Академик атында планета, қала, минерал, гүлдер, мұздық және тау шыңы, көшелер, кәсіпорындар мен мекемелер бар
Бұл күндері Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 115 жыл толуына орай «Қазақ жерінің ұлы ғалымы» атты көрме басталды. Қазақстан жер қойнауындағы байлықтарды кешенді зерттеген және оларды ашу істерін ұйымдастырған, сөйтіп, еліміздің минералдық-шикізаттық базаларын кеңейтуге баға жетпес үлес қосқан тұлға туралы көрме төрт бөлімнен тұрады. Кейінгі ұрпаққа академиктің тағылымды ғұмырын, ғылыми мұрасын Мемлекеттік орталық музей қорындағы және ғалымның мұрағатындағы жәдігерлер арқылы көрсетуді мұрат тұтқан көрме келушілерге көп әсер сыйлап отыр. Мәселен, «Өмірлік жолды таңдау» атты алғашқы бөлімде Қаныш Сәтбаевтың балалық шағы, Семейдегі мұғалімдер семинариясында оқуы және оның мұғалімдік қызметі, Том технология университетіндегі студенттік жылдарынан сыр шертеді. «Ғалым-геолог» бөлімі ғылыми-тәжірибелік қызметіне арналған. Фотоқұжаттар мен заттай экспонаттар ғалымның инженер-геолог, бөлім жетекшісі, Атбасар және Қарсақпай геология трестерінің бас геологы кезеңдеріндегі экспедициялық қызметімен, сондай-ақ, Жезқазған мыс және Байқоңыр көмір кен орындарында алғаш рет тұрақты геологиялық барлау жұмыстарын ұйымдастырғаны туралы баяндайды.Әсіресе, әлемдегі үш ірі мыс рудасы кен орнының бірі – Ұлытау-Жезқазған кен орнындағы қызметі туралы ерекше сыр шертеді. Айтқандай, ғалымның есімі Үлкен Жезқазған мен Геология институтына берілген. «Академик Қ.И. Сәтбаев – Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін салушы» бөлімі оның ғылыми қызметіне арналған. Бұл бөлім арқылы Сәтбаевтың қашан Қазақстан Ғылым академиясының алғашқы президенті болып тағайындалғаны туралы білуге болады. Ал «Мұра» бөліміне академиктің геология саласымен қоса басқа ғылымдарда, атап айтсақ мәдениет пен тарих саласында қалдырған еңбектері қойылған. Мұнан да бөлек, қазіргі жастардың көпшілігі ғалымның Ш.Уәлихановтың «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына қайтадан дайындап, Жезқазған-Ұлытау өңірінен көптеген мұраларды зерттеп, «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» атты еңбек жазғанын біле ме? Сол сияқты Сәтбаевтың қазақ орта мектебінің төменгі және жоғары сынып оқушыларына арналған «Алгебра» оқулығын дайындағаны, 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме енгізгені де қызығушылық туғызуда. Заңғар ғалымның есімімен Сәтбаев кіші планетасы, Қарағанды облысындағы қала, минерал, гүлдер, мұздық және тау шыңы, көшелер, кәсіпорындар және мекемелер аталады. Айтулы тұлғаның атында бірнеше сыйлықтар мен стипендиялар тағайындалған. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. ––––––––––– Суретті түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.Ауыл шаруашылығы саласында 142 миллиард теңге тиімсіз игерілген
Оқиға • Бүгін, 12:25
Ел мектептерінде медиация қызметтері пайда болады
Оқиға • Бүгін, 11:50
Сегіз жасар оқушы шахматтан Азия чемпионы атанды
Шахмат • Бүгін, 11:28
Ольга Рыпакова басшылық лауазымға тағайындалды
Спорт • Бүгін, 11:14
Қазақстанда педагогтер саны 8 мыңға артқан
Ұстаз • Бүгін, 11:03
Тоғыз қазақ боксшысы «алтын» үшін таласады
Бокс • Бүгін, 10:45