кезеңіне жіктей отырып, аралық мемлекеттер: үйсін, қарлық, қаңлы, қыпшақ, хазар, кимек, сармат дәуірлері, оған жалғас Ұлық ұлыс – Алтын Орда, Қазақ хандығы, ресейлік отаршылық, кеңестік кезең, Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі уақытты қамтыса, өнер туындысы ретінде, оның этнографиялық маңызын, тарихи құндылығын, жасалу стилін, қоғамды тұтастандырушы күш ретіндегі әскери-жауынгерлік қуатын, қарапайым тұрмыстық ерекшеліктерін жеке-жеке айқындап алған жөн. Ол үшін: қазақ геральдикасын ұлттық таным тұрғысынан сараптай алатын ғылыми-сарапшылар; ежелгі мұралар (петроглиф, иероглиф, жартас жазулары, т.б.); қазақ фольклорындағы жауынгерлік жыр-мәтіндер сияқты деректерге жүгінген жөн.
– Жоғарыда атап айтқан құқықтық-қызметтік міндеттерді атқару үшін тез арада шешімін табуға тиіс қандай мәселелер бар және алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Ашығын айтқанда, бізде геральдика туралы заң бар да, идеология жоқ. Оның сыртында, геральдист маман тапшы. Алдағы уақытта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесіп геральдист мамандар даярлау ісін қолға алсақ деген жоспар бар. Сонымен қатар қазақ геральдикасының тарихын, этнографиясын насихаттау және қолданыстағы мемлекеттік рәміздер мен белгілерді таныту мақсатында «Қазақ геральдикасы» атты ғылыми-танымдық журнал шығаруды қолға алмақпыз.
Алдағы күндері мемлекеттік рәміздер бойынша өңірлердің ішкі саясат басқармаларына, мемлекеттік стандарттау және метрология комитеттеріне, сертификаттау мен стандарттау институттарымен бірлесіп жұмыс жүргізу ісін жандандыратын боламыз. Осы мақсат тұрғысында Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековпен бірлесіп елорда шеңберінде бірнеше іс-шара өткіздік.
Дәл қазір кәсіби мамандардың көмегімен көптомдық «Қазақ геральдикасы» атты еңбектің алғашқы томы жасалу үстінде. Бұл туынды 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі қарсаңында жарық көрді. Сонымен қатар орталық қасынан ғылыми-сараптамалық кеңес құру ісі күн тәртібінде тұр. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау және оны пайдалану мен қолданудың ережелерін түсіндіру мақсатында өңірлерге экспедиция ұйымдастыру, семинарлар өткізу жұмыстары атқарылады.
Сондай-ақ алдағы жылы орталық жанынан қазақ геральдикасының экспозициялық көрме залын ашумен қатар, осы шараға орайластырып геральдистердің халықаралық конференциясын өткізу, тіпті болашақта геральдистердің еуразиялық одағын құру қатарлы үлкен істерге мұрындық болсақ дейміз.
Әңгімелескен
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»