Жүлдегерлер Қорқыт ата атындағы университеті, С. Аманжолов атындағы ШҚУ, Х. Досмұхаметов атындағы Атырау университеті, Тұран университеті, Satbayev University және Нархоз университетінің грант иегерлері атанды. Сондай-ақ турнирлерге қатысқаны үшін жастар грамоталармен, кубоктармен және 200 мыңнан 500 мың теңгеге дейін ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Білім және ғылым министрлігі дебат қозғалысын кеңінен насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі таңда елімізде 120 944 адамды қамтитын 6 778 дебат клубы бар. Олардың арасында оқушылар да, студенттер де бар.
«Елімізде оқушылар мен студенттердің дебат қозғалысы белсенді түрде дамып келеді. Екі жыл бұрын 4 405 мектеп және студенттік клубта 66 186 пікірсайысшы болса, бүгінде олардың саны 120 мыңнан асты. Олар сындарлы талқылау өнерін үйренеді, басқа дебатшылармен достық және сыйластық қарым-қатынас орнатады, сондай-ақ олар ой-өрісін кеңейтіп, шығармашылық белсенділіктерін арттырады. Биыл Балалар жылы аясында бес дебат турнирі ұйымдастырылады. Бүгінгі күні оның екеуі өткізілді. Оларға 500-ге жуық оқушы мен студент қатысып, кәмелетке толмағандарды оқыту, тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғаудың маңызды мәселелерін көтереді. Пікірсайыс қозғалысын дамыту мақсатында Білім және ғылым министрлігі дебат қозғалысының жобалық кеңсесін құрды. Бұл қозғалысты кеңінен насихаттау мақсатында әлеуметтік желілерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Жаңа мектепішілік дебат клубтары құрылып, облыстық және аудандық деңгейде үйлестірушілер анықталды, түрлі кездесулер, дөңгелек үстелдер, вебинарлар өткізіліп жатыр», деп түсіндірді ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шер.
Елімізде оқушыларды дебат өнеріне баулитын 100-ден аса маманнан құралған тәжірибелі пікірсайысшылар пулы құрылды. Сонымен қатар колледждер мен мектептерде дебат клубтарына жәрдемдесу үшін студент десантшылар ұйымдары жұмысын бастаған. Педагогикалық жоғары оқу орындарының барлығы еріктілер топтарын ашып, мектептерде тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізеді, турнирлерді ұйымдастыру кезінде волонтерлік көмек көрсетеді.
Одан бөлек, биыл Республикалық оқу-әдістемелік орталығы дебат клубтарының жетекшілеріне қолдау білдіру мақсатында пікірсайыс машықтарын дамыту тақырыптарында 35 вебинар өткізді. Оларға 3 мыңнан астам адам қатысты.
Аружан Амангелді