Аппараттық жиында егіс науқанының нәтижелері жайлы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Санаубаров баяндады: «Облыста көктемгі дала жұмыстары оңтайлы агротехникалық мерзімде аяқталды. Биылғы жылы көктемгі егіс көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 30,2 мың гектарға артып, 1 миллион 84 мың 900 гектар. Картоп 11,4 мың гектарға, көкөніс 52 гектарға егілді. Бұл да былтырғыдан көп. Мал азығы дақылдары 4,2 мың гектарға артып, 75,9 мың гектар», деп қорытындылады басқарма басшысы.
Шаруалардың сорт жаңартуға мән беріп, өнімділігі жоғары және элиталық тұқымдарды көбірек пайдаланатыны анықталды. Сонымен қатар егістік алқаптарының 40 пайызға жуығын минералды тыңайтқыштармен өңдеу жоспарланғаны атап көрсетілді. Бұған бірден-бір себеп - агротехнологияларды қолдану егіннің молаюына ықпал етуі.
Басқарма басшысының мәліметінше, қазірдің өзінде өсімдік өсірушілерге тұқым шаруашылығын дамытуға және минералды тыңайтқыштар сатып алуға 1,2 млрд теңге көлемінде субсидия төленген.
Облыстың 132 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егіс жұмыстарына аграрлық несие корпорациясы қаржылай қолдау көрсетті. Егіс алқаптарын шегірткеден қорғау мақсатында бюджеттен қаржы бөлінді. Жұмыс маусым айына жоспарланған.
Аружан Амангелді