22 Сәуір, 2014

Шарайна

288 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Апатқа экипаж мүшелері кінәлі сияқты Шар-77 (1)Бұқаралық ақпарат құралдары апатқа ұшыраған оңтүстіккореялық «Севоль» паромының экипаж мүшелері мен жағалау күзеті қызметі арасында болған радиокеліссөздердің нұсқасын жариялады. Жарияланған ақпараттар бойынша, апат кезінде кемеде дүрбелең орын алған, ал экипаж мүшелері төтенше жағдайда нақты шешім қабылдауда қабілетсіздік танытқан. Апат жөнінде дабыл қағылғаннан кейін 29 минут өткенде, жағалау күзеті экипаж мүшелерінен жолаушылардың барлығы құтқару көкірекшесін кию қажеттігін өтінген. Ал экипаж мүшелерінің бірі бұған жауап ретінде эвакуация жағдайында жағалау күзетінің адамдарды құтқаруға мүмкіндігі бар ма, деп екі рет сұраған көрінеді. Полиция кеменің апатқа ұшыраған кезінде жолаушылардың туыс­тарымен телефон арқылы сөйлескен сөздеріне де талдау жүргізіп жатыр. «Севоль» паромы сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні апатқа ұшыраған болатын. Ұшақ шассиіндегі «жолаушы» Он алты жастағы америкалық жасөспірім ұшақ шассиінде отырып, Тынық мұхитының жартысын басып өткен. Бұл жөнінде «Ассошейтед пресс» агенттігі хабарлады. Жасөспірім қоршау арқылы Сан-Хосе (Калифорния штаты) әуежайы аумағына асып түсіп, ұшақ шассиіне барып жасырынған. Сонда отырып ол Сан-Хоседен Гавайдағы Мауи әуежайына дейінгі қашықтықты «ұшып» өтіпті. Ұшақ оттегі жетіспеушілігі қатты сезілетін 11 шақырымдай биіктікте ұшса да, әлгі бозбала тірі қалған. «Жолаушыны» әуе кемесі келіп қонған Мауи әуежайының қызметкерлері тауып алып, тиісті мекемеге тапсырған. Ал жасөс­пірім бұл әрекетке үйінен қашып шыққан соң барған көрінеді. Бір көшені Путиннің атына бермек Шар-77 (2)Бішкек тұрғыны орталық көшелердің бірін Ресей президенті Владимир Путиннің атына ауыстыруды ұсынды. Бұл бастаманың иесі Қырғызстанның режиссері Нұрлан Абдыкадыров. Режиссер өзінің ашық хатында В.Путинді «ХХІ ғасырдың көрнекті саяси көшбасшысы» деп атаған. Сондай-ақ, ол Ресей Қырғыз елінің экономикасын дамытуға ықпал ететіндігін де айтқан. Режиссер ашық хатын Қыр­ғызстан президенті А.Атамбаевтың атына арнапты. Бұл бастамаға республика басшылары қалай қарайтыны қазірге белгісіз. Қырық екі адам мерт болды Шар-77 (1)«Франс-пресс» агенттігінің хабарлауынша, Пәкістанның оңтүстігіндегі Синд провинциясында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан кемінде 42 адам мерт болды. Апаттық жағдай Пано-Акил қаласының маңындағы күрежолдың шетінде тұрған жүк көлігіне жолаушылар автобусының соғылуынан орын алған. Құрбан болғандардың көпшілігі әйелдер мен балалар екен. Жергілікті полицияның ақпараттарына қарағанда, 20-дан астам адам түрлі жарақаттармен ауруханаға жатқызылған. Апатқа негізінен автокөлік жолының бір жолағына жөндеу жүргізу үшін уақытша жабылғандығы себеп болса керек. Бұл елде автокөлік жолдарының сапасыздығынан жол-көлік оқиғалары жиі болып тұрады. Жириновский журналистерден кешірім сұрады ЛДПР жетекшісі Владимир Жириновский жексенбі күні «Россия-1» телеарнасының «Владимир Соловьевпен жексенбілік кеш» бағдарламасы барысында тіл тигізіп, балағаттаған «Россия сегодня» халықаралық ақпарат агенттігінің тілшісінен кешірім сұрады. «Жұма күні Думада БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап беру кезінде, бір қыздың қойған сұрағына өрескелдеу жауап қайтардым, – деді В.Жириновский. – Алғашында оны байқамадым, сөйтсем, оның аяғы ауыр екен. Мен одан, сондай-ақ өзім ренжіткен адам­­­дар­дың барлығынан кешірім сұраймын». ЛДПР жетекшісі 18 сәуір күні Мемдуманың ғимаратында журналистер алдына шығып, олар­дың сұрақтарына жауап қайтару кезінде, алдымен «Россия сегодня» агенттігінің тілшісіне, одан кейін әріптесіне болысқан «Интер­факс» агент­тігінің журналисіне дөрекі сөздер айтқан еді. Осыған байланыс­ты парламенттік журналистер Мемдума спикері С.На­рышкинге Жи­риновскийдің әрекетіне баға беру жөнінде үндеу жолда­ған болатын. Басшысынан осылай «кек» алды Шар-77 (3)Чиу Сян есімді қытайлық өзінің бұрынғы жұмыс берушісі Хун Бинге сары және қара түсті 1130 тірі үйрек балапанын жіберген. Жергілікті басылымдардың жазуынша, оның бұл әрекеті бұрынғы басшысының оның орындаған жұмысына тиесілі ақысын бермегендігіне көрсеткен қарсылығы болса керек. Балапандарды жөнелтпес бұрын Чиу Сян бұрынғы басшысының компаниясымен хабарласып, өзінің есебінен тірі балапандарды жеткізіп беруді өтініпті. Бірақ, ол әкелінген балапандар үшін есеп айырысудан бас тартқан. Полиция шақыртуға тура келген. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен әңгімелескеннен соң, Сян балапандарды жеткізуге кеткен шығын ақысын ғана төлепті. Ал Сян өзінің осы әрекетін мәжбүрлілік қадам деп түсіндірген. Қысқа қайырып айтқанда: Огайо штатында 70 жылға жуық некеде тұрған ерлі-зайыптылар бір тәулікте, яғни шамамен 15 сағаттай уақыт аралығында өмірден озды. 91 және 92 жастағы Хелен мен Кеннет Фелумлилердің жарық дүниеден өтуіне қарттық себеп болған. Ұзақ жылдан бері Австрия құқық қорғау органдарының іздес­тіруінде жүрген күдікті Зальцбург қаласындағы полиция бөлімшесіне келген кезінде қолға түсті. 59 жастағы ол полиция бөлімшесіне өзінің тергеуде жүрген-жүрмегендігін білу үшін бассұқса керек. Белгородтағы «Западный» банкінің бөлімшесін басып алған қарулы адам оның салымдарын төлеуге кепілдік берілген соң, өз еркімен берілді. Осы банкте оның 23 миллион рубльді құрайтын векселі бар екен. Ол аталған банк лицензиясының кері шақыртып алынатынын күні бұрын білген көрінеді. Оңтүстік Судандағы БҰҰ базасына қарулы адамдардың шабуыл жасауы салдарынан 48 адам құрбан болып, 60-тан астам адам зардап шекті. БҰҰ жанындағы АҚШ-тың тұрақты өкілі мұны «қарусыз адамдарға жасалған жауыздық» деп атады. Интернет материалдары негізінде әзірленді.