Маңызды шаруаны қолға алып, сапалы өнімдермен тапсырыс берушілердің көңілінен шыға білген павлодарлық Rainbow компаниясының басшысы Бекболат Ыбыраевпен әңгімелескен едік. Аталған серіктестіктің өнімдері республиканың түкпір-түкпірін кезіп жүр.
– Мемлекеттік рәміздерді шығаруды 2010 жылдан бастадық. Оған дейін бұл шаруаны жіті зерттедім. Сапалы өнім шығару үшін сапалы шикізат қажет. Ақыры Қытайға барып, ондағы бір компаниямен 5 жылдық келісімшартқа отырдық. Содан бері шикізат проблемасы туындаған емес. Пандемия кезінде де түсінбеушіліктер орын алған жоқ. Келісімшарттың аяқталуына бір жыл қалды. Жасыратыны жоқ, «Қытайдың тауары» десе көпшілігі сапасыз өнімді ойға алады. Қытайда сапалы тауар, сапалы шикізат жеткілікті. Сапасы жақсы болса, бағасы да қымбат деген сөз. Десе де біздің өнімдер қолжетімді бағамен босатылады. Себебі делдалсыз жұмыс істейміз, – дейді Б.Ыбыраев.
Лицензия алудың оңай шаруа емес екенін айттық ғой. Аталған компания 2017 жылы лицензиясын жаңартқан. Ол уақытта талаптарға өзгерістер енгізіліп, цифрлы тұрғыда түстерді анықтайтын қондырғының болуы міндеттелген. Сөйтіп, Жапониядан қымбат қондырғы сатып алыныпты. Қондырғы демекші, өндірістегі барлық құрылғы шетелден әкелінген қымбат дүниелер. Оны бекер айтып отырғанымыз жоқ. Кейбіреуі бұл шаруаны оңай көруі мүмкін. Мемлекеттік мекеме ғимараттарының төбесінде желбіреп тұрған Көк Ту мен ішінде жарқырап тұрған Елтаңбаны жасау – арзан еңбек емес.
Мұнда айына 400 ту (ғимараттың сыртына арналған), кабинеттердің ішінде тұратын 20-30 ту, 200-300 елтаңба шығарылады екен. Мемлекеттік рәміздер ереже бойынша бірнеше жыл ішінде жаңартылып тұруға тиіс. Сондықтан да компания сұранысқа бас қатырып көрген емес.
– Өнімге алдын ала тапсырыс беріледі. Кейде тапсырыс берушілер демалыс күні «жедел түрде бір тәуліктің ішінде дайындап берсеңіздер» деп қолқа салады. Мұндайда кейбіреулер бағаны шарықтатып жіберетіні белгілі. Тығырыққа тірелген адам кез келген бағаға көнеді. Біз болсақ бағаны қымбаттатпай, тіпті 10 пайыз жеңілдікпен дайындап береміз. Әрине риза болған тапсырыс берушілер біздің компанияны өзгелерге ұсынып, мақтап жүретіні сөзсіз. Осылайша, менеджмент бағытын дамытуды да естен шығарған емеспіз, – дейді Бекболат Құнтайұлы.
Аталған компания мемлекеттік рәміздерді дайындаумен қатар, баннер жасау, мектептердің безендірілуі сияқты өзге де бағытта еңбек етуде. Мақала мемлекеттік рәміздер күніне орай жазылғандықтан ол жайлы аса сұрай қойған жоқпыз. Мұнда шамамен 10 адам нәпақа айырып жүр екен. Әрқайсысы – өз ісінің маманы. «Мемлекеттік рәміздерді дайындау – өте жауапты міндет. Елдің басты нышанын шығарғандықтан, артылған жауапкершілік те ауыр. Мұны қол астымдағы қызметкерлер де жақсы біледі. Сондықтан олар әр іске ыждағаттылықпен қарайды», дейді әңгімеміздің кейіпкері.
Бүгінде ұлы Мәди де маңызды шаруаны жандандыруға атсалысып жүр. Бекболат аға басшы болғанымен, жауапкершілігі мол істің басы-қасынан әрдайым өзі табылады. Жалпы, бұл әулетке қолөнер дарыған десек, артық айтқанымыз емес. Әкесі Құнтай да елге танымал етікші болыпты. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?!
Бекболат Ыбыраев – Баянауылдың тумасы. Мамандығы – мұғалім. Кезінде Егіндібұлақ ауылының мектебінде еңбек, сызу, сурет, музыка пәндерінен сабақ берген. Сол уақытта оның кабинеті безендірілуі жағынан ауданда ең үздік саналыпты. Сегіз қырлы, бір сырлы азаматқа өмірін мәнді ету үшін таңдау көп еді. Ақыры, заманның ағымынан қалмай, қазіргі іс қылып отырған шаруаны жандандыруға ниет етіпті. Қоштасарда ұстазы Зекебай Солтанбаевтың мына сөзін еске алды: «Адам жұмысына қуана барып, қуанып қайту керек». Бекболат ағамыз да тағдыр таңдауына еш өкінбейді, жастарды мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге шақырады.
Павлодар облысы