![Тәуелсіздік рәміздері](/media/2022/06/02/kolladg-02-06-2022-ramazder-kuni.jpg)
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Тарихы тереңде жатқан еліміздің әлем сахнасында дербес мемлекет болып, танылғанына биыл тура 30 жыл. Осы орайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты көлемді мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың жыл басында жарық көруі біздің осы бағыттағы барлық бастамаларымызға айқын бағыт болары анық. Өйткені мақала мазмұнында бүгіннен бастап мән беруімізге тиіс көкейтесті дүниелер бар.
1992 жылдың қаңтар айында Жоғарғы Кеңесі Қазақстанның Мемлекеттік Туына, Мемлекеттік Елтаңбасы мен Әнұранына конкурс жариялаған болатын. Бұл өз тарихыңмен өз жараңды емдеудің рухани әділ емі еді. Өйткені Ту, Елтаңба, Гимн – елдіктің, ұлттық болмыстың өлшемі, арман-мүдденің көрінісі.
Елдің Ұлттық мұрағатының 1992 жылдың 4 маусымындағы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің он екінші шақырылымның VIII сессиясының стенографиялық есебіне жүгінсек, Мемлекеттік Тудың жобасына жарияланған бәйгеге 453 сұлба, ұсыныс айтқан 142 хат келіп түссе, Мемлекеттік Елтаңбаның жобасына 245 жұмыс, 67 ұсынысхат және Әнұранға 51 мәтіні бар, музыкасы бар нұсқалары, 132 өлең мәтіні қаралған.
Жоғарғы Кеңестің сессия отырысында талқылау кезінде Ту жобасында қазақы өрнек алғашында жан-жақты үйлестірілмеген, Тудың рәміздік құрылымын тым күрделендіріп тұрған басы артық нышандай бірқатар депутаттардың көңілінен онша шыға қоймаған. Үзіліс кезінде, рәміздерге қатысты жобаларды тағы бір зерделеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ту жобасының авторы Ш.Ниязбековке:
– Қазақы өрнекті жақсы тапқан екенсіз, Шәке. Онда терең мағына бар. Мына көк түс, алтын күн мен қыран құс бейнелерінің рәміздік болмысы, негізінен, адамзаттық құндылықтар биігінен сөйлеп тұр ғой. Ал қошқар мүйіз нағыз төл ұлттық нақышымыз ғой. Жоба қабылданар болса, оның орналасқан тұсын да, бояу нақышын да, бір сөзбен айтқанда, бүкіл дизайндық шешімін қайта қарау керек. Содан соң, мына күннің бейнесін тура ортаға жылжытқан дұрыс болады, – деп ескерту жасаған.
Көп сөйлей қоймайтын қылқалам шебері:
– Ұқтым, Нұреке. Асығыстау болды. Міндетті түрде жетілдіремін, – депті.
Мемлекеттік Елтаңбаны қабылдау сәтінде Елтаңбаның авторы Ж.Мәлібекұлы өзінің «Қазақстан Елтаңбасы» атты кітабында былай еске түсіреді:
«Шамамен 17.00-де №239 Елтаңбадан 10-ы іріктелді, соның ішінде мен жасаған Елтаңба көпшіліктің көңілінен шықты. Сонда мен тек комиссия мүшелерінің ғана емес, миллиондаған отандасымның ойын дәл тауыппын. Комиссия өтініші бойынша экранға Елтаңбаның екі нұсқасын: бірінші – қошқар мүйізсіз және жұлдызсыз, ал екіншісінде бұл белгінің бәрі бар. Комиссияның кейбір мүшесі мен депутаттарды мүйіз бен жұлдыз шошытса керек. Әсіресе жұлдыздан тоталитарлық жүйе мен дінді көрді. Президент қызу талқылауды қорытындылап, қадап айтты: «Елтаңбадағы бесжұлдызды «Кеңестік жүйе қалдығы деп қарауға болмайды. Жұлдыз кеңестік заманнан да бұрын болған. Қазақта «Жұлдызың биік болсын», дейді. Біз тәуелсіздігімізді жаңадан алған жас мемлекетпіз. Біздің өз жолымыз, өз жұлдызымыз болуы керек. Жұлдыздың кеңеске қатысы жоқ, ол – Тәуелсіз еліміздің қайталанбас даму жолын көрсетеді. Темірқазық! Біздің жұлдыздың дінге қатысы жоқ», дегеннен кейін, жеңісім шүбәсіз болды».
Әнұранның М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Л.Хамиди жазған әуені сол қалпында қалдырылып, сөзін қайта жазу міндеттеледі. Мұның өзі талант құдіретін бір мойындатса, әнұран әуеніндегі мақсат пен мазмұнның адамзат алдындағы адалдығын қоса танытады.
Сол күні халық депутаттары «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалауы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» арнайы заң қабылданды.
Еліміздің Туы мен Елтаңбаның дәл қазіргідей болып шығуына шығармашылық комиссия мен Парламент депутаттарының рөлі де аз болмағанын айту парыз.
Сайып келгенде, тұңғыш қабылданған ресми рәміздеріміз сол кездегі қоғамдық ойдың жемісі-тін. Ұлттық мұрағаттарымызда мемлекеттік рәміздерді қабылдауға қатысты құжаттар мен әр алуан материалдарды ақтарып, қараған сайын осыған көзім жете түседі.
Бұл – таңдалған жобалардың үздік танылуының объективті себептерін тап басып тануға көмектесетін де бірден-бір фактор.
Ресми рәміздер ішінара өзгеріске ұшырады. Тұңғыш Президенттің жаңа мәтіндік нұсқасы негізінде 2006 жылы Ш.Қалдаяқов пен Ж.Нәжімеденовтің әйгілі «Менің Қазақстаным» Мемлекеттік Гимнге айналды. Оны орындау кезінде оң қолды жүректің тұсына қою тұру дәстүрі енгізілді. Жаңа Гимн аты оның рәміздік концептуальдық бітімін барынша айқын аңғартады.
Ата-бабаларымыз: «Тәрбие тал бесіктен басталады», деп бекер айтпаса керек. Кейбір ортада мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, оларды насихаттау тек мемлекеттік органдардың, билік мекемелерінің міндеті деген сыңаржақ пікір бар. Ал Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін құрметтеуге міндетті», деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал сол міндеттілікті сезіну үшін, орындау үшін әрбір отандасымызға үйде, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында, өндірісте, мекемелерде ұдайы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстар жүргізілуі керек. «Біздің мемлекеттік Туымыз неге көк түсті?», деген сауалға: «Туымыздың тұтас көк түсті болуы – бейбітшілікті сүйетініміздің, бірлігіміздің, біртұтастығымыздың белгісі», деп сайрап тұрған жасөспірімдерді көргенде қалай риза болмайсыз.
Еліміздің ежелден аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізіп, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет. Сондай-ақ ұлтаралық татулық пен бейбітшілікті насихаттау жолында және мемлекетіміздің әлемдік деңгейде танылып өзіне тән белгілерімен дамыған елдер қатарынан орын алуы үшін төл нышандарымыздың атқаратын қызметі айрықша.
Мeмлeкeттiк pәмiздep – бұл ұлттық мaқтaныштың жәнe oлapғa дeгeн epeкшe көзқapaстың бeлгiлepi. Бүкiл eл бoлып сүйiктi Гимнімізді opындaп, Туымыз бeн Eлтaңбaмызды мaқтaн тұтaйық.
Руслан ХАМЗА,
Мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі ұлттық орталықтың атқарушы директоры
Атырау