Референдум-2022 • 05 Маусым, 2022

Алматы аумақтық референдум комиссиясының басшысы шағымдарға жауап берді

365 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматы аумақтық референдум комиссиясының басшысы келіп түскен шағымдарға байланысты жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы аумақтық референдум комиссиясының басшысы шағымдарға жауап берді

Конституцияға енгізілген түзетулер бойынша референдумда алматылықтардың дауыс беруі жөніндегі ағымдағы ақпарат, тіркелген заң бұзушылықтар мен шағымдар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Жанна Асанова нақты мысалдармен жауап қатты. Спикердің айтуынша, сағат 10.00-дегі жағдай бойынша Алматыда  156 707 азамат дауыс берді немесе бұл жалпы көрсеткіштің 13.9%. Дауыс беруге қатыса алатын алматылықтардың жалпы саны 1 126 854 адамды құрайды. 18 жасқа толған 26 968 алматылық алғаш рет дауыс береді.

Шетелдік бақылаушылардан Алматыға 15 адам келді: жетеуі – ТМД елдерінің миссиясынан, алтауы – дипломатиялық корпустың өкілдері және екеуі – Алматыда транзитпен жүрген ЕҚЫҰ өкілдері. Жанна Асанова дауыс берушілердің шағымдарына тоқталды. Атап айтқанда, дауыс беретіндердің бірі учаскелердің бірінде өзін таба алмаған. Ол бір апта бұрын тіркелген. Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы бұл шағымды терістей алатынын айтты. Спикер қала тұрғындарының тізімі тұрақты тіркеу негізінде қалыптасатынын еске салды. Талап бойынша, референдумға қатысатын адамның 18 жасқа толуы, әрекетке қабілеттілігі болуы тиіс және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында болмағаны есепке алынады.

«Бізде 20 мамырда тізімдер қағаз түрінде басып шығарылып, учаскелерге берілді. 20-сына дейін тіркелгендер бұл тізімде бар, бірақ кейінірек тіркелген немесе осы күннен кейін 18 жасқа толған адам тізімде жоқ. Ол үшін учаскелерде арнайы қызмет ұйымдастырылған, бұл азаматқа электрондық базада өзін тексеруге мүмкіндік береді. Осының нәтижесінде 20 мамырда тізімге енбеген азаматтарды қосу жұмысы жүргізілді. Бұл қайтыс болғандарға да қатысты», деді Ж.Асанова.

«Тұрғындардың көпшілігі есептен шығару куәліктері бойынша дауыс береді, ал кейбіреулері топпен және бірдей киіммен келеді» деген шағымға келсек, спикер былай деп жауап берді: «Өмір болған соң адам өзіне қолайлы жерде тіршілік етеді. Адамның бүгін ауылда, ертең қалада өмір сүруі қалыпты жағдай.  Алматы – белсенді қала, мұнда шағын және орта кәсіп дамыған және тіршілікке қатысты өзге де кәсіп көздері өркен жайған. Осыған байланысты есептен шығару куәліктері бойынша көптеген мәселе туындады. Дауыс беруге келген қатысушылардың бірдей киіммен келгеніне таңғалуға болмайды. Сайлау учаскелерінде киімнің белгіленген коды жоқ. Сіз кез келген киіммен келе аласыз. Бұл референдумның бір учаскесіне бірге келіп, дауыс берген бір ұйымның мүшелері екендігі айтпаса да түсінікті болар».

Сондай-ақ қала тұрғындарының бірі «референдум учаскелерінің бірінің кабинасында екі адам болған» деп шағымданды. Жанна Асанова біздің заңда өз бетінше дауыс бере алмайтын адамдарға учаскедегі адамның көмегін пайдалануға мүмкіндік беру туралы бап бар екенін атап өтті. Бұл тұлға комиссия мүшесі, журналист және бақылаушы бола алмайды. Бірақ сайлаушы басқа сайлаушыдан көмек сұрауға немесе сырттан біреуді шақыруға құқылы. «Мысалы, дауыс беруге екі адам келіп тұр, олардың бірінің көзі көрмейді. Екеуі де осы учаскеге тіркелген. Ер адам әйелінің көмегін пайдаланды. Кейін өзі дауыс берді. Бұл заңды бұзу емес», деп атап өтті Ж.Асанова.

Сондай-ақ спикер референдум учаскесінде болған тағы бір оқиғаны мысалға келтірді.

«Біз бақылаушылармен тығыз байланыстамыз. Әзірге түсінбестік орын алған жоқ. Бірақ, мысалы, шетелдік БАҚ өкілдерінің бірі учаскелердің біріне аккредитациясыз, картасыз келді, бұл – ресейлік ұйым. Олар учаскеге жіберілмеді. Елге келген шетелдік БАҚ ОСК-ға немесе СІМ-ге алдын ала аккредиттелетіні бұрыннан белгілі жайт», деп атап өтті Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрағасы.