![Мемлекеттіліктің басты нышандары](/media/2022/06/03/1495680202_article_b.jpg)
1990 жылы маусым айында академик Манаш Қозыбаев уақыт талабына сай республикамыздың рәміздерін қайта жаңарту туралы мәселе көтерді. Біз ол кезде әлі одақ құрамындамыз. Белгілі ғалымның бастамасы батылдық еді. Манаш ағамыз көтерген мәселені баспасөз құралдары тез іліп әкетті де, ол ақпарат елге жылдам тарады. Мен ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті мен Министрлер кабинеті аппараты Аграрлық бөлімінің меңгерушісімін. Көп әріптестерім жоғарыдағы бастаманы естіп, таңданыс білдірді. Ұсынысты сараптауға тапсырма алған Президент кеңесінің мүшесі, ғалым Мырзатай Жолдасбеков қолдады.
1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздігімізді жариялағаннан кейін, 1992 жылдың басында Жоғарғы Кеңесте егемен еліміздің рәміздерін дайындауға арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында Серікболсын Әбділдин, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Әбіш Кекілбаев, Серік Әбдірахманов, Ербол Шәймерденов және тағы басқа белгілі азаматтар болды. Мен ол кезде Жоғарғы Кеңестің депутатымын.
Жариялаған рәміздер байқауына бір мыңнан аса ту эскиздері, 250-ге жуық елтаңба мен 750 әнұран жобасы түсті. Бұлардың бәрі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 12-ші шақырылған сегізінші сессиясында қаралып, қызу талқыланды. Халық қалаулылары түрлі жобаларды қарап, өз ұсыныстарын айтты. Депуттар арасында екі түрлі көзқарас болды: біріншісі – бұрынғы Кеңес Одағы кезіндегі символдарға сүйенейік десе, екіншісі − қабылданатын мемлекеттік рәміздер отаршылдық жүйенің нышандарынан басқа болуды қалады. Сондай-ақ кей азаматтар жаңа рәміздерде қазақтың бай тарихындағы ұлттық символдарды қолдану керектігін ескертті. Әсіресе тарихшы Манаш Қозыбаевтың рәміздер туралы арғы-бергі тарихты сабақтастыра толғап, ежелгі сақ, үйсін, қаңлы мемлекеттерінің нышандары қалай болғаны жайында сөйлеген сөзі көпшіліктің көңілінен шықты.
Рәміз дегеніміз, сол мемлекеттің басты белгілілері саналады. Сондықтан онда елдің өткен тарихы ғана емес, бүгінгі тіршілігі, ертеңгі келешегі жарқырап көрініп тұрғаны даусыз. Жоғарғы Кеңестің сессиясында байқауға түскен жаңа рәміздерді сараптан өткізуде қызу пікірталас болды. Олардың түрі мен мағынасына мән берілді. Осы талқылауда заң ғылымдарының докторлары, әйгілі заңғарлар Салық Зиманов пен Сұлтан Сартаев нақты ұсыныстарын айтты. Әнұранды қабылдауда атақты композиторлар − Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди және Евгений Брусиловский бірлесіп жазған музыканы сол қалпында сақтауға шешім қабылданды. Ал гимн сөзін жазған ақындар арасынан Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева топ жарды. Осы гимн 2006 жылдың қаңтарына дейін еліміздің әнұраны болды.
Белгілі суретші Шәкен Ниязбеков ұсынған Көк ту − конкурста үздік деп танылды. Көк туымыздың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Осы қыран бейнесі көптеген елдердің мемлекеттік туларында бар, бізде сол қайталанып кетпей ме деген пікірлер айтылды. Бірақ автор қыранның қазақ үшін орны бөлек екендігін түсіндіргеннен кейін ешқандай қарсылық болған жоқ.
Халық қалаулылары арасындағы пікірталас Елтаңбаны қабылдау кезінде өрбіді. Байқауға қатысқандардың арасынан Шот-Аман Уәлиханов пен Жандарбек Мәлібековтің ұсынған жобасы жеңді. Осы басқосуда белгілі сәулетші Шот-Аман Уәлиханов ағамыз Елтаңба мазмұнын түсіндіріп берді. Әрине, Елтаңбаға еліміздің бар тарихын сыйдыру қиын. Сондықтан оған сол кездегі Қазақстан Дизайнерлер одағының төрағасы, депутат Тимур Сүлейменов Елтаңбадағы әр элементтің сипаттамасын айтып берді. Мәселен, киіз үйдің құрылымы адамзат тарихындағы мыңжылдықта ешқандай өзгермей, бізге жеткендігін түсіндірді. Осы Елтаңбаны қабылдауда жазушылар Әнуар Әлімжанов пен Камал Смайылов өз ұсыныстарын айтты. Осы талқылауда академик Өмірбек Жолдасбеков, журналист Александр Козлов және т.б. депутаттар сөз алып, Елтаңба авторларының жобасын қолдап сөйледі.
Міне, содан бері отыз жыл сырғып өтті. 1992 жылы Жоғарғы Кеңесте Мемлекеттік рәміздерді қабылдаған күндер де тарих еншісінде қалды. Қазір барлық жұрт Қазақстанды мемлекеттік рәміздеріміз арқылы жақсы біледі. Рәміздеріміз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасы − Жаңа Қазақстан құрудағы жаңару мен жаңғыру жолында да негізгі символ болатыны айқын.
Жәнібек КӘРІБЖАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері